Еңбегімен елге танылған нар тұлға
«Елдің атын ер шығарады, ердің атын ел сақтайды» дейді халық даналығы. Туған жерінің топырағына табан тіреп, бар ғұмырын оның өркендеуіне арнаған азаматтардың есімі уақыт өткен сайын биіктей түседі. Елге сіңген еңбек ешқашан ескірмейді, халыққа жасалған жақсылық ешқашан ұмытылмайды.Қазақ даласының қай кезеңдегі тарихына көз салсақ та, ел тағдырына бейжай қарамай, туған жерінің дамуы үшін аянбай тер төккен азаматтардың өнегелі жолына кезігеміз. Олар – өз дәуірінің жүгін көтерген, заман талабына сай шешім қабылдай білген, қара басының қамынан халықтың мүддесін жоғары қойған нар тұлғалар. Осындай азаматтардың қатарында Социалистік Еңбек Ері, Ұлы Отан соғысының ардагері, ауыл шаруашылығы саласының көрнекті ұйымдастырушысы Алдаберген Бисенұлы Бисеновтің есімі айрықша аталады.
Ардақты азамат 1926 жылы Қызылорда облысы Жалағаш ауданының Аққұм ауылында дүниеге келген. Оның балалық және жастық шағы ел өміріндегі күрделі кезеңдермен тұспа-тұс келді. Қоғамдық өзгерістер, ауыл тіршілігінің ауыртпалығы жас жігітті ерте есейтті. Еңбек жолын жаңадан ұйымдасқан ұжымшарда табельші болып бастауы да оның қарапайым еңбек мектебінен өткенін көрсетеді. Еңбек адамды шыңдайды, ал жауапкершілік азаматты қалыптастырады. Алдаберген Бисенұлы жастайынан еңбекке араласып, ұйымдастырушылық қабілетімен, тиянақтылығымен көге түсті. Ол әр істің мәніне үңіліп, жұмысты нәтижелі атқаруға ұмтылды.
1944-1951 жылдары азаматтық борышын өтеп, Ұлы Отан соғысына қатысты. Жеңісті Германияның Магдебург қаласы түбінде қарсы алған жауынгер үшін соғыс жылдары үлкен өмір мектебі болды. Отан қорғау жолындағы ерлік пен табандылық оның азаматтық болмысын одан әрі бекемдеді. Соғыстан кейін елге оралған Алдаберген Бисенұлы ендігі жерде бейбіт өмірді қалпына келтіруге, туған өлкесінің экономикасын дамытуға белсене араласты. 1952-1955 жылдары Қызылорда ауыл шаруашылығы техникумында білім алып, оқу орнын үздік тәмамдаған ол білімін тәжірибемен ұштастыруға ұмтылып, 1955-1958 жылдары Жалағаш ауданындағы «Мәдениет» машина-трактор станциясында учаскелік механик, 1958-1960 жылдары «Еңбек» ұжымшарында бас инженер-механик қызметтерін атқарды. Техниканың тілін меңгерген, өндіріс жұмысының қыр-сырын жетік білетін маман ретінде қалыптасқан Алдаберген Бисенұлы көп ұзамай Алматы қаласындағы кеңшар директорларын даярлау курсынан өтіп, басқару ісінің қыр-сырын меңгерді. 1960-1962 жылдары Жалағаш ауданының «Жаңаталап» ұжымшарына басқарма төрағасы болып тағайындалып, кейін 1964-1972 жылдары осы шаруашылықтың кеңшар директоры қызметін атқарды.
Нағыз басшының болмысы қиындықты еңсерудің жолын табуынан танылады. Алдаберген Бисенұлы да шаруашылықты басқарған жылдары осы ұстанымды басшылыққа алды. Ол ауыл шаруашылығын дамытудың басты тетігі – өндірісті жетілдіру, техникалық мүмкіндіктерді тиімді пайдалану және жердің құнарын арттыру екенін жақсы түсінді. Сондықтан кеңшар жұмысын ұйымдастыруда механикаландыруға, озық техникаларды өндіріске енгізуге, тың егістік алқаптарды игеруге ерекше мән берді. Егін шаруашылығын өркендету үшін суармалы жер көлемін ұлғайтуға басымдық беріліп, жаңа каналдар қазылды. Мұның барлығы ауыл шаруашылығы өндірісінің ауқымын кеңейтіп, егін өнімділігін арттыруға мүмкіндік туғызды.
Бұл жұмыстардың нәтижесі өндірісті өркендетіп, ауыл тұрғындарының тұрмыс-тіршілігіне де оң әсерін тигізді. Жұмыс орындары көбейіп, ауылдың экономикалық әлеуеті нығайды, елдің әлеуметтік жағдайы жақсара түсті. Өндіріс басында жүріп, 1970 жылы Қазақ ауыл шаруашылығы институтын агрономия мамандығы бойынша тәмамдауы азаматтың білімге деген құштарлығын, мамандығына деген жауапкершілігін айқын аңғартады.
