Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№83 газет

03 қараша 2026 ж.

№82 газет

29 қазан 2026 ж.

№81 газет

24 қазан 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
30 
» » Үлкен жүрек пен төзімділік иесі

Үлкен жүрек пен төзімділік иесі

Жақында кәсіби мерекелерін атап өткен ауданның әлеуметтік сала қызметкерлері толағай жетістікке жетті. «Сырдария аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің «Сырдария аудандық отбасын қолдау орталығы» мекемесінің әлеуметтік қызметкері Гүлнәр Майханова Астана қаласынан мерейлі марапатпен оралды. Сала маманы Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 35 жыл толуына орай «Даму» халықаралық инновациялық орталығының ұйымдастыруымен өткен «Үздік еңбек адамы» республикалық байқауына қатысып, І дәрежелі дипломмен марапатталды.

Байқау еліміздің әр саласында абыроймен еңбек етіп, еліміздің дамуына елеулі үлес қосып жүрген мамандардың кәсіби еңбегін қоғамда кеңінен дәріптеу мақсатында ұйымдастырылған. Байқаудың бірінші орын жүлдесін жеңіп алған сырдариялық Гүлнәр Ордашқызы өз мамандығының нағыз шебері, адал еңбек иесі екенін көрсетіп, қазылар алқасынан жоғары баға алды. Бұл әлеуметтік сала маманының көп жылғы ізденісі мен табанды еңбегінің жемісі.

–Әлеуметтік саладағы еңбек жолыма дейін түрлі жұ­мыс­­ты атқардым. Еңбекте шыңдалуым ата-анамның, үлкен отбасымызда тәрбиеленген барлық бауырларымның арқасы. Әкем Ордаш Майханов соғыс ардагері болды. Бейбіт өмірде ветеринария саласында қызмет еткен азамат. Анам Бақтыгүл Смағұлқызы алтын құрсақты Батыр ана, мейірімі мен парасаты бойына тоғысқан жан еді. Анам үй шаруасымен қатар ұрпағын ұлттық құндылық пен адамгершілік қасиетті үлгі еткен, еңбекқорлығымен дана болғаны жадымыздан өшпейді. Осындай ата-анамның берген тәрбиесінің арқасында бала кезімнен бойыма адалдықты, жауапкершілікті, еңбекке деген сүйіспеншілікті сіңіріп өстім, – дейді сала үздігі Гүлнәр Ордашқызы.

Аудан орталығындағы №36 орта мектепті бітірген соң, өмір жолын білім мен тәрбие саласына арнауды мақсат еткен жас түлек М.Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық жоғары колледжге оқуға түседі. Колледжден «Мектепке дейінгі тәрбие және оқыту» мамандығын алады. Кейін Шымкент қаласындағы Аймақтық әлеуметтік-инновациялық университетінде «Бастауышты оқытудың педагогикасы мен әдістемесі» мамандығы бойынша жоғары білім алып, кәсіби біліктілігін тереңдете түседі.

Үлкен жүрек пен жанашырлықты, сабыр мен төзімділікті талап ететін мамандықты жиырма жылға жуық атқарып жүрген Гүлнәр Ордашқызы мүмкіндігі шектеулі балалармен жұмыс жүргізеді. Жауапкершілігіндегі балалардың қоғамға бейімделуіне білім мен тәрбиені ұштастырып, тұлға ретінде қалыптасуына өз үлесін қосуда. Ол әлеуметтік қызмет саласында жүріп, тек өзгеге емес, өзін де рухани, әрі кәсіби тұрғыда дамытып, қоғамның белсенді мүшесі атануына күш салуда. Яғни елдік істің басы-қасынан табылып, кенттегі учаскелік сайлау комиссиясының мүшесі болды. Қазақстан Республикасы Мәжілісі мен жергілікті мәслихат депутаттарын сайлау науқанында, республикалық референдумдарға белсене қатысты. Бұл оның азаматтық жауапкершілігінің, мемлекеттік істерге деген адалдығының айқын көрінісі.

– Өмірде жақсы мен жаманды қатар көрдім. Көп қиындықты, денсаулығыма байланысты, отбасылық жағдайды, барлығын басымнан өткердім. Дегенмен қиындықтың уақытша екенін, ең алдымен адам өзін басқара білуі керектігін түсіндім.

Алдына мақсат қойған, алға жылжуды, дамуды басты ұстаным еткен адам ғана қиындықты жеңетінін білдім. Міне, қазірдің өзінде ерекше балалармен жұмыс істеудің тәсілін меңгердім деп отырмаймын. Түрлі іс-әрекет арқылы балаларға көмектескім келеді. Олардың әр сәтті қуанышпен қабылдауы, денсаулығында оң өзгерістің болуы біз секілді әлеуметтік сала мамандарына байланысты. Ұдайы ізденіс мені түрлі байқауларға қатысуға жетеледі. Талай марапат иесі де атандым. Бұл жолы «Үздік еңбек адамы» байқауының жеңімпазы болдым. Бұл жетістік маған одан сайын жауапкершілікті жүктейді. Атқарып отырған қызметімнің пайдасы қоғамға тиюі керек. Ешқашан болдым деп айтпаймын, алда биік белес пен мақсат бар, – дейді өз саласының білікті маманы.

Гүлнәр Ордашқызы 2024 жылы «Бизнестің әлеуметтік жауап­кер­шілігі» бағыты аясында Тереңөзек кентінде әлеуметтік бастама көтеріп, бір тұрмысы төмен отбасыға 500 мың теңге көлемінде демеушілік көмек көрсетілуіне ықпал етті. Бұл әрекеті оның қайырымдылық пен жанашырлықты өмірлік ұстанымына айналдырғанын дәлелдейді. Осындай игі бастамаларының арқасында, еңбегі еленіп, аудан әкімінің, аудан әкімінің орынбасарының, «Сырдария аудандық мүгедектер қоғамы» Үкіметтік емес ұйымының алғыс хатымен марапатталды. Сол жылы «Ұлт тұлғасы» атты энциклопедияға есімі енді. «Еңбек даңқы» төсбелгісінің иегері атанды.

– Гүлнәр Ордашқызы – кәсіби адалдықты, адамгершілікті, қоғам­дық жауапкершілікті және ұлт­тық құндылықты бойына тоғыстырған маман. Оның өмір жолы – қарапайым ауыл қызынан елге қызмет еткен әлеуметтік сала маманына дейінгі тағылымды ғұмырдың айқын көрінісі. Отбасында екі қыздың сүйікті анасы, немерелерінің әжесі. Қыздары өз өмір жолын тауып, бір-бір мамандық иесі атанып, ұрпақ сабақтастығын жалғастырып отыр. Орталықтың тәжірибелі маманы ретінде оның жасап отырған қызметіне жоғары баға берген байқаудың қазылар алқасына алғысымызды білдіреміз, – дейді аудандық Отбасын қолдау орталығының басшысы Айнұр Төлегенова.

Өмірлік қағидасын жас ұрпаққа үш асыл ұстанымымен жеткізетін білікті маман: «Біріншісі – жауапкершілік, екіншісі – табандылық, үшіншісі – өз ісіне деген махаббат. Кәсібін шын сүйген маман ғана шыңға шығады» дейді. Бұл сөздер оның бүкіл болмысының түйіні, өмірлік қағидасы.


Бибісара ЖАНӘЛІ
03 қараша 2026 ж. 83 0