Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » » Халықтық атағы бар театр

Халықтық атағы бар театр

Театр – рухани әлем. Біздің ауданда халықтық атағы бар театр екеу. Оның бірі – аудандық мәдениет үйінің жанында болса, екіншісі Айдарлыда. Осылайша Айдарлы басқа елді-мекендерден өнерден оқ бойы озық тұр.Театр – рухани әлем. Біздің ауданда халықтық атағы бар театр екеу. Оның бірі – аудандық мәдениет үйінің жанында болса, екіншісі Айдарлыда. Осылайша Айдарлы басқа елді-мекендерден өнерден оқ бойы озық тұр.
Айдарлыдағы театрдың іргетасы 1976 жылы құрамында 4-5 өнер­пазы бар үйірмеден құрылды. Әуелде шымылдығын С.Адамбековтың бір актілі «Ох жүрегім», Ы.Шотбаевтың «Құйынбайдың құдалары» атты пьесаларымен ашқан бұл үйірме кейін М.Шамқаловтың «Қайын ене мен келін», Т.Ахтановтың «Махаббат мұңы», Ш.Құсайыновтың «Рабиға», Д.Исабековтың «Әпке», О.Бодықовтың «Қара­құм» трагедиясы сияқты қомақты дүниелерді ауыл сахнасымен қатар, аудан, облыс көрермендеріне ұсынды. 1988 жылы Қазақ ССР Мәдениет Министрлігі Коллегиясының шешімімен театр үйірмесіне «халықтық» атақ берілді.
– Театрдың халықтық атақ алуына сол кезде екі азаматтың еңбегі айрықша болды. Олар сол кездегі шаруашылықтың партком хатшысы Төлеген Дүйсебеков пен ауылдық кеңес төрағасы Қалдыбек Айтбайұлы. Бірі үйірме кезінен қолдап, жанашырлық танытса, екіншісі ауылдың талантты жастарына республикаға белгілі өнерпаздардың көңіл аударуына ұйытқы болды. Театр халықтық атақ алғаннан бері 32 жыл бойы сонда режиссермін, – дейді Рахия Әбдікәрімова.
Театрға тұрақты мүшелер тартылып соның нәтижесінде ұжым көптеген табыстарға жетті. Б.Римованың «Абай-Әйгерім» атты пьесасын сахнаға шығарып, Ж.Тұрсынов атындағы жүлде үшін өткізілген халық театры мен драма ұжымдарының облыстық фестивалінде 3-орынға ие болып, облыстық мәдениет басқармасының арнаулы дип-ломымен мадақталды. Ұлы Абайдың 150 жылдығына арнап аудан өнерпаздарымен бірлесе отырып, дайындаған М.Әуезовтің «Абай ақын, Біржан сал» атты музыкалық драмасымен облыс көрермендерінің ықыласына бөленді.
Жыл сайын ауыл сахнасында бір-екі спектакльден қойылады екен. Театр штатында бар болғаны екі-ақ адам. Режиссер және суретші. Спектакльге ауылдың өнерлі жастарын тарту негізінен осы екеуінің мойнында. Дегенмен халықтық театр жыл сайын жақсы жетістіктерге жетіп отырған.
Атап айтқанда, 1996 жылы өткен облыстық байқауда С.Балғабаевтың «Біз де ғашық болғанбыз» пьесасы бойынша басты рөл Зияданы ойнаған театрдың белді мүшесі Л.Торғаева әйел образын жоғары деңгейде бейнеледі. Жоғарғы актерлік шеберлік танытқаны үшін облыстық мәдениет басқармасының дипломымен марапатталса, 1997 жылы М.Әуезовтің 100 жылдығына орай театр ұжымы жазушының «Қаракөз» трагедиясын сахналады. Қазалы қаласында Ж.Тұрсыновты еске алуға орай өткен облыстық фестивальде бұл спектакль жүлделі 1-орынды иеленді. Бір мақалада барлық жетістіктерді қамту мүмкін емес. Отыз жылдан астам халық сүйіспеншілігіне бөленіп келе жатқан театр ауданда белгілі бір өнер ордасы болып қалыптасқаны анық. Сондықтан ауыл сахнагерлерінің белгілі бір кезеңдерде жеткен жетістіктерін айтқан артық болмас.
2009 жылы «Театр көктемі» облыстық байқауына қаты­сып, жерлесіміз С.Асылбекұлының «Рабиғаның махаббаты» атты 2 бөлімді драмасымен қатысып, байқауда Айжан образын сомдаған 10-сынып оқушысы Г.Махмутова «Ең үздік бала образы» атағын жеңіп алды. 2012 жыл ауданда «Қалжан ахун» жылы деп жарияланып, Қалжан ахун Бөлекбайұлының 150 жылдық мерейтойы кең көлемде аталып өтті. Осы ретте Айдарлы халық театры дайындаған «Ізгіліктің нұрын сепкен ұлы баба» атты екі бөлімді тарихи қойылым көрермен көңілінен шықты. Ал, 2018 жылдың 28 мамыр күні Қазақстан Респуб­ликасының мәдениет қызметкерлері күніне орай Айдарлы халық театрының өнерпаздары Қ.Мұхамеджановтың «Өзіме де сол керек» атты комедиясын ауыл тұрғындарының назарына ұсынды. Сондай-ақ халық театрлары мен драма ұжымдарының «Қаламы қарымды Қалтай» тақырыбындағы облыстық байқауында Айдарлы халық театры «Өзіме де сол керек» комедиясын сахналады. Сахнада Кенжегүл рөлін сомдаған театр өнерпазы Рахия Әбдікәрімова Қызылорда облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының «Үздік әйел бейнесі» номи­нациясымен марапатталды.
Биылғы жылы Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай өткен байқауға Иран-Ғайыптың «Мен ішпеген у бар ма?» атты реквиемімен онлайн түрде қатысты. Репертуарында осындай үздік шығармалары бар халықтық ұжым өз көрермендерін тәрбиелік мәні зор тартымды тақырыптармен қуанта берері анық.

Ш.Нұрсейітов




03 қазан 2020 ж. 956 0