Үйірменің үйретері көп
Ауылдық мәдениет үйінің жанынан құрылған хор және домбыра үйірмелеріне Ботагөз Қалиасқарова жетекшілік етеді. Ауыл балаларын талғамы биік өнер түріне баулып жүрген ұстаз оқушыларының талапты, ізденімпаз екенін айтады.
– Ауылда өзім ең алғаш рет Еңбек ері Абзал Ералиев ағайдың қолдауымен домбыра үйірмесін аштым. Үйірмеге 40 шақты оқушы келді. Соңында іріктеліп, 20 оқушы қалды. Үйірме жұмысы жақсы жүрді. Балаларды үйретіп бір жобаға келудің өзіне 2-3 жыл уақыт кетті. Сөйтіп жүргенде 2021 жылы ауылдық мәдениет үйі жанынан «Сұлу-ай» шығармашылық өнер орталығы ашылды. Мен мұнда хор және домбыра үйірмесін жүргіздім. Әр үйірмеде 20 баладан болды. Мәдениет үйімен біте қайнасып жұмыс жасадық. Түрлі іс-шараларға қатысып, байқаулардан жүлделі орындар алдық, – дейді үйірме жетекшісі.
Өзі жастайынан өнерге жақын болып, М.Төлебаев атындағы музыка колледжін, одан кейін Қазақ Ұлттық музыка академиясында білім алған Ботагөз Мұратханқызының еңбегіне ата-аналар да дән риза. Бүгінде «Илигай» балалар хоры мен «Самғау» домбырашылар тобының балалары өнердің қыр-сырын жан-жақты меңгеріп, кең көлемдегі байқауларда да бақ сынап жүр. Талапты балалардың екінші анасындай болған ұстаз әр оқушымен жеке жұмыс жасай отырып, өзіндік қырын, талантын байқайды. Өз ісіне деген сүйіспеншілік пен махаббат қашан да өз нәтижесін берері сөзсіз. Баласының үлкен жетістіктерге жеткенін көрген ата-аналар да ұстазға ақ тілегін жаудыратын көрінеді.
– Мәдениет саласындағы ең үлкен жетістігім осы балалар хоры мен домбырашылар тобының жұмысын жандандырып келе жатқаным деп білемін. Ұлттық өнерді ұрпақ бойына дарытып, келешек ұрпақты оң бағытта тәрбиелеуге үлес қосқаныма қуанамын. «Еңбекпен еккен бәйтерек терің тамса солмайды» дегендей, оқушыларым өте белсенді, ата-аналар да балаларының жетістігін көрген сайын қуанып, қолдау көрсетіп отырады, – дейді кейіпкеріміз.
Атап өткеніміздей, ауыл балалары өнерімен өрге жүзіп, бүгінгі таңда үлкен жетістіктерге жетіп үлгерген. 2023 жылы «Илигай» балалар хоры II облыстық «Шаттық» балалар хор ұжымдары конкурсынан жүлделі 3-орын алған. Ал домбырашылар 2020 жылы «Ұлттың ұлы мұрасы» атты халықаралық өнер-білім фестиваліне қатысып, жүлделі 3-орынды жеңіп алып, ауылдың, ауданның намысын қорғап жүр. Бұл жас өнерпаздардың осы күнге дейін жеткен жетістігінің бірнешеуі ғана. Ал Ботагөз Қалиасқарованың өзі үздік жетекші номинациясымен марапатталғанын айта кету орынды. VI республикалық «Жібек жолы» балалар және жасөспірімдер байқауынан оқушысы Нұршат Ешмұратованың 1-орын, Абат Бекайдаровтың 2-орын алғанын, сондай-ақ «Қазағымның мұрасы сен, домбыра» атты аудандық байқаудан Нұрислам Оразғали арнайы сыйлық пен Жансая Бекболатованың 3-орын иегері атанғанын да үлкен мақтанышпен айтып өтуге болады.
А.МҰХАНБЕТҚАЛИ