Өнер ұжымына құрмет көрсетті
Жақында Қазалы ауданында күйші, қобызшы, музыкант Махамбет және Романқұл Әуезовтер атындағы облыстық «Қастерлеп жүрсін өнеріңді ұрпағың» байқауы өткізілген болатын. Облыстық байқауға Сырдария ауданының атынан «Сәдуақасовтар» отбасылық ансамблі қатысып, жеңімпаз атанды.
Негізінен, облыстық байқау бірнеше рет ұйымдастырылып келеді. Биыл дәстүрлі түрде өткізіліп келе жатқан байқау «Әуезовтер» халықтық отбасылық ансамблінің жетекшісі, ҚР мәдениет саласының үздігі, халықаралық, республикалық байқаулардың лауреаты Арман Әуездің 55 жасқа толған мерейтойымен тұспа-тұс келді.
Онға жуық отбасылық ансамблдің ішінен үздік шыққан сырдариялық өнер ұжымын аудан әкімі Мұрат Ергешбаев қабылдап, құрмет көрсетті. Кездесуде аудан басшысы «Сәдуақасовтар» отбасылық ансамблінің шығармышылығына тоқталды.
– Сыр өңірі – талант пен өнерге бай өлке. Ел арасында «жыр елі» аталып кеткен мекеннен талай шайырлар мен жыр дүлдүлдері түлеп ұшты. Осы қасиетті топырақта дүниеге келген өнерлі жандардың арасында «Сәдуақасовтар» отбасы – ауданымыздың мақтанышы. Өмірлерін өнер жолымен байланыстырған әулеттеріңіз ел мәдениетінің дамуына зор үлес қосып келеді. Бүгінде ата мұрасын өнерлі ұл-қыздарыңыз жалғастыруда. Өздеріңіз негізін қалап, бүгінде құрамы әулеттегі өнерлі немерелермен толыққан отбасылық ансамбль халыққа қызмет етуде. Кез келген халықты мәдениеті мен өнері арқылы танып, бағалайды. Елдігіміздің басты нышаны – ғасырлар бойы атадан балаға мұра болған ұлттық қазынамызды ұрпаққа жеткізу жолында аудан мәдениетінің көкжиегін кеңейтіп жүрген Сіздер төл өнеріміздің дамуына күш-жігерлеріңізді салып келесіздер. Сондықтан, ауданымыздың мәдениеті мен өнерін өркендетудегі қызметтеріңіз үшін шынайы алғысымды білдіремін, – деді аудан басшысы.
Өз кезегінде аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұса Келдібаев сөз алып, өнер ұжымына шығармашылық табыс тіледі. Сонымен бірге, отбасалық ансамблдің жетекшісі Сансызбай Сәдуақасов пен ұлы Марат Сәдуақас ерекше құрмет көрсетіп жатқан атқарушы билік өкілдеріне алғысын айтты.
Айта кетейік, «Сәдуақасовтар» отбасылық ансамблі облыстық байқауда Мүлкаман Қалауовтың күйі «Той», халық әні «Қарай көзім», жеке дауыста Қаламқас Сәдуақасова, Виктор Зубковтің «Встреча», Бақтыбайдың күйі «Әуен» шығармаларын орындады. Негізінен, «Сәдуақасовтар» отбасылық ансамблі 1998 жылы құрылған. Құрамында 15 мүше бар. Аудан атын республика көлемінде шығарып жүрген отбасылық өнер ұжымына дәстүрлі және патриоттық әндендерді ұлттық нақышта орындап келеді.
Балтабай ОРДАБЕКОВ