Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » » МАМАНДЫҒЫМ – МАҚТАНЫШЫМ

МАМАНДЫҒЫМ – МАҚТАНЫШЫМ


21 мамыр – Мәдениет және өнер қайраткерлері күніне орай Астана қаласының 20 жылдығына, Қызылорда қаласының 200 жылдығына және ауданның 90 жылдығына арналған ауылдық мәдениет үйі директорлары мен ауылдық клуб меңгерушілері арасында «Өнермен – өркениетке» атты аудандық байқау өткізілді.
Ауыл мәдениеті басшыларының байқауы С.Сейфуллин ауылдық клубында ұйымдастырылды. Пайдалануға берілгеніне екі-үш жыл ғана болған ғимараттың сахнасы да сәулетті безендіріліпті. Осы орайда ауылдардағы мәдениет ошақтарының барлығы күрделі жөндеуден өткен, көпшілігі жаңа, жұмыс жасауға ыңғайлы екендігін атап өткен орынды болмақ. Аудандық байқауға Тереңөзек кенті, Аманкелді және Бесарық ауылдық мәдениет үйлерінің директорлары Динагүл Бекмұрат, Жұмағазы Оразов, Абзал Молдашев, сондай-ақ Айдарлы, Қалжан ахун, Жетікөл, С.Сейфуллин ауылдық клубтарының меңгерушілері Анар Қалдыбаева, Марат Қошық, Алмат Өтеуов және Нағипа Алданиязова қатысты.
«Мамандығым – мақтанышым» атты бірінші кезеңде сайысқа қатысушылардың өмірдеректері слайд арқылы көрсетілді. Мұнда олардың әрбірінің ауыл мәдениетіне қосып жүрген үлесі, жеткен жетістіктері айқын көрсетілген. «Туған жер өзің деген де...» атты екінші кезеңде байқауға қатысушылар Астана, Қызылорда қалаларына, Сырдария ауданына арналған әсем әндерді нақышына келтіре орындады. Үшінші кезең «Кел шырқайық оңаша» деп аталып, онда мәдениет жетекшілері кез-келген аспапта ойнай алатын бес аспап жандар екендіктерін дәлелдеді. Қалың көрермен сайысқа қатысушылардың өнеріне тәнті болды. Сөйтіп, сахнада көп аса көріне бермейтін сыртта жүріп барлық мәдени іс-шараларды ұйымдастыратын жетекшілер өнерде өзіндік орындары бар екендіктерін көрсетті. Жақында ұйымдастырылған «Мерейлі отбасы» аудандық байқауына отбасымен бірге қатысып, жүлделі орын алған бесаспап өнерпаз С.Сейфуллин ауылдық клубының меңгерушісі Нағипа Алданиязова бас жүлдені жеңіп алды. Аманкелділік Жұмағазы Оразов бірінші тұғырдан көрінсе, екінші орынды белгілі жыршы жетікөлдік Алмат Өтеуов иеленді. Үшінші орынды бесарықтық Абзал Молдашев пен тереңөзектік Динагүл Бекмұрат өзара бөлісті.
Осылайша ауыл мәдениетінің жетекшілері халық алдында өздерінің жұмыстары туралы есеп берді.

Ш.НҰРСЕЙІТОВ
22 мамыр 2018 ж. 1 429 0