Отбасылық ансамбль биік тұғырда
Жыл сайын Қазалы ауданында Роза Бағланова атындағы аудандық мәдениет үйінде қобызшы, музыканттар Махамбет және Раманқұл Әуезовтердің атындағы «Қастерлеп жүрсін өнеріңді ұрпағың!» атты дәстүрлі облыстық халықтық отбасылық ансамбльдердің байқауы өтеді. Биыл байқау республикалық деңгейде ұйымдастырылды.
Республика бойынша өнер байқауына жеті халықтық атағы бар отбасылық ансамбльдер қатысып, бақ сынады. Ақтөбе облысынан екі ансамбль, Атыраудан, Тараздан бір-бірден және Қызылорда облысынан Арал, Шиелі, Сырдария ауданынан үш ансамбль өнер көрсеткен байқауға Сырдария ауданынан Сәдуақасовтар халықтық отбасылық ансамблі қатысты. Есімі республикаға белгілі Сандыбай Сәдуақасов басқаратын «Сәдуақасовтар» отбасылық ансамблі өнер додасында үздік өнер көрсетіп, бірінші орынды жеңіп алды. Сырдариялық ансамбль байқау шарты бойынша Шал Мырзаның күйі «Мереке», Тәңірберген Қалауовтың «Қызылорда вальсі», жеке дауыста Жандос Сансызбаев, Тамариннің «Музыкальный привет», халық әні «Харарау», жеке дауыста Аружан Сәдуақасова, Бақтыбайдың «Әуен» күйін, жалпы бес шығарманы орындады.
– Жыл сайын отбасымызбен дәстүрлі түрде өтетін байқауға қатысып, өнер көрсетеміз. Бұл – бір жағынан, шығармашылық ізденіске есеп берудің көрінісі болса, екінші жағынан, өнер десе ішкен асын жерге қоятын, ән мен күйге ерекше сүйсінетін, бағалайтын тындармандарымызға қуаныш сыйлау. Отбасымызда жұбайымнан бастап, балаларым, немерелерімнің барлығы өнерлі, музыкалық қабілетімен қатар арнайы білімдері де бар музыканттар, түрлі аспаптарда ойнайды. Келіндерім де басқа салада еңбек етсе де, өнерге жақын жандар. Міне, біздің халықтық отбасылық ансамбльдің өнеріне жоғары баға берген Қазалы жұртына айтар алғысымыз мол. Өнер бар жерде адам ешуақытта рухани аласармайды. Алдағы уақытта да осындай байқауларға қатысып, өнерімізді тамашалайтын боласыздар, – дейді халықтық отбасылық ансамбльдің жетекшісі әрі Сәдуақасовтар отбасының отағасы Сандыбай Сәдуақасов.
Айта кету керек, дәстүрлі облыстық халықтық отбасылық ансамбльдер байқауында Сырдариялық Сәдуақасовтар отбасылық ансамблі үздік өнер көрсетіп, екі мәрте бас жүлдені жеңіп алған болатын.
Бибісара ЖАНӘЛІ