Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » » Көпшілік көңілінен шыққан концерт

Көпшілік көңілінен шыққан концерт

Өнер фестивалі аясында Аманкелді ауылдық мә­дениет үйінің көркемөнерпаздары аудан орталы­ғында концерт ұйымдастырды. «Өнерпаз бол­саң арқалан...» атты думанды іс-шараға жиналған көрер­мен қарасы көп болды.

Концерт Аманкелді ауылының даму белестері мен тыныс-тіршілігінен сыр шертетін бейнебаянның көрермен назарына ұсынылуымен басталды. Мұнан соң сахна шымылдығы мың бұралған ауыл бишілерінің биімен түрілді. Би аяқ­талғанда фанфар беріліп, жүргізушілер керемет кештің көрігін қыздырды.

Өз кезегінде аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Жеңіс Төрәлиев пен Аманкелді ауылдық округінің әкімі Мейрамбек Нұрғалиев сөз сөйлеп, өнерді өрістетуге, мәдениеттің мерейін арттыруға үлес қосып жүр­ген ауыл өнерпаздарының шығармашылық ізденісіне сәттілік тіледі.

Іс-шарада халықаралық байқаулардың бірнеше дүркін жүлдегері Жанер­ке Науан, күйші Закир Советұлы, «ДО-СИ» вокалды аспапты ансамблінің сүйе­мелдеуімен жеке дауыста Сәулет Қайып ән мен жырдан шашу шашты. Ал Ғасырбек Шәпи, Ернар Жалғас, Сәулет Қайыптың орындауындағы терме мен әнші Батыржан Аманкелдиев, Нұрдәулет Төлепбергенұлының әсем әні көпшіліктің көңілінен шықты. Сонымен қатар Жандос Мәден мен Қалима Шілдебай саксафон мен қобыз үнін жаңғыртып, тыңдарман қауымның ыстық ықыласына бөленді.
Айта кету қажет, әуесқой сазгер, белгілі асаба Жомарт Ахметов – Аманкелді ауылының тумасы. Өнер иесі – «Аманкелді – ауылым» атты тамаша әннің авторы. Ауылға деген құрмет пен сүйіспеншілік, ілтипат пен іздет топтасқан әнді Нұрдәулет Төлепбергенұлы шырқады. Көпшілік көңілінен шыққан концерт осылайша ауыл өнерпаздарының төл туындысымен қорытындыланып, көрермен қауым көтеріңкі көңіл-күйде тарқасты.

А.СЕЙІЛОВ



15 наурыз 2022 ж. 505 0