Адал еңбек қашан да құрметке лайық. Алдаберген Бисенұлының шаруашылықты дамытудағы еңбегі жоғары бағаланды. Ол Бүкілодақтық халық шаруашылығы жетістіктері көрмесінің алтын және күміс медальдарымен марапатталды. Есімі Қазақстанның «Құрметті Алтын кітабына» енгізілді. 1971 жылы оған Социалистік Еңбек Ері атағы берілді. Кеудесіне «Алтын Жұлдыз» медалі мен «Ленин» орденінің тағылуы – жылдар бойы атқарған қажырлы еңбегінің, ауыл шаруашылығын өркендетуге қосқан өлшеусіз үлесінің лайықты бағасы еді.
1972 жылы Алдаберген Бисенұлы Тереңөзек ауданының «ҚазССР-нің 50 жылдығы» атындағы кеңшарына директор болып тағайындалды. Бұл қызмет оның басшылық тәжірибесін одан әрі шыңдап, ауыл шаруашылығын дамытудағы мүмкіндіктерін кеңейте түсті. Жаңа шаруашылыққа келген күннен бастап ол өндірістің тиімділігін арттыруды, еңбек өнімділігін көтеруді және ауылдың әлеуметтік жағдайын жақсартуды басты міндет етіп қойды. Оның жетекшілігімен кеңшардың өндірістік көрсеткіштері айтарлықтай жақсарды. Әсіресе күріш шаруашылығында жоғары нәтижелерге қол жеткізілді. Егістіктің әр гектарынан 50-60 центнерге дейін өнім алынды. Бұл – жердің мүмкіндігін тиімді пайдаланып, еңбек пен техниканы дұрыс үйлестіре білген шаруашылық ұжымының табысы еді. Сонымен қатар мал шаруашылығын дамытуға да ерекше назар аударылып, кеңшарда тауарлы сүт кешені салынып, асыл тұқымды ірі қара өсіру жұмыстары қолға алынды. Қырғыздың Алатау тұқымды малдары да ет, сүт өндірісі ісіне зор ықпал жасады. Сөйтіп, «Бесөзек» ауылдық кеңесі Қазақ ССР-нің 50 жылдығы атындағы совхозда ет, сүт өндіру жоспары үнемі артығымен орындалатын болды.
Осылайша егіншілік пен мал шаруашылығын қатар өркендету арқылы шаруашылықтың экономикалық әлеуеті нығайтылды.
Осы мақаланы жазу барысында қолымызға сиясы кеппеген Ғабит Тұяқбаевтың құрастыруымен жарық көрген «Алдаберген Бисенов» кітабы тиді. Тұшына оқып, Алдаберген ағайдың нар тұлғасы және бір көз алдымыздан өткендей болды. Кітапта тағылымды тұлғаның ғұмырын танытатын естелік-эсселер, көркем-публицистикалық шығармалар жинақталыпты. «А.Бисенов директор болып келген алғашқы жылы пайдалануға берілген мектеп ғимараты ғана болатын. Ал жоспарланған Мәдениет үйінің жұмысы кенжелеп, ауқымды жиналыс әр жерде өткізілетін. Тез арада құрылыс қайта жанданып жүре берді. Ауылда жаңа көшелер сап түзеп, оларды іле-шала асфальттау жедел түрде жүзеге асты. Ауыл кеңесі сән-салтанатымен салынып, орталыққа айрықша ажар беріп тұрды. Сол арада сауда мен қонақ үй бой көтерді» депті есті естеліктер легі. Сондай-ақ ардақты тұлғаның азаматтығына куә болған жандар ауылда Алдаберген Бисеновтің басшылығымен жиырма бес орындық аурухана ашылып, тұрмыстың түзелгенін әлі күнге айта жүреді. Сонымен бірге ауыл орталығынан тұрмыс қажетін өтеу, сауда жүйелері үйлерін дұрыс қалыпқа келтіру істері бірінші кезекке қойылды. Осыдан кейін бір жыл өтпей-ақ, совхоз орталығындағы №132 Тельман атындағы орта мектептің үш қабат зәулім үйі пайдалануға берілді. Іле-шала совхоздың басқару аппаратына арналған көрікті үй де кеудесін көтере бой көтергені тілге тиек етіледі. Ауылға кіреберістен бастап орталық пен ауыл көшелеріне терек, Сыр талдары егіліп, ауыл көркі айшықтала түсті.
Ауылда ауызбіршіліктің үлгісі көрініс беріп, Алдекең басқарған жылдары ауыл алдыңғы қатарлы елдімекендер қатарына қосылды. 1975 жылы ауылға Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев арнайы атбасын бұруы да тарихи оқиға. Оған дейін Жоғарғы Кеңестің төрағасынан бастап министрлер мен депутаттарды, талай қонақты ізетпен қабылдап, құрметпен шығарып салып жүрген Алдаберген аға ол кезде де қысыла қоймады. Мемлекет және қоғам қайраткерін жақсылап күтіп алып, құрметті қонақтар ауылға, азаматтарға жоғары бағасын беріп кеткен еді.
