Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Өнерлі өрендер бағындырған белес

Өнерлі өрендер бағындырған белес

Адам санасына сілкініс жасап, жан дүниеге ләззат сыйлайтын музыка өнерінде таланттарды тәрбиелеу маңызды. Құдіретті өнердің қасиетін ұғынған Сырдария аудандық әуез мектебінің шәкірттері көпшіліктің ықыласына бөленіп келеді. Нағыз өнер майталмандарының ізін жалғаған сырдариялық өрендер бойындағы қабілеттерін барынша шыңдау үстінде. Биылғы жылы жас өнерпаздар толағай жетістіктерге жетіп, аудан мерейін асыруда.


Бүгінде аудандық әуез мектебінде 9 бағыт бойынша 358 оқушыға 31 педагог дәріс береді. Сонымен бірге, әуез мектебінің Асқар Тоқмағамбетов, Қалжан ахун, Сәкен Сейфуллин, Қоғалыкөл елді мекендерінде филиалдары жұмыс жасайды. Келер жылы жарты ғасырлық мерейтойын атап өтетін өнер мектебінің негізін композитор Сәрсенбек Жүнісов қалаған.


Әуез мектебінің сыныптарында түр­лі музыка әуендері өзара үйлесім табады. Жеті нотаны жетік меңгерген жас балғындар кәсіби тұрғыдан музыка саласына дағдылануда. «Өнерге әркімнің-ақ бар таласы» дегендей, талғам жоғарылаған сайын өнердің өрісі кеңейе түседі.


– Келесі жылы аудандық әуез мектебінің 50 жылдық мерейтойы. Жарты ғасыр уақытта әуез мектебі зор жетістіктерге жете білді. Жыл сайын оқу жылының аяғында қорытынды концерт өткізу жолға қойылған. Биыл карантин талаптарын сақтай отырып, өнерпаздарымыз онлайн жарыстарға қатысуда. Пандемия уақытында жас балғындар нағыз өнер бәсекелерінде зор жетістікке жетуде, – дейді әуез мектебінің директоры Марат Сәдуақас.


Айта кету керек, аудандық әуез мектебінің шәкірттері барлық деңгейдегі байқауларға қатысып, жеңімпаз бен жүлдегерлер қатарынан көрініп жүр. Өлмес мұра, өшпес қазына саналатын қазақтың музыка өнерін жоғары бағалаған жас таланттар аудан мерейін үстем етуде. Биылғы жылы Қуаныш Жүнісов жетекшілік ететін домбыра сыныбының оқушылары Әсел Бәймен, Ернар Дүйсенбай, Жастілеу Әзірбек І республикалық «Uzdikter alemi» байқауының бас жүлде иегері атанды. Ал Талғат Сәдуақастың шәкіттері Рамазан Сейіткәрімов пен Нұрай Сәдуақас Украинада өткен халықаралық «Яркие таланты осени – 2020» байқауында І орынмен марапатталды.

Скрипка пәнінің мұғалімі Роза Арғынбаеваның шәкірті Аяна Тұранова І республикалық «Uzdikter alemi» және ІІ республикалық «Өнерге қанат қаққандар» байқауында бас жүлде иеленді. Сонымен бірге, Меруерт Астрахан «Өнерге қанат қаққандар» байқауында бас жүлдеге, Болгарияда өткен халықаралық «Звездные ступени» байқауында І орынға қол жеткізді. Аудан мерейін асырған оқушылар қатарында Мунира Ералиева ІІ республикалық «Өнерге қанат қаққандар» байқауында бас жүлдені жеңіп алды. Қобыз сыныбының мұғалімдері Шара Нұрадинова мен Сәрсенкүл Түгелбаева тәрбиелейтін шәкірттер Инабат Қайратқызы І республикалық «Uzdikter alemi» байқауында І орынға, ерекше өнерімен танылған Анар Дүйсенбай халықаралық «Ғұмырдария» байқауында ІІ орын иегері атанған. Баян сыныбының мұғалімдері Индира Қодарова мен Гүлнұр Искакованың талантты оқушылары Нұрәлі Бакішев халықаралық «Ғұмырдария» байқауында І орын жеңіп алса, Нұрасыл Сәдуақас І республикалық «Uzdikter alemi» байқауында бас жүлде алған. Осы байқауда бірінші орын еншілеген Ерсайын Айсин – үздіктер қатарынан көрінді. Сонымен қатар, Закида Шәмшібекова – ІІ республикалық «Өнерге қанат қаққандар» байқауының І орын иегері, Инабат Бақытқызы – ІІ орын иегері. Вокал сыныбының мұғалімі Гүлжан Досбаеваның шәкірттері Айым Нұрмұхамед республикалық «Жұлдыз» байқауынан ІІ орынмен, республикалық «Бақытты ел ұрпағы» атты байқауының бас жүлдегері атанып, шетелге жолдама алды. Вокал сыныбының талантты оқушысы Асанәлі Төребек – республикалық «Жұлдыз» байқауының ІІ орын иегері.


Сырдария аудандық әуез мектебінде аға буын өкілдерімен қатар жас мамандар да еңбек етеді. Жас маман дәстүрлі ән пәнінің мұғалімі Мұхамеджан Мансұров ұлы ақын Абай Құнанбаевтың 175 жылдығы аясында «Жас жүйріктер жырлайды» атты облыстық жастар мен оқушылар айтысына қатысып, үздік өнерімен бас жүлдені жеңіп алды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында Күдеріқожа Көшекұлының 200 жылдығына орай өткізілген «Күркіреп өткен Күдері» облыстық жазба ақындар мүшайрасында жүлделі ІІІ орын иеленді.


Бұл өнерлі өрендердің бағындырған биылғы белесі. Алдағы уақытта да рухани құндылықты кеңінен насихаттайтын әуез мектебінің өнерпаздары талай додаларда зор жетістікке жететініне сенімдіміз.

Балатабай ОРДАБЕКОВ 
10 қараша 2020 ж. 931 0