Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » » "МЕН ҚАЗАҚТЫҢ ҚЫЗЫМЫН"

"МЕН ҚАЗАҚТЫҢ ҚЫЗЫМЫН"

Қазақтың ән өнері тіл байлығымыздың кеңдігі секілді өзінше бір әрі мен нәрі бойына тараған қазақы иісі бар, ән әлемінде, өнерде алар белесімізді өрнектеп көрсетеді. Әуелеген ән тыңдарман жүрегіне таланты мен талабы зор әншілер арқылы жол табады. Ал ондай өнерлі жандар кішкентайынан көпшілік алдында сыналып, киелі сахнамен шыңдалып, биік белестерді бағындырмақ. Көңілдің ажарын көтеріп жүрген осындай талантты жас өрендердің бірі қоғалыкөлдік Мақаш Қасиет мереке қарсаңында «Мен қазақтың қызымын» атты ән кешін өткізді.
Халықаралық, республикалық байқаулардың жеңімпазы Мақаш Қасиет ән әлемінде талантымен тамсантып, дарынымен ерекшеленіп, тыңдарманның сүйіспеншілігіне бөленіп жүрген жас әншілердің бірі. Облыстық конкурстардың лауреты бүгінге дейін көптеген байқауларға қатысып, өз өнерімен тәнті етіп келеді. Жас өрен 2016 жылы 8 жасында Грузияның Поти қаласында өткен халықаралық «Фазизи бала дауысы» байқауына қатысып, жүлделі І орынмен елге оралды. Ал өткен жылы Болгарияда өткен халықаралық балалар шығармашылығына арналған ән байқауында ІІІ дәрежелі дипломмен марапатталды. Мұнан бөлек, облыстық, аудандық байқауларға да қатысып, әсем әнімен көпшілік көңілінен шығып келеді.
Сырдария ауданының 90 жылдығына және ардақты жандардың мерекесіне орай өткен шығармашылық ән кешінде талантты қыз туған жер, аяулы жандарға, бүлдіршіндерге  арналған әндерді шырқады. Ауыл мақтанышына айналған жас әншінің көрерменге  тарту еткен әндерінің бірқатары қоғалыкөлдік сазгер Ермекбай Әдікеновтің туындылады. Атап айтқанда, осы кеште Қасиет сазгердің «Менің әжем», «Мен қазақтың қызымын», «Тәй-тәй басқан балапан», «Әриәйдай» секілді әндерін орындады. Бұдан бөлек, ол лирикалық әндерді де орындап, көрермен қошеметіне ие болды. Сондай-ақ, талапты жас әкеге, анаға арналған әндерді әуелете шырқады.
Қоғалыкөл ауылдық клубының ұйымдастыруымен өткен ән кешіне жиналғандар жас таланттың өнерінің өрлей беруіне тілектестіктерін білдіріп, сый-құрмет көрсетті. Жалпы, небір таланттар шыққан ауыл өнерімен танылған жандардың өрге жүзуіне көп мүмкіндік жасайды, қолдау білдіреді. «Бұлақ көрсең, көзін аш» дегендей, шығармашылық кештерінің өтуіне мұрындық болып, өнерін халыққа паш етеді. Мұның өзі қанаты енді қатайып келе жатқан талантты жандарға зор қолдау болары белгілі. Сондықтан өз шығармашылық кешін өткізген халықаралық байқаулардың жеңімпазы Мақаш Қасиеттің бағындырар белестері көп болсын демекпіз.

Е.БЕРКІНБАЕВ
05 наурыз 2018 ж. 1 393 0