Әсеттің әсем әндері-ай
Сырдария аудандық мәслихатының депутаты, әріптесіміз Динара Ибадуллаеваның шақыруымен алып тұлғаларға алтын бесік болған қасиетті Қоғалыкөл ауылына барып, қазақ әнінің әрін келтіріп, сәнінің салтанат құруына саналы ғұмырын арнаған Әсет Көпбайұлы Бейсеуовтің 85 жылдығына арналған тамаша ән байқауының куәсі болдық.
Бұл жолғы ән байқауының аты аудандық болғанымен, заты облыстық деңгейде өтті десек қателеспейміз. Өйткені, байқауға қатысушы талапкерлер Әсеттің әндерін нақышына келтіріп орындап, құлағымыздың құрышын қандырып, бізге тамаша көңіл-күй сыйлады. Сондықтан байқауды өткізуге қолдау білдірген ауыл әкімдігіне, ауыл әкімі Бақытжан Рақымбекұлына, ұйымдастырушыларға, әріптесіміз Динара Дүйсенбекқызы бастаған Қоғалыкөл ауылдық клубының ұжымына ризашылығымызды білдіреміз.
Ал, енді «Сазгер Әсеттің әндері қандай еді?» дегенге аз-кем тоқталсақ. Әсеттің әндері әрлі де, нәрлі дер едім. Әрлі деуімнің себебі, оның әндерін үлкен де, кіші де тыңдады, шырқады, әлі де бұл үрдіс жалғасып келеді. Қоғалыкөлдегі іс-шара да соның дәлелі іспетті. Ал, нәрлі деуімнің себебі оның әндерінде адамның жанына ерекше рух сыйлайтын, тың серпін беретін, әлдебір жақсы іске, игілікке жетелейтін, тыңдағанда ойға батырып, шыңға талпындыратын ғажайып бір сиқыр бар секілді.
Бәлкім,
«Құлақтан кіріп бойды алар,
Әсем әнмен тәтті күй.
Көңілге түрлі ой салар,
Әнді сүйсең, менше сүй» деген Абай атамыздың өлеңі бүгінгі іс-шараның арқауына айналған сазгердің туындыларына қарата айтылып, жазылғандай... Біз бұдан Әсеттің әндерінің өміршеңдігін, арада қаншама жылдар өтсе де, мейлі ол біздің арамызда жоқ болса да шырқала беретінін, халық та жалықпай тыңдай беретінін аңғарамыз. «Өнер – өміршең...» деген тіркес осындайда айтылса керек-ті.
«Теңіз болып толқыдың да шалқыдың,
Айдынымда шағалам боп қалқыдың.
Гүлім болып жайнап өскен жайлауда,
Самал болып аймаладың, алтыным». Әнге сұранып тұрған осы бір өлең жолдарын бүгінде көпшілік жаттап та алған шығар. Бұл әнге сән берген Әсеттей сазгердің шеберлігінің арқасы десек қателеспейміз. Өзіміз де бозбала күнімізде осы әнді талай кештерді шырқап, жалынды жастық шағымызда сыйластықтың, сезімнің, достықтың туын биікке желбіреттік. Сонда Әсеттей сазгердің қолынан шыққан, жүрегінен жол тартқан әнге де, әннің авторларына да ғашық едік, асық едік. Сол ғашық, асық қалпымыз студент күнімізде Алматыға да жетелеп, дара дарын иесі Әсет Бейсеуовтің кіндік қаны тамған Қарғалыға да барғанбыз.
Алматының Жамбыл деген ауданына қарайтын Қарғалы үлкен ауыл екен. Халқының өзі 23 мыңнан асып жығылады. Бірақ, тарихы жағынан, қалыптасуы жағынан біздің Қоғалыкөл ауылына ұқсайды. Біздің де ауылдан тектіліктің темірқазығына айналған атақты Серәлі, Сейдәлі Лапин, Мұңайтпасовтар, театр анасы Сәбира Майқанова, «Қыз Жібек» киносының режисері Сұлтан Қожықов секілді тұлғалар шықты емес пе! Міне, Әсет туған ауылдан да сазгердің өзін айтпағанда, аты алашқа белгілі ғарышкер Талғат Мұсабаев, қазақ эстрадасының жұлдызы Нағима Есқалиевалар шыққан екен. Сондықтан Қоғалыкөл мен Қарғалыны талантты да дарынды тұлғалардың үндестігі байланыстырады деп айтуға толық негіз бар. Оның үстіне аты аталған тұлғалар бір ауыл, бір аудан немесе бір өңір меншіктейтін тұлғалар емес, қазаққа ортақ, алашқа ортақ тұлғалар. Дара дарын иесі Әсет те сондай тұлғалар санатынан. Міне, осындай тұлғаны еске алып, арнайы ән байқауын өткізіп жатқан қоғалыкөлдіктерге айтар алғысымыз шексіз.
Айта кетейік, байқауға Ермекбай Әдікенов, Махмуд Сақтапов және Жамаладдин Жанахметов секілді мәдениет саласының белді өкілдері қазылық жасады. Қазылар алқасының шешімімен ІІІ орын аудандық мәдениет үйінен қатысушы Нағима Бекшаеваға, ІІ орын Шіркейлі ауылына қатысушы Жұлдыз Оңалбаеваға, І орын Бесарық ауылынан қатысушы Мөлдір Жүнісбаеваға бұйырды. Ал, бас жүлдені Қоғалыкөл ауылынан Қайрат Сәтбаев иеленді. Сондай-ақ ауыл әкімінің арнайы жүлдесімен Шаған ауылынан келген Гүлзира Райымбекова марапатталды. Ән байқауына қатысып, киелі сахнаның төріне шыққан талапкерлердің талабы оң болсын! Тек жақсы көңіл-күйде, жайдары күндерде жүздесіп, Қоғалыкөлдік ағайынның қуанышына келейік!
Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