Сазға бөлеген «Сәдуақасовтар» ансамблі
ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мерекесі аясында аудандық мәдениет үйінде «Сәдуақасовтар» халықтық-отбасалық ансамбілінің «Шаңырағым шаттығым» тақырыбында шығармашылық концерті өткізілді. Шығармашылық кешке аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Жеңіс Төрәлиев, кеш қонақтары қатысты.
«Сәдуақасовтар» халықтық-отбасылық ансамбілінің өнер ұжымында 15 адам бар. Отбасылық ансамбльдің құрылуына «ҚР Мәдениет саласының үздігі», «ҚР Білім беру ісінің үздігі», «Сырдария ауданының Құрметті азаматы» Сансызбай Сәдуақасов бастамашы болған. Алғаш рет киелі сахнаға осыдан 23 жыл бұрын шыққан ансамбль мүшелері жергілікті халықтың ыстық ықыласына бөленіп келеді.
Кеш барысында «Сәдуақасовтар» халықтық-отбасылық ансамбілінің орындауында «Саранжап», «Той», «Әуен», «Мелодия» музыкалық шығармалары көпшілікке ұсынылды. Сонымен бірге, жас әнші Қаламқас Сәдуақасова мен Нұрай Сәдуақасова, Мирас Сәдуақасов «Той базар» мен «Сәлем саған, туған жер», «Құтты ұям», «Бірлігіміз жарасқан» әндерін шырқады. Өз кезегінде жарасымды жұп Жандос Сансызбаев пен Гүлжанат Мұсаханова «Сен қасымда болмасаң», «Нурикамал» әндерімен, Ғалымжан Сансызбаев «Атырау» күйімен тыңдарман жүрегіне жол тапты. Кеш қонақтары «Балауса» халықтық би ансамбілі «Шаттық» биімен қойылым қойды.
– Біздің отбасымыз халық шығармашылығымен айналасып келе жатқанына ширек ғасырдан аса уақыт болды. Жыл сайын дәстүрлі түрде халық алдына шығып, есеп беру кешімізді өткіземіз. Отбасы мүшелері жан басымен толығып, жаңаша серпін алып келеміз. Жеті нотаға құралған ән өнерін ұрпағымызға үйретіп, репертуарымызға түрлі жанрдағы шығармаларды қосып жатырмыз. Адам ұрпағымен мың жасайды. Осыған дейін қол жеткізген жетістіктерімізде «Сәдуақасовтар» халықтық-отбасылық ансамбілінің мүшелерінің үлкен еңбегі бар. Қазіргі таңда тыңдарманның талғамы өзгеше. Заман көшіне ілесіп, тың жобаларды жүзеге асырудамыз, – дейді ансамбль жетекшісі Сансызбай Сәдуақасов.
Айта кетейік, «Сәдуақасовтар» халықтық-отбасылық ансамбілі – облыстық, республикалық байқаулардың жеңімпазы. Мәселен, ансамбль жақында Қазалы ауданында өткізілген күйші, қобызшы, музыкант Махамбет және Романқұл Әуезовтер атындағы облыстық «Қастерлеп жүрсін өнеріңді ұрпағың» байқауында бас жүлде иеленіп, мерейлері артқан.
Балтабай ОРДАБЕКОВ