Көпшілік көңілінен шыққан қойылым
Мәдениет саласының майталманы Рахия Абдукаримова режиссерлық ететін «Айдарлы халық театры» өз жұмысын 1976 жылы бастаған болатын. Ең алғаш рет Садықбек Адамбековтің бір актілі «Ох, жүрегім» туындысын сахналаған ауыл өнерпаздары содан бері халықтың көзайымына айналып, сахнада өздерінің кәсіби шеберліктерін дәлелдеп келеді. Өткен аптада театр өнерпаздары Оралхан Бөкейдің «Атау кере» шығармасын сахналады.
Айдарлыда ұйымдастырылған іс-шараға аудан әкімі Берік Сәрменбаев пен аудандық мәслихат депутаты Ақтөре Ибрагимұлы арнайы қатысты. Аудан басшысы бастаған меймандарды ауылдық клубтың алдынан «Сұлу-ай» әжелер ансамблі ауылдың алты ауызын айтып қарсы алды. Қазақы киімдерін әсем дауыстары аша түскен әжелердің өнерін жоғары бағалаған аудан әкімі ансамбль мүшелеріне шығармашылық сәттілік тіледі. Әрі қарай ауылдық клуб директоры Анар Қалдыбаева үйірмелер жұмысымен таныстырды.
Қазіргі уақытта клуб үйінде 6 үйірме жұмыс жасайды. Үйірмелерге барлығы 87 өнерпаз қамтылған. Олардың барлығы ауылдың талапты, талантты өрендері. Сонымен қатар, 2021 жылдан клуб үйі жанынан «Сұлу-ай» шығармашылық өнер орталығы арқылы 8 үйірме өз есігін айқара ашқан. Соны қоса есептегенде клуб үйіндегі үйретері мол үйірмелерге 100-ге жуық өнерпаз қатысуда. Аудан әкімі әр үйірменің жұмысымен жіті танысып, оқушылармен пікірлесіп, олардың өнерін тамашалады. Әсіресе, суретшілер үйірмесіндегі таңғажайып туындылар көпшілік көңілінен шықты.
Ал, «Айдарлы халық театры» бұған дейін Ы.Шотбаевтың «Құйынбайдың құдалары», М.Шамқаловтың «Қайын ене мен келін», Т.Ахтановтың «Махаббат мұңы», Ш.Құсайыновтың «Рабиға», Д.Исабековтің «Әпке», О.Бодықовтың «Қарақұм» трагедиясы сияқты қомақты дүниелерді көрермен назарына ұсынған-ды. Ол шығармаларды көрермен қауым ауыл сахнасымен қатар, аудандық, облыстық деңгейдегі мәдениет мекемелерінде көрді. Соның нәтижесінде 1988 жылы Қазақ ССР Мәдениет Министрлігі Коллегиясының шешімімен театр үйірмесіне «Халықтық» атақ берілді. Бүгінде халықтық театр түрлі жанрдағы қойылымдарды қойып келеді. Бұл жолы жиналған қауым «Атау кере» спектаклін тамашалады.
Бар ынталарымен және шеберліктерімен сахнаны сәнге бөлеп, қойылымның мәні мен мазмұнын аша білген ауыл өнерпаздарының еңбегіне көпшілік тәнті болды. Адамзаттық мәселелерді арқау еткен, үлкенге де, кішіге де ой салатын туындыны кітаптан оқыған бөлек, сахнадан тамашалағанның әсері мүлдем басқаша екен. Шығармада жеңіліс пен жеңіс, түңілу мен үміт, қиянат пен қайырым, аярлық пен адамдық, марғаулық пен махаббат арасындағы тартысты күрес, өткен тарих пен бүгінгі нақтылықтың ажырамас аясындағы ұлт тағдыры мен келешегі таразыға тартылады. Сондай-ақ романның кесек-кесек идеяларының түйіні кульминациялық сәтіне жетіп, ширақ та шымыр тарқатылады. Шеберлік құдіреті дегеніміздің құпиясы да осы болса керек!
Қойылымнан соң аудан басшысы «Айдарлы халық театры» өнерпаздарына ризашылығымызды білдіріп, шығармашылық сәттіліктер тілейміз. Бұл қойылымды барлық ауылдарда сахналаса да артық емес. Көрермен ретінде өзіме кейіпкерлердің кәсіби орындау шеберлігі қатты ұнады. Лайым, ауылдың өнері өрістеп, мәдениетінің мерейі арта берсін» деді.
Айта кету керек, Айдарлы сахнасында сахналанған спектакльдің қоюшы режиссері Рахия Абдукаримова болса, суретшісі, музыкалық көркемдеушісі Бақытжан Әлтаев. Ал, рөлдерді Р.Адукаримова, О.Оспан, Н.Кенесары, С.Раушанбеков сомдады.
Гүлжан ЕСЕНБЕК