Жыр керуені Сырдарияда
Апта ағымында Сырдария аудандық мәдениет үйінде «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегері, кәсіби жыршы, әнші Күнсұлу Түрікпеннің «Сырдария сарыны» тақырыбында шығармашылық кеші өтті. Жыр керуені ескен танымдық кешке аудандық мәдениет және спорт бөлімі басшысының міндетін атқарушы Жеңісбек Төрәлиев, аудан тұрғындары мен қонақтары қатысты.
Еркін форматта жүзеге асқан «Жыр терапия» тыңдарман жүрегінен жол тапты. Қазақ өнерінің өн бойынан табылатын жыршылдық дәстүрді жаңғыртып келе жатқан Күнсұлу Түрікпен әуезді үнімен құлақтың құрышын қандыра білді. Тағылымды кешті ақын, ҚР Жазушылар Одағының мүшесі Мақсат Дауылбай жүргізді. Күміс көмей, жезтаңдай әнші ретінде алыс-жақын шетелге танылған жыршы – Сыр сүлейлерінің сарқыты, жырау Алмас Алматовтың төл шәкірті.
Тағылымы мол кеш барысында халықтың сүйікті әншісі жыр бастауымен елді елітіп әкетті. Залда ерекше тыныштық орнаған. Тек сахна төрінде сан түрлі сарындағы жырларды орындаған талантты әншінің дауысы ғана естіледі. Негізінен, Күнсұлу Түрікпен Базар жыраудың классикалық толғау жырларын, Тұрмағамбет Ізтілеуұлы шығармаларын, мысал жырлар, Бұқар жырау Қалқаманұлының толғауын, гөй-гөй сарындағы жыр мақам саздарын Сыр өңірінің классикалық әндерін әуелете шырқады. Сонымен қатар абыз Әбіш Кекілбаевтың баласы Әулет қайтқандағы Алмас Алматовтың кеуілқос жырын көпшілікке ұсынды.
Өз кезегінде аудандық мәдениет және спорт бөлімі басшысының міндетін атқарушы Жеңісбек Төрәлиев сөз сөйлеп, дарынды әншіге аудан әкімі Берік Сәрменбаевтың «Алғыс хатын» табыстады.
– Дарынымен көпті тәнті еткен Күнсұлу Түрікпен жыраулық өнерді кеңінен насихаттап келеді. Екі сағатқа жуық уақытта «Жыр терапиядан» жиналған тыңдарман қауым айрықша демалысты, жүректегі тебіреністі сезіне білді. Қаншама жыраулық дәстүрді бойына сіңіре білген таланты әншіге шығармашылық табыс тілеймін! Өнерің өрге жүзсін, – деді Жеңісбек Үсенұлы.
Бұл ретте, күміс көмей әнші жергілікті сазгер Махмұт Сақтаповтың сүйемелдеуімен эстрадалық әндерді шырқады. Сондай-ақ Сыр жастарына арналған әнұранның тұсауы осы сахнада кесілді.
– Біз Сыр өңірі бойынша аудандарды аралап, Күнсұлу Түрікпеннің шығармашылық кешін өткізіп келеміз. Оның шығармашылығы тарихтан сыр шертеді. Күнсұлу қашанда ізденіс үстінде жүреді. Үнемі еңбектене білетін оның өнерін жоғары бағалаймын. Өз кезегінде ақын Светқали Нұржан Сырдың аяулы қызына «Сырдария сарыны» деген айдар тағып берген болатын. Жырдан шашу шашқан, халық көңілінен шығып, жүрегінен жол тапқан дарын иесінің жыр сапары бұнымен тоқтамайды, – деді ақын Мақсат Дауылбай.
Ардақты ана Алтын Нұртаева елдің атынан кеш иесіне шынайы лебізін білдіріп, ақ батасын берді.
Балтабай ОРДАБЕКОВ