Жерлестерді жігерлендірген жүлде
Қоғам өмірінің боямасыз көрінісін жарыққа шығаратын театр жанрлары сан алуан екені даусыз. Бекзат өнердің өзіне тән көркемдігі адамға айрықша толғаныс пен әсер сыйлайды. Сахна төрінде ойналатын қойылым қашан да көрерменіне ерекше ой салатыны рас. Бұл ретте, тағылымға толы өнер иелері осы аптада көршілес жатқан Жалағаш ауданында бас қосты. Яғни, берекесі тасыған ауданда ҚР мәдениет қайраткері Тынымбай Мәдиевті еске алуға арналған «Өшпес тұлға жолымен» тақырыбында облыстық халық театрларының байқауы өткізілді. Оған облыстық мәдениет және спорт басқармасының басшысы Руслан Рүстемов қатысты.
Облыстық байқауға 13 халықтық театр ұжымы қатысуға өтінім берген. Оның ішінде, Сырдария ауданынан 2 халықтық театр ұжымы бақ сынады. Екі тәулікке созылған байқау барысында қатысушылар сан түрлі жанрда қойылым көрсетті. Аудандық мәдениет үйі жанынан құрылған халықтық театр өнерпаздары жазушы Сұлтан Раевтың «О, қыздар» драмасын сахналады. Қойылымның режиссері – Әділ Ерғали, суретшісі –Жәнібек Әбіреев екенін айта кетейік. Ал Айдарлы ауылдық мәдениет үйінің жанынан ашылған халықтық театр жазушы Мұхтар Әуезовтің «Еңлік-Кебек» трагедиясын жиналған жұртшылықтың назарына ұсынды. Шығарманың сәтті шығуына Рахия Абдукаримова жауапты болса, суретші Бақытжан Әлтаев сахнаны көркемдеді.
– Жазушы Ғабит Мүсірепов «Театр – хас сұлудың көз жасындай мөлдір өнер» деген екен. Көрермен жүрегінен жол табатын театр жанрлары аса күрделі саналады. Осындай жауапкершілікті сезіне білген біздің өнерпаздарымыз сахнада сәтті ойнап шықты. Театрландырылған көрініс сәтті қойылды. Өз кезегінде «О, қыздар» драмасы мен «Еңлік-Кебек» трагедиясы мәдениет майталмандарының нағыз шеберлігін көрсететін қойылым ретінде ерекшеленді. Осындай мән-мағынасы зор байқауларда бақ сынау арқылы зор тәжірибе жинақтаймыз, – деді аудандық мәдениет үйінің директоры Нұрхан Көшербаев.
Әділ қазылардың шешімі бойынша аудандық мәдениет үйі жанынан құрылған халықтық театр жүлделі ІІ орынды жеңіп алды. Айдарлы ауылдық мәдениет үйінің жанынан ашылған халықтық театр «Алғыс хатқа» ие болды. Жерлестерімізді жоғары табысымен құттықтаймыз!
Б.ОРДАБЕКОВ