Дарынды композитордың әндерін орындады
Кеше аудандық мәдениет үйінде композитор Рамазан Таймановтың әндерін орындаушылардың І республикалық «Қазақ қызы» атты байқауы өтті. Оған аудан әкімі М.Ергешбаев қатысып, шабытты әндерімен танылған талантты тұлғаның елге сіңірген еңбегін жоғары бағалады.
Аудан басшысы құттықтау сөзінде ҚР Еңбек сіңірген қайраткерінің дарынды таланттарды тәрбиелеудегі еңбегіне тоқталды.
– Рамазан Сағындықұлы – жастайынан өнерді жанына серік етіп, халық жиналған орталарда ән салып, алдына үлкен сахнаға шығамын деген мақсат қойып, дарынымен дараланған талант. Көптеген әндердің авторы және шәкірттері республикалық, халықаралық ән байқауларының жеңімпазы. Эстонияда өткен дүниежүзілік балалар шығармашылығы фестивалінде оның «Қызылорда жастарының әні» таңдаулы деп бағаланып, «Алтын қорға» жазылып алынды. Республикалық «Айналайын» ән фестивалінде оның «Айналайын» әні осы фестивальдің гимні болып таңдалды. «Жас қанат» байқауы мен «Азия даусы» фестивалінде әндері І орын алып, «Ең үздік композитор» атағын иеленді. Композитордың атындағы ән байқауы туған жерінде аудандық деңгейден бастау алып, жыр додасы республикалық ән байқауына ұласып отыр, – деді аудан әкімі.
Республикалық байқауға Ақтөбе, Павлодар, Түркістан, Қарағанды, Алматы, Батыс Қазақстан облысынан, Нұр-Сұлтан, Тараз қаласынан және Қызылорда қаласы мен аудандардан 16 талантты әнші қатысты. «Құрмет» орденінің иегері, сырдариялық композитордың танымал өнер жұлдыздар орындап жүрген әсем әндерін осы күні жас әншілер шырқады. Олар алдымен Қызылорда қаласының және Сырдария ауданының «Құрметті азаматы» Р.Таймановтың әндерін орындады.
Екінші кезеңде өнерпаздар еркін тақырыпта ән шырқап, көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді. Бірінші кезең барысында жас әншілер «Шапағат» медалі иегерінің «Қорқыт-қобыз», «Сыр ана», «Қыз мұңы», «Қазақ қызы», «Сын айтпашы», «Ауылдағы той», «Ауылым», «Сыр айтпа», «Асыл айым», «Сен мені іздедің деп кінәлама» және басқа да әндерін орындап шықты.
Өнер жолында шыңдалып келе жатқан жас дарындарға композитор Рамазан Тайманов, ҚР еңбек сіңірген әртісі Күлән Қалымбетова, облыстық «Қызылорда» телеарнасының ардагері Гүләйім Жанұзақова, «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісінің иегері Бағдагүл Есмұрзаева, композитор Сәбит Ұлықпанұлы әділ қазылық етіп, өнерлерін бағалады. Соның нәтижесінде, байқау жеңімпаздары анықталып, арнайы марапатталды.
Марапаттау рәсімі кешкілік Орталық алаңда өтті. Оған облыстық мәдениет және спорт басқармасының басшысы Руслан Рүстемов, аудан әкімі Мұрат Ергешбаев арнайы қатысты.
Іс-шарада облыстық мәдениет және спорт басқармасының басшысы Руслан Рүстемов Сыр елі өнерлі, талантты тұлғалардың мекені екенін атап, оның ішінде композиторлығымен, дара дарынымен елімізге танылған Р.Таймановтың орны бөлек екенін атады. Қазақ даласын әсем сазды әуенмен тербеткен өнер адамына әркез құрмет көрсетілетінін жеткізді. Республикалық байқау соның нақ көрінісі екенін тілге тиек етті. Мұндай үрдіс серпінді Сырдарияда жақсы жолға қойылғанын айтты.
Мұнан соң құрметті меймандар жеңімпаздарды марапаттады. Екі кезеңде де орындаушылық шеберлігін көрсетіп, әуелете ән шырқаған алматылық Азамат Бекбергенов аудан әкімдігінің қолдауымен, аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің ұйымдастыруымен өткен республикалық байқаудың жеңімпазы атанды. Ал ауданнан қатысқан талантты жас әнші Динара Жакешова «Қазақ қызы» номинациясымен марапатталды. Бірінші орынды Нұр-Сұлтан қаласынан келген Ақбота Құснадин және қызылордалық «Адажио» тобы жеңіп алды. Сондай-ақ екінші орынға қарағандылық Ерболта Ұзақбаев ие болса, үшінші орын Батыс Қазақстан облысынан келген Дәурен Ермановқа, павлодарлық Мадина Қабдоллаға және қызылордалық Жазира Қайырбергеноваға бұйырды. Республикалық байқауға қатысқан басқа да жас әншілер диплом және сыйлықпен марапатталды.
– Ауданнан бастау алған байқау бүгін республикалық деңгейде бірінші рет ұйымдастырылды. Мұны туған елімнің маған деген ыстық ықыласы деп қабылдадым. Байқау жоғары дәрежеде ұйымдастырылды. Жас дарындардың өнерге деген құлшыныстары да өте керемет. Сондықтан осындай деңгейдегі байқауды өткізуге атсалысқан аудан басшылығына, мәдениет қызметкерлері мен аудан жұртшылығына шынайы алғысымды білдіремін, – деді композитор Рамазан Тайманов.
Бір күнге созылған республикалық байқау жас әншілердің қатысуымен өткен гала-концертпен қорытындыланды.
Ердос БЕРКІНБАЕВ