Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№96 газет

03 желтоқсан 2024 ж.

№95 газет

30 қараша 2024 ж.

№94 газет

26 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » Өнерімен көпті тәнті еткен ұжымдар

Өнерімен көпті тәнті еткен ұжымдар

Берекесі тасыған Шаған ауы­лында жыл сайын дәстүрлі түрде мекемелер арасында байқау өткізіледі. Осы жолы 5000 мыңға жуық халқы бар елді мекеннің мәдениет үйінде жоғары деңгейде ұйымдастырылған іс-шара көпшілік көңілінен шықты. Аталған іс-шараға Шаған ауылының әкімі Нұғыман Смайлов, мекеме басшылары, ауыл тұрғындары қатысты.

Үш кезеңнен тұратын байқауды ауыл әкімі Нұғыман Смайлов ашып, сайысқа қатысу­шыларға сәттілік тіледі.


– Шын мәнінде, бірлігі бекем, тірлігі көркем Шаған ауылында ілкімді істер жалғасын тауып келеді. Алдағы уақытта елді мекеннің әлеуетін арттыру мақсатында кешенді іс-шаралар жүргізіле бермек. Шын мәнінде, мекемелер арасында жүзеге асқан байқаудың ерекшелігі – қатардағы сан түрлі маман иесі өз өнерлерін ортаға салады. Өзара бақ сынап, үздік ұжымды анықтайды. Сайдың тасындай сайланған әрбір маманның өнері жиналған жұртшылықтың көңілінен шыққаны жақсы. Барлық қатысушыға сәттілік тілеймін, – деді ауыл әкімі.


Жалпы, байқауда 6 ұжым өз шеберліктерін байқата білді. Яғни, №37 мектеп-лицей, №14 «Алтын сақа» және «Балбөбек» балабақшасы, №12 Сырдария аудандық олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар-жасөспі­рімдер мектебі, ауылдық аурухана, ауыл әкімшілігінің ұжымы өнерден кенде еместігін дәлелдей түсті. Ең алдымен, іргелі ұжымдар «Жаңа әннің ырғағымен» атты алғашқы кезеңде заманауи хит әндерді орындады. Сонымен қатар «Би билейік бәріміз» кезеңіңде қатысушылар халық билерін көпшілікке ұсынды. Ал үшінші кезеңде олар әзіл-сықақ театрларының бірқатар қойылымына пародия жасады. Өз кезегінде сайыс қатысушыларының өнеріне облыстық халық шағармашылығын дамыту және мәдени-продюссерлік орталығының мониторинг-әдістемелік жұмыс бөлімінің мең­геру­шісі Зина Кенжетаева, облыстық халық шығармашылығын дамыту және мәдени-продюсерлік орталығының балалар мен жасөспірімдер ән айту бөлімінің меңгерушісі Бағдагүл Есмұрзаева, аудандық «Тіршілік тынысы» газетінің тілшісі Балтабай Ордабеков қазылық етті.


– Біз бүгін керемет кештің куәсі атандық. Барлық ұжым ерекшілігі мол байқауға жан-жақты дайындалғандығын көрсете білді. Ән мен биді, қойылымды жоғарғы шеберлікпен орындап шыққан әрбір ұжым талантты жандардан құралған екен. Әрине, сайыс болған жерде кемшілік орын алатыны жасырын емес. Шындығында, сахна мәдениетін сақтай отырып, ұйымшылдық үлгісін көрсеткен мекеме қызметкерлері айрықша мақтауға тұрарлық. Нағыз мәдени, рухани құндылықты дәріптей білетін іргелі ұжым мүшелеріне шынайы алғысымды білдіремін, – деді Зина Кенжетаева.


Негізінен, байқау жеңімпазы мен жүлдегер­леріне қаржылай сыйлық тағайындалған. Бұл ретте, «Шаған Жер» ЖШС төрағасы Жеңісбек Сыздықов пен «Махамбетжан» шаруашы­лығының төрағасы Ербол Бисенов демеушілік еткенін айта кетейік. Өз кезегінде байқау қорытындысы бойынша бас жүлдені №12 Сырдария аудандық олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер мек­те­бі, I орынды №37 мектеп-лицей, ll орынды «Алтын сақа» балабақшасы, lll орынды «Балбөбек» балабақшасы иеленді. Ал аурухана ұжымы мен ауыл әкімшілігі арнайы «Дипломмен» марапатталды.

– «Өнер – жанның табан ет, маңдай термен сығып алған шырын» деген тәмсіл бар. Әрине, сахнаның киесін сезініп, халық алдында өнер көрсету – үлкен жауапкершілікті қажет етеді. Барлық сыннан мүдірмей өткен сала мамандары жеңіс тұғырынан көрінуге ұмтылды. Ауыл шаруашылығы саласында қажырлы еңбегімен танылған «Шаған Жер» ЖШС төрағасы Жеңісбек Сыздықов пен «Махамбетжан» шаруа­­шылығының төрағасы Ербол Бисеновке қаржы­лай қолдауы үшін шынайы алғысымызды білдіреміз. Біз қашанда өнерлі ұжымдардың ішінен жарық жұлдыздарды шығаруға дайынбыз, – деді Шаған ауылдық мәдениет үйінің директоры Ербол Медет.

Б.ҚАРАМАНТЕГІ
30 қаңтар 2024 ж. 244 0