Ақ жаулықты аналар құрмет төрінде
Cұлу Сырдың бойында қоныс тепкен кез келген ауылдың қойнауында құндылыққа толы мұра көп. Өткен ғасырдан бері берекесі тасыған, қазаны оттан түспеген Аманкелді ауылынан бақ жұлдызы жанған, елдің ертеңі үшін қам жеген талай мықты түлеп ұшқаны баршаға аян.
Жақсы менен жайсаңның киелі ордасына айналған ауыл өмірімен бірге жасасқан «Жадыра» халықтық әжелер ансамблінің құрылғанына биыл 36 жыл толды. Өз кезегінде ауылдық мәдениет үйінің ұйымдастыруымен «Адал адам» мәдени-тәрбие тұжырымдамасының «Сұхбат time» жобасы аясында ансамбльдің осыған дейінгі жүріп өткен жолына тереңнен қаныға алдық.
Ерекше мәнге ие кеш барысында ауыл өмірін жан-жақты көрсете білген әдет-ғұрыптың жасалуы кеңінен дәріптелді. Ең алдымен, ауыл балалары ләңгі теуіп, арқан тартысты. Ақ жаулықты аналар күбіге айран пісіп, көпшілікке ыстық бауырсақ ұсынды. Жиналған қауым құрттың жасалуын тамашалап, майға салған таба наннан дәм татты. Аяулы аналар шашу шашып, ақын Жомарт Ахметов төңіректі арнау жырымен қамтып өтті. Бұл ретте, үнемі әзиз ананың қасиетті бас киіміне айналған кимешектің сан түрлісі таныстырылды. Бұрқыраған самаурынның шайын ішкен қазыналы қаттар өскелең ұрпаққа өсиет айтты.
Ал «Сұхбат time» жобасының қонағы ретінде аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Анар Қалдыбаева, аудандық әйелдер кеңесінің төрайымы Ұлмекен Жанәлиева, аудандық дене тәрбиесі, спорт және туризм бөлімінің әдіскері Жадыра Бағдатқызы және бесарықтық «Жаншуақты» халықтық әжелер ансамблі, кәсіпорын басшылары, ардагерлер шақырылды. Бұл ретте, «Жадыра» халықтық әжелер ансамблі жөнінде дайындалған бейнеролик көрсетілді. Шын мәнінде, 36 жыл бойы киелі сахнада өнер көрсеткен әжелер ансамблі құрамында Сапаркүл Есмағанбетова, Бисенкүл Иманбердиева, Әсия Бекетова, Шайзада Қайырова, Пернекүл Ахметова, Күлпатша Куликова, Назира Календарова, Перизат Мүбәракова болған. Десек те, мәдениет саласының майталманы Күлзакира Аманжолова жетекшілік еткен ансамбль тыныс-тіршілігін жақсы білетін Патыма Рахманқұлова, Перуза Сәтбаева, Ажаркүл Ахметованың бұл өмірде жоқтығына әріптестері көндігеді.
– Шындығында «Ауылда адам болса – ауыл ада болмайды, ел иесі бар болса – ел ала болмайды» деген тәмсіл бар. Бүгін біз ауызбіршілікпен бір арнаға ұйыса білген Аманкелді ауылы халқының айрықша дүниесіне куә болдық. Өнер айдынында қаз-қатар бірге жүрген асыл аналарға құрметіміз ерекше. Олар 8 жыл бұрын халықтық атағын сәтті қорғады. Ансамбль тарихына көз жүгіртсек, өнерлі ұжым осыдан 34 жыл бұрын «Ұлы Жеңіске – 45 жыл» атты облыста өткен Бүкілодақтық көркем өнерпаздар байқауында композициялық қойылымдар көрсетіп лауреат атанған. Сонымен қатар «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында қазақтың халық әндері мен Қазақстан композиторларының ең үздік шығармаларын халық арасында насихаттау мақсатында өнер ұжымы тынбай еңбек ете білді. Осы бағытта өнер ұжымының жұмысы «Қазақстан-Қызылорда» және «Қоғам ТВ», «Қазақстан ұлттық телеарнасы» мен «Мир» халықаралық телерадиокомпаниясы арқылы кеңінен насихатталды. Әр жылдары ауқымды, аясы кең байқаулардан топ жарған күміс күмей, жезтаңдай әжелер әркез ауыл мәдениетін көкке өрлете алған, – деді Анар Қалдыбаева.
«Сұхбат time» жобасында халық әндері шырқалды. Мән-мағынасы терең іс-шарада барлық мейман сөз сөйлеп, ансамбль мүшелеріне ақжарма тілегін жеткізді. Ақ жаулықты аналарға сый-сияпат ұсынылып, зор құрмет көрсетілді. Ізбасар ретінде құрылған «Ару аналар» ансамблі ізгілігі мол үлкендердің ақ батасын алып, «Жадыра» халықтық әжелер ансамблі ретінде қайта құрылды.
– Өмір ағын су секілді бір орнында тұрмасы анық. Ынтымақ-бірлігі, ауызбіршілігі көпке үлгі болған Аманкелді ауылында алғаш 1988 жылы ақ жаулықты аналар киелі сахнаға жарқ етіп шыға келді. Үйде ердің бабын тауып, үлкеннің күтімін жасаған ардақты ана біткен ән әлемінде барынша қалықтай түскеніне жергілікті халық куәгер. Әуесқойлықтан кәсіби деңгейге жеткен олар сан салада қызмет ете жүріп, өнерде өзіндік орындарын қалыптастырды. Ел-халыққа Аманкелдінің берекелі, пәтуәлі сөзімен танылған жұртшылығын, мәдениетін, әлеуетін, құндылығын көпке кеңінен таныстырды. Халық әндерін әуелете шырқап, қазақ сазгерлерінің шығармаларын өз орындауларында жарыққа шығарды. Музыкаға деген адалдықты, жанкештілікті іспен көрсетті, – деді ансамбль жетекшісі Күлзакира Аманжолова.
Іс-шара соңында Аманкелді ауылдық мәдениет үйінің директоры Гүлайна Нұртайқызы ансамбль мүшелері мен қатысушыларға шынайы алғысын жеткізді.
Балтабай АЯБЕКҰЛЫ