Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Шағандықтардың мерейі тасыған күн

Шағандықтардың мерейі тасыған күн

Бес мыңға жуық халқы бар Шаған ауылында өткен жылды қо­рытындылау мақсатында «Өнерің өрге өрлесін» тақырыбында мерекелік кеш өткізілді. Аталған іс-шараға Шаған ауылының әкімі Нұғыман Смайлов, ауыл тұрғындары мен сала мамандары қатысты.

Мерекелік кешті ашқан ауыл әкімі Нұғыман Смайлов ауыл тұрғындары мен қонақтарды Жаңа жыл мерекесімен құттықтады.

– Сырдария ауданы бойынша ең үлкен елді мекендердің бірі саналатын Шаған ауылының барша жұртшылығын Жаңа жыл мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! 2022 жыл біз үшін маңызды, елеулі оқиғаларымен есте қалды. Әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан ауы­лымызды өркендету басты орында. Қай кезде де, елдің бірлігін сақтап, игі бастамаға иек артуымыз керек. Кез келген мәселені ше­шу арқылы тұрғындардың талап-тілегін орын­дауға барымызды саламыз. Алдағы уа­қыт­­та еліміз өркендеп, ауылымыз дами берсін, – деді ауыл әкімі.

Салтанатты іс-шара барысында жыл бойы Шаған ауылының жан-жақты әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттырған әрбір сала­ның үздіктері марапат төрінен көрінді. Атап айтқанда, «Жыл адамы» Төлеп Мыханов, «Жомарт жүрек – 2022» және «Ел жанашыры» «Шаған жер» ЖШС-нің төрағасы Жеңісбек Сыздықов, «Үздік мемлекеттік қызметкер» Мейі­рім Ерекенова, «Үздік мұғалім» Фарида Абенова, «Үздік тәрбиеші» Айзат Қалмаханова, «Үздік тәрбиешінің көмекшісі» Алтынкүл Жан­қуатова, Жұмакүл Досмағанбетова «Үздік қыз­меткер» Қыдырбай Жакұлов, Мирас Бектібаев, Абзал Жансейітов, «Үздік музыкант» Әділбек Әзімжанов, «Үздік мейірбике» Ләйлімшырақ Әділ, «Үздік әлеуметтік қыз­меткер» Нұргүл Шыманова, «Үздік есепші» Ақжұлдыз Абишева, «Үздік күрішші» Рысбек Әбдіреев, «Үздік жас кәсіпкер» Серікбол Әбдуалиұлы, «Үздік мекеме – 2022» номинациясымен ауылдық аурухана ұжымы марапатталды. Сонымен бірге аудандық «Тіршілік тынысы» газетінің бас редакторы Ақтөре Ибрагимұлына «Жаңалық жар­шысы» номинациясы табысталды.

Өз кезегінде облыс және республикаға белгілі өнерпаздар әннен шашу шашты. Мың бұрала билеген бишілер сахналық қойылым­мен дараланды. Жүрекке жылулық сыйлаған кеште жиналған жұртшылық шад-шадыман көңіл-күйде тарқасты.

Әрине, берекесі тасыған Шаған ауылында мән-мағынасы жоғары іс-шаралар жыл көлемінде өткізілді. Мәселен, өткен жылдың соңғы күндері ауылдағы мекемелер арасынан суырылып шыққан өнерлі жандар өзара мықтыны анықтады. Ендеше, Жаңа жылдан үміт күтетін ауыл халқына орасан табыс тілей­міз!

Балтабай ОРДАБЕКОВ
05 қаңтар 2023 ж. 473 0