Атакәсіптен нәсіп тапқан
Қазақ халқының ежелден келе жатқан дәстүрлі кәсібінің бір түрі – төрт түлік мал өсіру. Қазіргі таңда да мал шаруашылығы ауыл тұрғындары үшін маңызды кәсіп. Тіршіліктің негізгі көзі саналатын ата кәсіпті дамытып келе жатқан жас кәсіпкер – Серікжан Оспанов.Нағи Ілиясов ауылының тұрғыны Серікжан Оспанов Мемлекет басшысының бастамасымен ауыл шаруашылығын дамыту мақсатында жүзеге асып жатқан «Ауыл аманаты» бағдарламасы арқылы өз кәсібін бастаған. 2,5 пайызбен жеңілдетілген несиеге қол жеткізген жеке кәсіпкер мал шаруашылығын қолға алып, өндіріс көлемін арттыру мақсатында негізгі екпінді асыл тұқымды мал өсіруге бағыттап отыр. Бүгінде «Ауыл аманаты» жобасы ауыл тұрғындарының игілігіне сәтті жүзеге асуда. Бұл бағдарламаның артықшылығы – халықтың табысын арттырып қана қоймай, ауыл шаруашылығын дамытуға, халықтың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған маңызды бастама.
«Мал баққанға бітеді» демекші, еңбекқорлық пен жауапкершілікті талап ететін бұл шаруашылықтың қыр-сырын Серікжан Оспанов бала кезден біледі.
– Кез келген істі бастамас бұрын сол шаруаны зерттеп, біліп жасаған дұрыс. Мал шаруашылығын қолға алғаннан кейін оларға арнайы күтім қажет. Таң азанымен жем-шөбін салып, суарып, баптау керек. Ауылдық жерде тұрғаннан кейін бала кезімізден әкемізден мал шаруашылығының қыр-сырын үйрендік. Бұл ауылда тұратын халықтың күнделікті күйбең тіршілігі десек те болады. Қолдан келетін тірлікті кәсіпке айналдыру бағытында «Ауыл аманаты» бағдарламасы арқылы несиеге қол жеткізіп, сиыр сатып алып, мал басын көбейтіп жатырмын. Келіншегім сиыр сауып, сүтінен қатық ұйытып, айран пісіп, құрт қайнатады. Сүт өнімдерін де қосымша кәсіпке айналдырып келеміз. Бұл – біздің кішігірім отбасылық бизнесіміз, – дейді кәсіпкер.
Еңбекпен есейген Серікжан Оспанов алдағы уақытта сиыр санын арттырып, ет бағытында да жұмыс жасауды жоспарлап отыр. Мал шаруашылығымен айналысудың басты артықшылығы – одан алынатын өнімдердің күнделікті өмірде қолданылуы. Ең бастысы, әр төрт түліктің бабын тапқан адам үшін бұл кәсіп – тіршіліктің көзі.
– Бұл кәсіптің өзіндік қиындықтары да бар. Сиырдың күнделікті жем-шөбін дайындау, суын беру, қора-жайды тазалау, ауа райының қолайсыздығына дайын болу және аурулардың алдын алу шаруадан үлкен жауапкершілікті талап етеді. Сондықтан мал өсіру – тек кәсіп көзі ғана емес, үлкен еңбекті қажет ететін кәсіп, – дейді Серікжан Оспанов.
Бүгінде «Ауыл аманаты» жобасы ауыл тұрғындарының игілігіне сәтті жүзеге асуда. Бұл бағдарламаның артықшылығы – халықтың табысын арттырып қана қоймай, ауыл шаруашылығын дамытуға, халықтың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған маңызды бастама.
Таңшолпан ҚАЛДЫБЕКҚЫЗЫ










