Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » » Өнер иелерінің көрерменге тартуы

Өнер иелерінің көрерменге тартуы

Апта ағымында Сырдария ауданың 95 жылдық мерейтойы аясында мәдени-көпшілік іс-шаралар жалғасын тапты. Мәселен аудан өнерпаздары жеке шығармашылық кештерін ұйымдастырып, жергілікті халықтың ыстық ықыласына бөленді. Ең алдымен, «Сәдуақасовтар» халықтық-отбасылық ансамблінің «Шаңырағым – шаттығым» атты кеші шымылдығын түрсе, одан кейін «Ритм» халықтық вокалды аспаптық ансамблінің «Сазға толы сырлы әндер», жас әнші Динара Жәкешованың «Әнім – әлемім» тақырыбында концерті өткізілді.

Биыл «Сәдуақасовтар» халық­тық-отбасылық ансамблінің құрыл­ғанына 25 жыл толып отыр. Мә­дениет саласының майталманы Сансызбай­ Сәдуақасов өнерлі отбасы мүшелерінің басын құрап, ансамбль ретінде 1998 жылы облыстық «ІІ Наурыз шапағаты» фестиваліне қатысқан болатын. Содан бері ел-халықтың зор қошеметіне бөленіп келе жатқан өнер ұжымына аудандық мәдениет және спорт бөлімі басшысының міндетін атқарушы Жеңісбек Төрәлиев жылы лебізін білдіріп, аудан әкімі Берік Сәрменбаевтың «Алғыс хатын» тапсырды. Сонымен қатар өнер майталмандарына ерекше құрмет көрсетілді. Өз кезегінде өнер ұжымы ансамбль репертуарындағы үздік шығармаларды орындады.

Осыдан 50 жылға жуық уақыт бұрын ең алғаш әнсүйер қауымның назарына іліккен «Ритм» вокалды аспапты ансамблінің құрамы әр буын сайын жаңарып отырды. Осыдан 11 жыл бұрын халықтық атағын алған ансамбль жетекшісі – жергілікті сазгер Марат Қошық. Шығармашылық кеш барысында әлемдік хит пен қазақ әндерін шырқаған өнерпаздар жиналған қауымның жоғарғы бағасына ие болды.

Ал жас әнші Динара Жәкешова­ның «Әнім – әлемім» тақырыбындағы ән кеші лирикалық туындыларға толы болды. Талантты өнерпаз ән әлемінде өзіндік орнын қалыптастыра білгенін кезекті рет дәлелдей түсті. Негізінен, Динара Жәкешова – Шаған ауылының тумасы. Өнер иесіне жерлестері атынан «Шаған-Жер» ЖШС-нің төрағасы Жеңісбек Сыздықовтың арнайы құттықтау хаты мен сый-сияпаты табысталды. Сырдарияның бұлбұл үнді әншісі жеке дауыста және әріптестерімен бірге өнер көрсетті.

– Біз өнерімізді ел ішінде жүріп дамытып келеміз. Тарихы тереңде жатқан ауданымыз өркендей берсін. Шығармашылық кештерімізді өткізу арқылы халық алдында есеп беруге мүдделіміз. Өз кезегінде барынша қолдау көрсеткен жандарға алғысымды айтамын. «Ритм» вокалды аспапты ансамблі мүшелері мен жас әнші Динара Жәкешованың өнерін жоғары бағалаймын, – дейді мәдениет саласының майталманы Сансызбай Сәдуақасов.

Балтабай ОРДАБЕКОВ
02 желтоқсан 2023 ж. 265 0