Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№ 98 газет

10 желтоқсан 2024 ж.

№97 газет

07 желтоқсан 2024 ж.

№96 газет

03 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Дәстүрлі өнерді дәріптеген үйірме

Дәстүрлі өнерді дәріптеген үйірме

Домбыра – киелі аспап. Қазақ ұлтымен бірге жасасып келе жатқан музыкалық аспап халқымыздың рухани жан серігіне айналған. Домбырамен тартылатын күй асыл мұралардың бірі болса, ән айту өнерінде ата-бабамыздан келе жатқан салт-дәстүріміздің бейнесі бейнеленген.

Ұлтымыздың рухани құндылығы саналатын, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан күй өнерін дәріптеу ауылдық клуб жанынан ашылған үйірмелерде жүзеге асуда. Ауыл балаларының бос уақытын тиімді өткізу мақсатында клуб жанындағы бірнеше үйірме оқушыларды өнерге баулып келеді. Сондай үйірменің қатарында домбыра үйірмесі бар. Домбыраның қос ішегінің күмбірімен шанағынан төгілген домбыра әуені – халық өнерін әлемге танытқан асыл құндылық. Қазақтың атақты күйшілері Құрманғазы, Дәулеткерей, Тәттімбет, Махамбет, Дина, Сүгірдің дәстүрлі жолын жалғаған ұрпақ бүгінде домбыра үйірмесінде тәрбиеленуде.

Қоғалыкөл ауылындағы клуб үйі жанындағы домбыра үйірмесі балаларға ғажайып өнерді үйретуде. Ашылғанына 10 жыл уақыт болған үйірмеге білікті музыка маманы Ерболат Айдарбекұлы жетекшілік етеді. Кәсіби маман алдымен Қазанғап атындағы музыкалық колледжді тәмамдап, жоғары білімді Қорқыт ата атындағы университетте алған.

– 2014 жылы ашылған үйірме оқушыларды ұлттық өнерге баулу мақсатында ұйымдастырылды. Үйірмеге домбыраға қызығушылық танытқан, домбыра үйренуге ынталы 4-6 сынып оқушылары тартылды. Қазір үйірмеде 20 оқушы дәріс алуда. Балаларды күй тартуға үйретіп, күй – қазақ ұлтымен, қанымызбен бірге жасап келе жатқан киелі мұра екенін ұғындырып келеміз. Ұлттық дәстүр мен салт-сана тағылымын жас жеткіншектердің бойына сіңіру алдымызға қойған мақсатымыз, – дейді үйірме жетекшісі.

Ерболат Айдарбекұлы – жас өнерпаздарға домбыра аспабын жақсы деңгейде меңгертумен қатар Қызылорда облыстық филармония жанынан құрылған Тұрмағамбет атындағы халық аспаптар оркестірінің әртісі болып жұмыс істейді. Білімі мен біліктілігін ұштастырған музыка маманы оқушыларды түрлі байқауларға қатыстырып, күйшілік өнерді насихаттап келеді. Өнерсүйер қауымға өнерпаздар өз шеберліктерін дәріптеп, таланттарын шыңдай түсуде. Үздік үйірме жетекшісі атанған ұстаз шәкірттерімен аудандық, облыстық байқауларға қатысып, жеңімпаз атанды. Тәжірибелі ұстаз әр жылдары Қызылорда облыстық білім басқармасының Құрмет Грамотасымен, «Наурыз шапағаты» өнер фестивалінің лауреаты атағымен, аудандық күйшілер байқауында үздік өнер көрсетіп, бас жүлдемен марапатталды. Республикалық «Дала сазы» байқауына өнерлі шәкірт дайындап, жас дарынның шеберлігін шыңдауға қосқан үлесі үшін Алғыс хатпен марапатталып, ауданда өнер мен мәдениетті дамытуға сүбелі үлес қосуда.

– Үйірме жетекшілері арасында үздік атанған үйірме жетекшісі балаларымызға домбыра үйретіп, ұлттық өнерді дамытуға үлесін қосып келеді. Ауылда өтетін әрбір мерекелік іс-шараға белсенді қатысатын жас домбырашылар қазақтың бірнеше күйін орындауға машықтанды. Соңғы жылдары оқушыларымен түрлі байқауларға қатысып, жетістіктерге жетіп жүр. Музыкаға қабілеті бар оқушылардың қазақтың домбырасын күмбірлете ойнауы өз ісінің маманы атанған Ерболат Айдарбекұлының еңбегінің арқасы. Болашақта жас өнерпаздар үлкен сахналарға шығып, өнерін көрсетіп, ауылдың атын шығаратынына сенеміз, – дейді ауыл тұрғыны Лаура Балтахожаева.

Күйді әдетте тылсым күшке ие әуен дейміз. Оның сыры – ғажаптығында, яғни айналаңдағы құбылыстың мән-мағынасын ұқтыратын, ерекше сезімге, ойға жетелейтін құдыретінде. Әрбір адамды жақсы өмірге, ізгілікке ұмтылдыратын күшінде. Күйді тыңдаған адамның бойында жамандық атаулы алшақтай түседі, жақсы қасиет қалыптасады. Ұлы ойшыл, ғұлама әл-Фараби домбыра туралы: «Қос ішек адамның денсаулығын жақсартып, өмірін ұзартады, күш-қуатын арттырып, батылдыққа баулиды» деп айтқан екен. Ал қазақтың ұлы жазушысы Мұхтар Әуезов: «Жалпы музыка атаулы нәрсе елдің сезім байлығы мен ішкі жаратылыс қалпын білдіретін болса, солардың ішіндегі ең толғаулы, ең терең сырлысы – күй» деп ерекше баға берген. Бұл сөз жоқ халқымыздың ежелгі мұрасына берілген жоғары баға.

Ауыл балаларын домбыра үйірмесінде ғажап өнерге баулып, шығармашылық ізденістің үстінде жүрген ұстаз осылайша балалардың домбыраға деген сүйіспеншілігін арттыруда.

Бибісара ЖАНӘЛІ
18 мамыр 2024 ж. 184 0