Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№96 газет

03 желтоқсан 2024 ж.

№95 газет

30 қараша 2024 ж.

№94 газет

26 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » Драма үйірмелері сахнада бақ сынады

Драма үйірмелері сахнада бақ сынады

Қазақ әдебиеті мен өнеріне өлшеусіз еңбек сіңірген Қазақстанның халық жазушысы, жерлесіміз Қалтай Мұхамеджановтың туғанына 95 жыл толуына орай драма үйірмелері арасында байқау ұйымдастырылды.

Шіркейлі ауылдық округі әкімінің аппараты және аудандық мәдениет және спорт бөлімінің қолдауымен өткен байқау «Қазақтың дара Қал­тайы» тақырыбын арқау етті. Бай­қауға Нағи ауылдық мәдениет үйі жанындағы «Жас ART», «Қалтай Мұхамеджанов атындағы Шіркейлі ауылдық мәдениет үйі» жанындағы драма үйірмесі, Бесарық ауылдық мәдениет үйі жанындағы «Шамшырақ» драма үйірмесі ұжымдары қатысып, драматургтің драмаларынан үзінді қою шарты бойынша сынға түсті.

Байқау басталмас бұрын оқырман­дарына жол тартқалы тұрған су жаңа туынды, тарихшы, экономика­ ғылымдарының кандидаты, профессор Қазыбай Құдайбергеновтың Қалтайдай дарын иесі жайлы жазыл­ған «Талантпен танылған тұлға» кітабының тұсауы кесілді. Сонан соң құрметті қонақтар Қазыбай Құдайбергенов, Сұлтан Маханбетов­, «Сыр бойы» газетінің аға тілшісі, ҚР Жазушылар Одағының мүшесі Ғазиза Әбілда, ауыл әкімі Талғат Құламқадіров, «Мәді Қажы» ЖШС директоры Сейіткамал Сұлтанов Қалтай Мұхамеджановтың өмірі, шығарма­шылығы жайлы айтып, байқауға қатысушыларға сәттілік тіледі.

Биыл 24 желтоқсанда туғанына 95 жыл толатын халық жазушысы 1953 жылы Ташкенттің театр­ және көркемөнер институтын біті­ріп шыққаннан кейін Қазақстан Республикасының Мәдениет минис­трлігінде, Мемлекеттік кино коми­тетінде, Қазақстан Жазушылар одағының, Кинематографистер ода­ғының хатшысы, 1988-1998 жж. республикалық «Ара-Шмель» журналында, халықаралық «Заман – Қазақстан» газетінде бас редактор болып еңбек етті. Өмірінің соңғы жылдары халықаралық «Түркістан» газетінің бас редакторы болып қызмет атқарды. Шығармашылық жолын М.Горькийдің «Тоғышарлар», С.Айнидің «Құлдар», Айбектің «Киелі қан» сияқты атақты туындыларын­ аударудан бастаған. 1959 жылы М.Әуезов атындағы мемлекеттік ака­демиялық драма театрында «Бөл­тірік бөрік астында» атты тұңғыш драмалық туындысының премьерасы болды. Одан кейін «Құдағи келіпті», «Қуырдақ да­йын» атты пьесалары қойылып, қазақ драматургиясының дамуына зор әсерін тигізді. Ал қырғыздың әйгілі жазушысы Шыңғыс Айтматовпен бірлесе жазған «Көктөбедегі кездесу» пьесасы әлемнің бірнеше елінде қойылды.

«Шыңдағы шынар», «Айман–Шолпан» киносценариінің авторы. Әдебиет пен өнерге қатысты мақалалар жазған. А.Қаххардың «Ауру тістер» пьесасын, Ш.Айтматовтың «Ана-Жер-Ана», «Арманым, Әселім» пьесалары мен «Ақ кеме» повесін тәржімалады. Шығыс классикасы – «Мың бір түн» ертегісін (1-4-томдарын) қазақшалады. 1978 жылы «Жазушы» баспасынан таңдамалы шығармаларының екі томдығы, 1998 жылы «Атамұра» баспасынан таңдамалы шығармаларының 3 томдығы басылып шықты. 1992 жылы Қазақстанның Халық жазушысы, «Құрмет Белгісі», Халықтар Достығы, «Парасат» ордендерімен, сондай-ақ бірқатар мемлекеттік жоғары марапаттарға ие болған атақты драматург.

Байқауға ұстаз, ағартушы, Қазақстан Республикасы білім беру ісінің құрметті қызметкері, әрі үздігі жерлесіміз Қазыбай Құдайбергенов, Н.Бекежанов атындағы Қызылорда облыстық музыкалық драма театры­ның актеры Еркін Асанов, Сырдария аудандық мәдениет үйінің әдіскері, мәдениет үйі жанындағы халық театрының әртісі Гаухар Сәрсенбаева қазылық етті.

Байқау қорытындысымен «Қалтай Мұхамеджанов атындағы ауылдық мә­дениет үйі» драма үйірмесі ұжымы 1 орын, Нағи Ілиясов ауылындағы «Жас ART» драма үйірмесі ІІ орын, Бесарық ауылдық мәдениет үйі жанындағы «Шамшырақ» драма үйірмесі ІІІ орынды иеленді.

Аталған байқауға «Мәді қажы» ЖШС демеушілік жасады.

«Тт» ақпарат
30 қыркүйек 2023 ж. 286 0