Сөйле, тілім, жосылып...
Сыр сүлейі атанған Омар Шораяқұлының есімі өңір жұртшылығына етене таныс. Сыр өңірінде туып-өскен әйгілі жырау Шығыс әдебиетін терең меңгеріп, ізденісті серік етуінің арқасында өнерден өз орнын ойып тұрып алған. Биыл жыраудың туғанына – 145 жыл. Айтулы датаға орай облыс көлемінде мәдени-көпшілік іс-шаралар ұйымдастырылуда және Сырдария ауданында да жалғасуда. Мәселен, өткен аптада аудан орталығынан шалғай орналасқан Жетікөл ауылында термешілердің аудандық байқауы өткізілді. Термешілер төрге шыққан байқауды ауыл әкімдігінің қолдауымен ауылдық клуб ұжымы ұйымдастырды.
Байқаудың Жетікөл ауылында ұйымдастырылуа бекер емес. Бұл ауылдағы ауылдық клубтың директоры Алмат Өтеуов өнерсүйер қауымға жыршылығымен танылған азамат. Алматтың қоңыр үнді, қазақы сазды дауысы қасиетті домбыраның қос ішегінен төгілген әуенмен үндескенде тыңдарманның көңіл-күйі көтеріліп, ерекше әсер алады. Облыстық іс-шараларда өнер көрсетіп, жырға шөліркеген халықты сусындатып жүрген азамат өзі туып-өскен ауылда термешілердің байқауын ұйымдастыруды жөн көріпті. Бұл жолғы байқауға аудан көлемінен сегіз талапкер өтінім беріп, Жетікөл сахнасын жырға бөледі.
Іс-шараға ауыл әкімі Ө.Тоқмамбетов қатысып, талапкерлердің еңбегі мен ізденісін жоғары бағалап, атақты жырау, Сыр сүлейі Омар Шораяқұлының қазақ әдебиеті мен мәдениетін дамытуға сіңірген еңбегі жөнінде айтты.
– Қазақ елінің қай өлкесінде болсын жыршылық мектеп қалыптасқан. Таңға дейін көз ілмей жыр тыңдап, өсиет сөзге құлақ түрген, одан тағылым алған әке-аналарымызды көріп өстік. «Жыршылыққ өнер – жан азығы» деп бекер айтылмаған. Ал, Сыр өңіріндегі жыршылық мектептің орны тіпті бөлек. Оның ең биігінде Шораяқтың Омары тұрғаны белгілі және бұған ешкімнің таласы жоқ. Атақтың жыраудың 145 жылдығына орай ауылымызда термешілердің аудандық байқауын өткізуді жөн көрдік. Аудандық мәдениет және спорт бөлімімен келісіп, ережесін әзірлеп, оны ауылдық клуб барлық елді мекендерге таратты. Біздің шақыруымызды қабыл алған сегіз талапкердің ауылымызға бақ сынауға келгеніне қуаныштымыз. Біздіңше, мұндай іс-шараларды көптеп өткізу керек. Ұлттық сана мен ана тіліміздің, қазақтың мәдениеті мен тарихының, тағдыр-талайы мен заманының айнасындай халық эпостарын орындаушы – жыршылардың өнегелі өнері мен дәстүрі одан әрі тамырланып, өркен жайса, рухани жаңарудың нақты, жанды көрінісіне айналар еді. Ғасырлардың кәусар бұлағынан ел сусындап, ұлттық құндылықтарға кенелер еді, – деді ауыл әкімі.
«Сөйле, тілім, жосылып...» атты термешілердің аудандық байқауы екі кезеңнен тұрды. Бірінші кезеңде қатысушылар Омар Шораяқұлының шығармасынан бір туынды орындады. Ал екінші кезеңде Сыр сүлейлерінің бір шығармасын тыңдарман назарына ұсынды. Жетікөлдік ағайын жыраулардың жырын тебірене тыңдап, жоғары деңгейде ұйымдастырылған мәдени іс-шараның куәсі болды.
Байқауға мәдениет саласының ардагері Жұмағазы Оразов, еңбек ардагері, «Сырдария ауданының Құрметті азаматы» Жарылқасын Камалов және ауылдық клуб директоры Алмат Өтеуов төрағалық етті. Қазылар алқасы талапкерлердің термені қатесіз орындауына, сахна мәдениетін сақтауына және де киіміне жіті мән берді. Нәтижесінде жеңімпаздар мен жүлдегерлер анықталып, Алғыс хатпен, бағалық сыйлықтармен марапатталды.
Аудандық байқаудың бас жүлдесін Аманкелді ауылының өнерпазы Ғасырбек Шәпи жеңіп алды. Жүлделі І орын іңкәрдариялық Тұңғышбай Қоянбаевқа бұйырды. ІІ орынды А.Тоқмағамбетов ауылының атынан сынға түскен Аяулым Бекболатова иеленді. ІІІ орынмен жетікөлдік Тимур Қалкөзов, айдарлылық Іділет Әділет Ермаған және ақжармалық Айтмағанбет Темірханов марапатталды. Сәйкесінше шіркейлілік Ботакөз Қалиасарова мен нағилық Кәмила Алтынбай ынталандыру сыйлығына ие болды. Осылайша, барлық талапкерлерге бағалық свйлықтар мен алғыс хаттар, дипломдар берілді.
– Біздің ауданда ақындар да, әншілер де, бишілер де көп. Бірақ жыршы-термешілер аз. Аз болуының себебі жыр жаттап, терме айту екінің бірінің қолынан келе бермейді. Бұған үлкен дайындық керек. Термеші көп оқып, ізденуі қажет. Жыраулық өнерді дамыту бағытында ұйымдастырылған байқау нәтижелі өтті деп есептеймін. Байқауға кейбір ауылдардан талапкер қатысқан жоқ. Сол ауылдар жыраулық өнердің өрісін кеңейтуге және дәріптеуге көңіл бөлсе деген ұсынысымыз бар, – деді марапаттау салтанатында Жұмағазы Оразов.
Айта кету керек, термешілердің аудандық байқауында Сыр сүлейі Омар Шораяқұлының бай мұрасынан кітап көрмесі ұйымдастырылды. Көрмеге жыраудың суреттері мен туындыларынан үзінді қойылды. Ардагерлер жырау философиясы төңірегінде пікір білдіріп, іс-шараның жоғары деңгейде өткенін айтты.
Жалпы, жыр – ұлттың үні. Бабадан балаға мирас болған ұлттық өнер құндылығы ғасырдан-ғасырға жалғасын таба бермек. Омар Шораяқұлының туындылары елін қастерліп, ұлтын ұлықтауға бағытталған. Ұрпақ тәрбиесі мен өз заманындағы қоғам келбетін өлең тілімен көркем кестелеген жыраудың мұрасы жасай берсін!
А.ИБРАГИМҰЛЫ