Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Ғалымдар кофенің пайдасын тапты

Ғалымдар кофенің пайдасын тапты

Күніне бір шыныаяқ кофе ішу жүрек соғу ырғағының бұзылуынан (жүрекшелердің фибрилляциясы – A-fib) зардап шегетін адамдар үшін қауіпсіз әрі пайдалы болуы мүмкін. Бұл туралы JAMA медициналық журналында жарияланған жаңа зерттеу қорытындысында айтылған, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

NBC NEWS-тің жазуынша, Калифорния университетінің ғалымдары жүргізген DECAF атты төрт жылдық зерттеу нәтижелері кофе ішу жүрек ырғағының бұзылу қаупін азайтуы мүмкін екенін көрсетті.

Зерттеу барысында АҚШ, Канада және Австралиядан 200 адам қатысқан. Олардың бір бөлігі кофеиннен бас тартса, екіншісі күн сайын кем дегенде бір шыныаяқ кофе ішуді жалғастырған. Алты ай ішінде кофе ішкен топта жүрек ырғағының қайта бұзылуы 47% жағдайда тіркелсе, кофе ішпегендер арасында бұл көрсеткіш 64% болған.

Біздің нәтижелер көрсеткендей, кофе ішу жүрек ырғағы бұзылған адамдар үшін қауіпсіз. Кей жағдайларда ол аурудың қайталануынан қорғай алады, – деді зерттеу жетекшісі, кардиолог доктор Грегори Маркус.
Дегенмен мамандар кофе мөлшерін сақтауға кеңес береді.

Күніне бір шыныаяқ кофе – қауіпсіз. Бірақ шамадан тыс тұтыну, мысалы, бірнеше кесе кофе мен энергетикалық сусындарды қатар ішу, кері әсер етуі мүмкін, – дейді Нью-Йорктегі Mount Sinai жүрек аурулары орталығының кардиологы доктор Джоанна Контрерас.

Мамандардың айтуынша, кофенің мұндай әсері оның құрамындағы қабынуға қарсы қосылыстармен немесе кофеиннің ағзаның адреналин жүйесіне әсер етуімен байланысты болуы мүмкін.

Фото: pixaby.com
10 қараша 2025 ж. 352 0