Қоғамда үлкен жетістікке жеткен азаматтың өмір жолына үңілгенде, оның артында тұрған отбасының қолдауы мен түсіністігін де ескерген жөн. Өйткені ел алдындағы жауапты қызметтің, тынымсыз еңбектің, ұзақ жылға созылған күрделі міндеттердің артында отбасының сабыры мен жанашырлығы жатады. Алдаберген Бисенұлының өмірлік жары Зүбәйра Сейілқызы да осындай үлкен жауапкершілікті терең түсінген жан еді. Ол ерінің ел алдындағы қызметін бағалап, отбасының береке-бірлігін сақтауға, ұрпақ тәрбиесіне ерекше мән берді. Ерлі-зайыптылар ұл-қыздарының білімді, тәрбиелі, елге пайдалы азамат болып қалыптасуына бар күш-жігерін жұмсады. Балаларын адал еңбекке, үлкенді сыйлауға, кішіге қамқор болуға және туған жерді қадірлеуге баулыды. Бүгінде олардан тараған ұрпақ әулеттің өнегелі жолын жалғастырып келеді. Бұл – ата-ананың балаға қалдырған ең қымбат мұрасы. Себебі жақсы тәрбие мен өнегелі есім ұрпақ жадында мәңгі сақталады.
Тұлғаның ел алдындағы еңбегін бағалау – өткенге құрмет қана емес, келешекке көрсетілген өнеге. Осы орайда Алдаберген Бисенұлының есімін мәңгі есте қалдыру бағытында атқарылған жұмыстардың маңызы зор. Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2003 жылғы 3 қазандағы №1021 қаулысымен Жалағаш ауданының Аққұм ауылындағы №38 орта мектепке, сондай-ақ Тереңөзек кентінен бір көшеге Социалистік Еңбек Ері, Ұлы Отан соғысының ардагері Алдаберген Бисеновтің есімі берілді. Бүгінде бұл білім ордасында қайраткердің өмірі мен еңбек жолын жас ұрпаққа таныстыратын мұражай жұмыс істейді. Мұражайдағы тарихи жәдігерлер мен өмірбаяндық деректер – өткен дәуірдің шежіресі ғана емес, өскелең ұрпақты отаншылдыққа, еңбекқорлыққа, елге адал қызмет етуге тәрбиелейтін рухани қазына. Алдаберген Бисенұлы туралы әр жылдары бірқатар естелік және танымдық кітаптар жарық көрді. Атап айтқанда, 1979 жылы «Өрлеу жолында», 1996 жылы «Нар тұлға», 2004 жылы «Өнегелі өмір», 2005 жылы «Өмір өзен», 2006 жылы «Рухқа тағзым», 2012 жылы «Тұғырлы тұлғалар», 2013 жылы «Аққұм атақоныс», 2014 жылы «Тарих тағылым», 2015 жылы «Батырлар басқарған ауыл», 2016 жылы «Рухқа тағзым», 2017 жылы «Қалдырған ізің мәңгілік», 2018 жылы «Ел ардақтылары» атты еңбектер жарық көріп, қайраткердің өмірі мен қызметі туралы деректі фильм түсірілді.
Тарихи тұлғаларды ұлықтаудың ең үлкен мәні – олардың есімін атаумен ғана шектелмей, артында қалдырған еңбегін жас ұрпақтың санасына сіңіру. Осы тұрғыдан келгенде, Алдаберген Бисенұлының өмір жолы – мектеп оқушысына да, жас маманға да, ел басқару ісіне араласқан азаматқа да ой салатын өнеге мектебі.
Алдаберген Бисенұлы – соғыс жылдарының ауыртпалығын бастан өткеріп, бейбіт өмірдің берекесін еселеуге ғұмырын арнаған тарихи тұлға. Оның өмір жолында жауынгерлік ерлік пен еңбек ерлігі, кәсіби біліктілік пен азаматтық жауапкершілік, басшылық қабілет пен қарапайым адамға деген құрмет өзара сабақтасып жатыр. Ол туған жерінің дамуын жеке басының жетістігінен жоғары қойды. Қай жерде қызмет атқарса да, сол ортаның өркендеуіне, шаруашылықтың нығаюына, ауыл тұрғындарының әл-ауқатының жақсаруына күш салды. Жердің қадірін білді, еңбектің бағасын түсінді, адамның мұқтажын назардан тыс қалдырмады. «Адамның артында қалатын ең асыл мұра – халқына сіңірген еңбегі мен ұрпағына қалдырған өнегесі» деген сөз бар. Алдаберген Бисенұлының ғұмыры осы тұжырымның айқын дәлелі. Уақыт өте ұрпақ алмасады, заман өзгереді, бірақ елге қызмет еткен азаматтардың еңбегі ешқашан көмескі тартпайды. Өйткені нағыз тұлғаның биіктігі атақ-дәрежесімен емес, артында қалған ізгі істерімен өлшенеді. Алдаберген Бисенұлының өнегелі өмірі – соның жарқын көрінісі. Ол – еңбегімен елге танылған, ісімен тарихта қалған, есімі ұрпақ жадында жаңғыра беретін нар тұлға.
Балшекер ӨТЕГЕНОВА,
«Құрмет» орденінің, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, Сырдария ауданының Құрметті азаматы










