Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Талантымен талайды тамсандырған

Талантымен талайды тамсандырған

Бү­гінде ауданымызда білімді, талантты, талапты жеткіншектер жетерлік. Елу жылдан аса тарихы бар «Өнер» мектебінің өнерлі жеткіншектерінің жеткен жетістіктері бір төбе.

Өлмес мұ­ра, өш­пес қазына са­на­латын қа­зақ халқының музы­ка өнерін жоғары қоя біл­ген жас таланттар аудан мерейін үстем ету­­де. Жеті нотаны жетік меңгерген жас балғындар Бекарыс Оразалы, Аяна Туранова, Асылай Ағыбай кәсіби тұрғыдан музыка саласына дағдылануда.

Киелі сахнада күмбірлете күй орындап, ауданның мақтанышына айналған Бекарыс Оразалы 7 жасынан бастап «Өнер» мек­тебіне қабылданған. Тарихы тереңнен сыр шертетін №36 Ә.Тәжібаев атындағы мектеп-лицейдің 3 сынып оқушысы сабағымен қатар өнерін бірге алып жүрген озат оқушы. Өнерімен көпшілікке танымал бола бастаған жас күйші Құрманғазы мен Тәттімбет тей күйші болуды армандайды. Талантты өнерпаздың жетекшісі өз ісінің маманы Талғат Сәдуақас шәкіртінің болашағынан зор үміт күтеді.

– Бекарыс берілген тапсырмаға ұқыптылықпен, зор жауапкершілікпен, бар құлшынысымен кіріседі. Талабы таудай Бекарыс 9 жаста болса да күрделі, қиын күйлер мен шығармаларды орындайды. Құдыретті өнердің қасиетін ұғынған шәкіртім келешекте қазақ елінің атын әлемге танытатын керемет өнер иесі, домбырашы болатынына сенемін, – дейді жетекшісі Талғат Садуақас.

Жас өнерпаз аудандық, облыстық, республикалық байқауларда топ жарып жүр. Атап айтқанда, ХIV халықаралық "Самға әуен" балалар байқауынан І орын, республикалық «Ұлы дала ұландары» байқауында бас жүлде, республикалық «Ақберен» байқауынан І орын иеленді. Мұнан бөлек халықаралық «Бозторғай» фестивалінің облыстық кезеңінің дипломанты атанды.

Скрипка мен фортепианоның тілін қатар меңгерген Аяна Туранова – №36 Ә.Тәжібаев атындағы мектеп-лицейдің 5 сынып оқушысы. Таланты мен қабілетін ұштастыра білген Аянаның мақсаты айқын, арманы асқақ. Талай жарыстан жүлделі орынмен оралған жас өнерпазға скрипкадан Роза Арғынбаева, фортепианодан Салима Усманова сабақ береді.

– Аяна өте талантты, табиғатынан алғыр. Қандай шығарма болсада тез игеріп, әркез ізденіс үстінде жүреді. Екі аспапты да жоғары деңгейде меңгеруде. Қатысқан байқауларынан жүлделі орын алып келеді. Байқоңыр қаласында өткен ІІ облыстық «Күй табиғаты» байқауында І дәрежелі лауреат атанса, республикалық «Ақберен» байқауынан І орын, республикалық «JasSTAR» балалар, жасөспірімдер және жастар фестиваль-конкурсында І дәрежелі дипломымен марапатталды. Фортепианодан да көптеген байқауларға қатысып, өз өнерін көрсетіп жүр. Қазақ сахнасында өнерімен талайдың жүрегінен орын алатын өнер адамы болатынына сенемін, – дейді білікті ұстаз Роза Арғынбаева.

Талантымен талай көрерменің көңілінен орын алған Асылай Ағыбай Шара Нұрадинованың шәкірті. Асылайдың өнерге деген қызығушылығын байқаған ата-анасы «Өнер» мектебіне 7 жасынан бастап берді. Алғаш қабылданған сәтінен бастап қабілетімен ерекшеленді. Талантты жас өнерпаз көнеден келе жатқан қазақ халқының музыкалық аспабы – қобызды жетік меңгеруде.

– Асылай Ағыбай №35 Иса Тоқтыбаев атындағы мектеп-лицейдің 3 сынып оқушысы. Мектептегі іс-шараларға белсенді қатысады, сыныбының білімді, алғыр оқушысы. Біліммен қатар өнерді қатар алып жүрген, болашағынан зор үміт күттіретін шәкіртімнің бірі, өте талантты. Үйреткен шығармаларды тез қабылдап алады. 2022 жылы қобыз сыныбына қабылданғаннан бастап аудандық, облыстық, республикалық байқаулардан жоғарғы орындардан көрінуде. Байқоңыр қаласында өткен ІІ облыстық «Күй табиғаты» байқауында ІІ дәрежелі лауреат атанды. Республикалық «Ақ шағала» байқауынан І орын, республикалық «Ақберен» байқауынан І орын иеленді. Сонымен қатар, «Асыл моншақ» қобызшылар ансамблінің мүшесі. Қобызшылар ансамблі республикалық «Алтын қазына шығармашылық» байқауына қатысып, бас жүлде алды. Асылай қазіргі таңда қазақ, шетел композиторларының шығармаларын орындап жүр, – дейді шәкіртінің қабілетін шыңдай білген ұстазы Шара Нұрадинова.

«Өнерге әркімнің-ақ бар таласы» дегендей, осындай талантты, өнерлі өнерпаздардың қатары көбейген сайын өнердің өрісі кеңейе түседі.


Таңшолпан ШАНЖАРХАНОВА
01 маусым 2024 ж. 142 0