Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№96 газет

03 желтоқсан 2024 ж.

№95 газет

30 қараша 2024 ж.

№94 газет

26 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » Әріптес құрметіне құрылған ұжым

Әріптес құрметіне құрылған ұжым

Бесарық ауылдық мәдениет үйі жанынан «Сұлу-ай» шығар­машылық өнер орталығының «Ұлттық би» үйірмесі жұмыс жасайтындығын көпшілік жақсы біледі. Орталықтың құрамына кіретін үйірменің шәкірттері үлкенді-кішілі байқау­лардан топ жарып жүр. Мәдениет ошағында алғаш би үйірмесін ашқан уақытта Гүлсара Байғабылова ауыл жастарын би өнеріне тартқан болатын.

Өмірде біз ойлай бермейтін сан түрлі тосын жағдайлар орын алады. Әрқашан әріптестерінің ортасында жарық жұлдыздай жарқырап жүретін Гүлсара Байғабылова 2022 жылы кенеттен дүниеден озған еді. Үнемі ақкөңіл қалпынан таймайтын өнер иесі ауылдық мәдениет үйінде 8 жыл қызмет атқарды. Оның мәдени ұйымдастырушы ретінде қол жеткізген жетістіктері зор. Өткен жылы мәдениеттің шынарының құрметіне арналып, жас бишілерден тұратын «Гүлсара» би тобы құрылды. Орталық құрылтайшысы Анар Қалдыбаева жаңадан топ құрылған сәтте өз пікірін білдіріп, әріптесінің еткен еңбегін жоғары бағалады.

– Ең алғаш Бесарық ауылынан би үйірмесін ашуға ниет еткен кезімізде мінезі жарқын, кәсіби маман Гүлсара әріптесіміз басы-қасынан табылғанын жақсы білеміз. Үнемі жадыраған жүзінен жақсылық нұры есіп тұратын әріптесіміз ауыл балаларының бимен айналысуына жағдай жасады. Әрине, аяулы жаннан қапияда айырылып, қабырғамыз қайысты. Өзі негізін салған би үйірмесінің мүшелерінен құралған шығармашылық топқа Гүлсараның есімін беруді жөн көрдік. Алдағы уақытта «Гүлсара» би тобы ел игілігі үшін қызмет ететін болады. Біз мамандарымызға еркіндік береміз. Шығармашылық әлеуетін бағамдаймыз. Жұмысын саралаймыз. Бесарық­тағы үйірмені жүргізіп отырған Шапағат Жар­қын­бек бар мақтауға лайықты. Әрептестері оның болашағынан зор үміт күтеді, – дейді Анар Қалдыбаева.

Бүгінде жас та болса, талапты, кәсіби шеберлігі мол ұстаз Шапағат Жарқынбек үш топқа дәріс береді. 50-ден аса би өнерінің өрендері кіші, орта, үлкен топқа бөлінген. Жыл көлемінде республикалық, облыстық байқаулардың жүлдегерлеріне сах­на­лық киім демеушілер есебінен тіктіріліп берілді.

– Мемлекеттік бағдарламаның шапағатын көрген бишілеріміздің алар асуы әлі алда. Ауыл балалары өнерге жақын екендіктерін алғаш келген сәттен байқата білді. Күн­де­лікті сан халықтың биін балаларға мең­гертіп, ауылдың мақтаныштарын тәр­бие­леп шығу­ға барымды саламын. Біз 27 сәуір күні өткізілетін облыстық «Боз­торғай» бай­қауында бақ сынаймыз. Осы бастан қыздарымыз да­йын­дық­ты бастап кетті, – деді жас ұстаз.

Өткен жылы «Q-ART FEST» тақырыбындағы VIII рес­­пуб­ли­ка­лық өнер бай­қа­уында же­ңімпаздар қатарынан кө­рін­ген «Гүлсара» би то­бының аяқ алысына ата-аналар дән риза.

Балтабай ОРДАБЕКОВ

16 сәуір 2024 ж. 220 0