Мекемеаралық өнер байқауы ұйымдастырылды
Шіркейлі ауылдық округі әкімінің қолдауымен, «Қалтай Мұхамеджанов атындағы ауылдық мәдениет үйінің» ұйымдастыруымен ауыл мекемелері арасында байқау өтті. «Өнерлі мекеме – 2023» байқауында өнерлі, дарынды, өнерпаздар өз өнерлерін елге таныстырып, мекемелер арасындағы ауызбірлік пен сыйластықты көрсетті.
Байқауға 5 мекеме қатысып, 4 кезең бойынша сайысты. Бірінші «Мамандығым мақтанышым» (таныстыру) кезеңі, Екінші «Үздік дуэт» жұптық ән орындау, үшінші «Ән-кино» кино әндерінен ән орындау, Төртінші «Ұмытылмас кездер-ай» эстрада әншілеріне пародия кезеңдері бойынша сынға түсті.
Өнер мектебі, Қоғамдық жұмыс, Емхана, №15 «Нұрбақыт» балабақшасы, №129 Ә.Жәмішев атындағы мектеп-лицейі ұжымдары жан-жақты дайындықпен келіп, жоғары дәрежеде өз өнерлерін көрсете білді.
Қазылар алқасының құрамында өз мамандығының білгірлері жұмыс жасады. Еркін Асанов – Нартай Бекежанов атындағы Қазақ академиялық музыкалық драма театрының актеры. Әзиз Садықов – «Сырдария аудандық мәдениет үйі» кәсіпорын директорының орынбасары, «Сырдария» квартетінің әншісі, Республикалық, облыстық ән байқауларының жүлдегері. Бексұлтан Қадырбай – Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясының түлегі. Сырдария аудандық мәдениет үйінің режиссері қазылық жасап, байқаудың әділ бағасын берді. Сайыс қорытындысы бойынша Бас жүлдені Қоғамдық жұмыс, І орынды №129 Әбіраш Жәмішев атындағы мектеп-лицейі ұжымы, ІІ орынды №15 «Нұрбақыт» балабақшасы, ІІІ орынды Өнер мектебі, Емхана ұжымдары иеленді. Байқауда өнер көрсеткен барлық ұжымдардың өнеріне, қазылар алқасының бағасына көрермен дән риза болып тарқасты. Ауылдың мәдениетін асқақтатар өнерпаздарымыздың өнері өркендей берсін.
Балтабай ОРДАБЕКОВ