Жүрек төрінен орын алған кеш
Жақында Сырдария ауданың 95 жылдық мерей тойы аясында «Сәдуақасовтар» халықтық-отбасылық ансамблінің «Шаңырағым – шаттығым» тақырыбында шығармашылық кеші өткізілді. Аудандық мәдениет үйінде шымылдығын түрген кешке аудандық мәслихат депутаты Алмас Есназар, аудандық мәдениет және спорт бөлімі басшысының міндетін атқарушысы Жеңісбек Төрәлиев, жергілікті тұрғындар қатысты.
Биыл «Сәдуақасовтар» халықтық-отбасылық ансамблінің құрылғанына 25 жыл толып отыр. Мәдениет саласының майталманы Сансызбай Сәдуақасов отбасы мүшелерін өнерге баулып, шығармашылықтың шыңына шығуға ұмтылды. Өз кезегінде кешті ашқан аудандық мәдениет және спорт бөлімі басшысының міндетін атқарушы Жеңісбек Төрәлиев өнер иелеріне жылы лебізін білдіріп, аудан әкімі Берік Сәрменбаевтың «Алғыс хатын» тапсырды.
– Берекесі тасыған Сырдария ауданында өзіндік сүрлеу жолы бар «Сәдуақасовтар» халықтық-отбасылық ансамблі көпшіліктің қошеметіне ие. 1998 жылы өнер ұжымы құрылған уақытта «ІІ Наурыз шапағаты» фестиваліне қатысып, бас жүлдені жеңіп алған болатын. Қазіргі уақытта ансамбль құрамы жаңарып, репертуарында сан алуан туынды жарыққа шықты. Біз Сансызбай Сәдуақасов ағамыздың еңбегін жоғары бағалаймыз. Олардың өнерін барынша насихаттауға өз үлесімізді қосамыз. Республикалық, облыстық деңгейдегі байқаулардың жеңімпазы атанған отбасы мүшелеріне шығармашылық табыс тілейміз, – деді Жеңісбек Үсенұлы.
Тағылымы мол кеш барысында ансамбль мүшелері «Саранжап», «Әуен», «Музыкальный привет», «Мелодия», «Мереке», «Көңілді арбакеш», «Атырау», «Тарантелла», «Суламит» күйлерін тамылжыта орындады. Сонымен қатар жас әншілердің орындауындағы «Той базар», «Ақ мамам», «Сен қасымда болмасаң», «Алтын ұям» әндері жиналған жұртшылықтың көңілінен шықты.
Кеш соңында аудандық әйелдер кеңесінің төрайымы Ұлмекен Жанәлиева сөз сөйлеп, аудан жұртшылығы атынан «Сәдуақасовтар» халықтық-отбасылық ансамбліне ерекше алғыс айтты.
Балтабай ОРДАБЕКОВ