Ұлттық өнерді ұлықтаушы
Бүгінгідей аумалы-төкпелі заманда балалардың күш-жігері мен қызығушылығын дұрыс арнаға бағыттау аса маңызды екенін Мемлекет басшысы айшықтап өткен болатын. Еліміздің, оның ішінде ауылдың мәдени-рухани өркендеуіне өз үлесін қосып жүрген талантты өнерпаздар үйірмеден қанат қағатыны мәлім. Білікті әрі тәжірибелі маман Гүлназ Сералиева Асқар Тоқмағамбетов ауылдық клубында талай жыл бойы «Домбыра» үйірмесі бойынша ауыл балаларына домбырада ойнаудың қыр-сырын үйретіп, өнерге баулып келеді.
Бірнеше жылдан бері жергілікті халықтың баласын өнерге баулуға ықпал жасаған «Сұлу-ай» шығармашылық өнер орталығының өрендері көптеген белесті бағындырып келеді. Расында, бала қабілетін ашуда сан түрлі әдіс-тәсілге иек артатын сала мамандары қазақ халқының күй өнерінің шеберлігі мен ерекшелігін оларға үйретіп келеді. Жалпы аталған үйірменің басты мақсаты оқушылардың бос уақытын тиімді өткізу, шығармашылығын шыңдау, қызығушылығын арттыру, «нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ домбыра» демекші киелі домбыраның қыр-сырын үйрету болып табылады. Бүгінде үйірме қазақтың атақты күйшілерінің күйлері мен туындыларын балаларға үйретіп, түрлі байқауларға дайындаумен айналысады.
– 2013 жылдың қаңтар айынан бастап ауылда аудандық өнер мектебінің Асқар ауылдық филиалы ашылған болатын. Сол жылдан бастап ауыл балаларын қазақтың киелі күй өнеріне баулып келемін. Жүйелі жұмыстың нәтижесінде балалармен үлкен жетістіктерге жетіп, ата-аналардың алғысын арқалап келеміз. Қызмет барысында «Мирас» домбырашылар ансамблін құрдым. 2021 жылдан бастап ауылдық клуб жанынан «Сұлу-ай» шығармашылық орталығы ашылып, балаларға тегін үйірмеге қатысу мүмкіндігі берілген болатын. Балалармен жұмыс істегенді жақсы көремін, сол себепті де өнер мектебіндегі жұмысыммен бірге үйірме жұмысын қатар алып жүріп дәріс бердім. Үйірме жетекшісі қызметін атқарып жүрген кезімде «Сұлу-ай» шығармашылық өнер орталығының атынан облыстық, республикалық байқауларға балаларды қатыстырып, еңбегіміздің нәтижесінде бас жүлдеге, жүлделі орындарға ие болып жүрдік. Балалар әрқашан әр байқауға қызығушылықпен атсалысып қатысады, – дейді талай жыл үйірме жетекшісі қызметін атқарған Гүлназ Сералиева.
Асқар ауылдық клубының «Домбыра» үйірмесі туралы айтар болсақ, Гүлназ Сералиеваның есімін, елеулі еңбегін атап өтпеске болмас. Білікті маман ауыл клубында талай жыл бойы балаларға домбырада ойнауды үйретіп келеді. Қазақтың домбырасын жанына серік еткен Гүлназ Сералиева – Қазалы ауданының тумасы. Әкесі Шәмен қарапайым шаруа адамы болса да, музыкаға жақын болған. Үнемі жиын-тойларда баян және домбырамен ән айтып, күй шерткен. Осындай игі қасиетті бойына сіңірген Гүлназ Сералиева алғаш 10 жасында «Ерке сылқым» күйін орындайды. Осылайша, қызының бойындағы ерекше қабілетті байқаған ата-анасы өнерге баулиды. Отбасында ибалы келін бола білген Гүлназ Сералиева жары Ғалымжан Омаровпен 2 бала тәрбиелеп отыр. Үлкен шаңырақта отырған жарасымды жұп үлкендердің ақ батасын алуда. Ардақты ана, ардагер ұстаз Дана Омарова келініне қазақы дәстүрді жан-жақты үйретуде.
Саналы да білімді, өнерлі шәкірт тәрбиелегені үшін оған аудандық, облыстық, республикалық деңгейде марапаттар табысталған. Өз кезегінде шәкірттері де биік белестерді бағындырып келеді. Кәсіби музыкант Ақниет Базарбаева, Ақәділ Пернебаев, Еркежан Кеңесбайқызы, Азиз Темірбек секілді жас домбырашыларды мақтан тұтады.
«Ұлттық домбыра» үйірмесінің жетекшісі Гүлназ Шәменқызы бүгінде Сырдария аудандық өнер мектебінің директорының орынбасары қызметін атқаруда.
– «Майысып қос ішектен күй өткенде, ой туар жүрек түгіл сүйектен де» деп Жұмекен Нәжімеденов жырлаған болатын. Иә, домбыра қазақтың жан толғанысын, ішкі тебіренісін ерекше үнмен жеткізеді. Ұлттық аспапта ойнағанда тыңдаушы жүрегінен жол табуға тырысасың. Соңғы 23 жыл бойы шәкірт тәрбиелеп келе жатырмын. Қазыналы Қазалыдан осыдан 12 жыл бұрын жері ырысты, берекелі Асқар Тоқмағамбетов ауылындағы ұстаздар әулетіне келін болып түстім. Қазаны оттан түспеген ауылдағы №135 Асқар Тоқмағамбетов атындағы орта мектепте бір жылдары мұғалімдік қызмет атқардым. Өз кезегінде Алматы қаласындағы «Оқушылар сарайында» нәтижелі еңбек еттім, – дейді ұлағатты ұстаз.
Домбыра үйірмесінде жалпы 15 оқушы қамтылған. Үйірме аптасына үш рет, екі мезгілден болады. Алдағы уақытта осы үйірмені әрі қарай жандандыру жоспары жолға қойылған.
Алтынай ҚАЙРАТҚЫЗЫ