Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » » Ауыл өмірінің шынайы көрінісі

Ауыл өмірінің шынайы көрінісі

Шаған ауыл­дық әкімді­гінің қол­да­уымен, ауыл­дық мә­де­­ниет үйі­нің ұйым­дас­тыруымен «Ай­мақ­тар­ аламаны» айдары бойынша «Біздің ауыл...» тақырыбында аудан­дық өнерпаздар бай­қауы өткізілді. Таным мен тағылым, рухани құндылық үйлесім тапқан байқауда аудан­ға қарасты бірқатар ауылдың өнерпаздары бірнеше кезең бойынша сынға түсті.

Ауыл өмірі мен салт-дәстүрін кеңі­нен насихаттай білген байқаудың мән-мағынасы жоғары. Шаған ауылының әкімі Нұғыман Смайлов сөз сөйлеп, ауыл өнерпаздарына сәттілік тіледі. Өз кезегінде байқауға қатысушы топ­тың құрамындағы 5 өнерпаз халық әні мен ұлттық биді сахналады. Негізінен, байқауға Бесарық, Қалжан ахун, Асқар Тоқмағамбетов, Ақжарма, Айдарлы, Шіркейлі, Жетікөл, Шаған ауы­­лынан мәдениет майталмандары өнер көрсетті. Қазақы ғұрыпты ке­ңінен дәріптеген ауыл өнерпаздары сахнаны сән-салтанатқа бөледі. Арнайы берілген тақырып бойынша салт-дәстүрден көрініс қойды. Мә­се­лен, бесарықтық өнер ұжымы «Қыз ұзату», Қалжан ахуннан барған өнер ұжы­мы «Тұсау кесер», А.Тоқмағамбетов және Айдарлы ауылының өнер ұжымы «Бастаңғы», ақ­жар­малық өнерпаздар «Беташар», шіркейлілік өнер ұжымы «Қол ұста­тар», жетікөлдің мәдениет қызметкерлері «Нәрес­теге ат қою», шағандық өнер ұжымы «Жиеншелеп келу» дәстүрін сахналады.

Аудандық байқау барысында өнер­паздардың өнеріне Шаған ауылдық мә­дениет үйі жанындағы «Сарыбаевтар» халықтық отбасылық ансамблінің жетекшісі, балалар әуез мектебінің мұғалімі, ардагер-ұстаз Өмірбек Сарыбаев, аудандық мәдениет үйі жа­нындағы «Балауса» халықтық би ан­самблінің жетекшісі, Қазақстан хореографтар одағының мүшесі Ақмарал Пернебаева, Сырдария аудандық мә­дениет үйінің сәнгері, жеке кәсіпкер Әлия Пірімбетова төрелік жасады.

– Біз ауыл өмірін суреттейтін та­ғылымы мол іс-шараны ұйымдыс­ты­руға бекінген болатынбыз. Әрбір ауыл­да әуелете ән шырқалып, би қо­­йылымы көрініс тауып жатады. Сонымен қатар ынтымағы жарасқан, қазаны оттан түспеген ауыл халқы салт-дәстүрді берік ұстанады. Бай­қауға қатысушы жандар жоғарғы да­йындықпен келгенін көзіміз көрді. Қазақы тәрбиенің қайнар бұлағын сақтаған ауылдың бірлігі, тұтастығы осы байқауда байқалды. Нағыз ауыл­дағы шынайы оқиға сахналанды. Бұл ретте осы кешті ұйымдастырған біз көздеген мақсатымызға жеттік деп ойлаймын, – деді ауылдық мәдениет үйі­нің директоры Ербол Медет.

Байқау қорытындысы бойынша бас жүлдені Бесарық ауылы жеңіп алды. І орынды Шаған ауылы, ІІ орынды Асқар Тоқмағамбетов ауылы, ІІІ орынды Шіркейлі ауылы еншіледі. Барлық жеңімпаз бен жүлде­герге арнайы дип­лом мен қаржылай сыйлық табысталды.

Б.ОРДАБЕКОВ
25 сәуір 2023 ж. 387 0