Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Спорт және туризм саласын дамыту бойынша арнайы мәжіліс отырысы өтті

Спорт және туризм саласын дамыту бойынша арнайы мәжіліс отырысы өтті

Облыс әкімнің орынбасары Мейрамбек Шермағанбеттің төрағалығымен спорт және туризм салаларын дамыту бойынша арнайы жиын өтті. Kyzylorda-news.kz

Мәжіліске қала және аудан әкімдерінің орынбасарлары, облыстық спорт және туризм басқармасының жауапты өкілдері мен спорт мектептерінің басшылары қатысты.

Күн тәртібінде өңірде туризм саласын ілгерлету, қала және аудандарда дене шынықтыру мен спорттың дамуы жөніндегі мәселелер қаралды. 

Аталмыш мәселелер бойынша облыстық дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ғабит Аяпбергенов баяндама жасап, облыстағы спорт пен туризм саласын дамыту бойынша атқарылған жұмыстарды атап өтті. 

Жалпы туризм саласы бойынша  осы жылдың ІІ тоқсанында  ішкі туристер саны 97 870 адамды құрап, өткен жылмен салыстырғанда 53,6%-ға артты. Ал сыртқы туристер саны 6 073 адамды құрап, өткен жылмен салыстырғанда 2 есе өсті.

Сондай-ақ туризм саласын дамытуға  салынған инвестиция көлемі 45,7 млрд теңгені құрап, жетіп, 98%-ға өсті. Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтай отырысында өңірлерде спорттық инфрақұрылымды дамыту туралы тапсырма берген болатын.

Осыған сәйкес Қызылорда облысында ауқымды жобалар жүзеге асты. Бүгінде облыста 342 223 адам, яғни халықтың 40,4 пайызы тұрақты түрде спортпен шұғылданады. Жалпы соңғы үш жылда өңірде спорттық инфрақұрылымды дамыту мақсатында 20 спорт кешені ел игілігіне пайдалануға берілді. Сонымен қатар қазіргі уақытта 13 стадионның үшеуі яғни Қазалы, Қармақшы, Шиелі аудандарындағы футбол алаңдары күрделі жөндеуді қажет етеді. Бұл нысандардың жөндеу жұмыстары 2026 жылдың наурыз айына дейін аяқталуы тиіс. Сондай-ақ, облыс бойынша 218 спорт нұсқаушысы бұқаралық спортты дамыту бағытында жұмыс істейді. Жалағаш ауданының штаттық үлгісі өзге аудандарға үлгі ретінде ұсынылды. Бұдан бөлек, мүгедектігі бар жандардың спортқа қатысу үлесі 18%-ға жетті. Осыған сәйкес, ерекше қажеттілігі бар жандардың кәсіби түрде спортпен айналысуларына жағдай жасау мақсатында арнайы жаттықтырушылық штаттар құру тапсырылды.

Сондай-ақ, алдағы уақытта барлық аудандарда балалар мен жасөспірімдер дене дайындығы клубтарын ашу жоспарланды.
Мәжіліс қорытындысында облыс әкімінің орынбасары Мейрамбек Шермағанбет жауапты тұлғаларға берілген хаттамалық тапсырмаларды мерзімінде әрі сапалы орындауды қатаң түрде тапсырды.
10 қараша 2025 ж. 298 0