Мәслихаттар сайлауы
Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Бесарық ауылында ұлттық мәдени мұра кеңінен таныстырылды

Бесарық ауылында ұлттық мәдени мұра кеңінен таныстырылды

Сырдария ауданының Бесарық ауылында «Ұлттық код және мәдени мұра: сақтау мен жаңғырту стратегиясы» атты материалдық емес мәдени мұраны сақтау және насихаттауға бағытталған аймақтық семинар аясында арнайы мәдени-танымдық шара ұйымдастырылды.

Аталған шараға ЮНЕСКО-ның Материалдық емес мәдени мұраны қорғау жөніндегі Ұлттық комиссиясының мүшелері, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің көркемдік білім беру кафедрасының профессоры, педагогика ғылымдарының кандидаты Жанерке Наурызбайқызы Шайғозова және Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитетінің Жошы Ұлысын зерттеу ғылыми институты Ордадан кейінгі мемлекеттер тарихын зерттеу бөлімінің басшысы, тарих ғылымдарының кандидаты Зүбайра Қабиқызы Сұрағанова, сондай-ақ төрт өңірден келген делегация өкілдері мен семинар қатысушылары қатысты.

Қонақтарға Сырдария ауданының, оның ішінде Бесарық ауылының мәдени тыныс-тіршілігі, ұлттық құндылықтарды сақтау, салт-дәстүрді дәріптеу және төл өнерді жаңғырту бағытында атқарылып жатқан жұмыстар кеңінен таныстырылды.

Атап айтқанда, ауыл тұрғындарының қолөнер бұйымдары, ауыл шаруашылығы өнімдері көрмеге қойылып, шығармашылық үйірмелердің жұмыстары көпшілік назарына ұсынылды. Сонымен қатар, халқымыздың ұрпақ тәрбиесіндегі тағылымы мол азан шақырып ат қою, бесікке салу, тұсау кесу сынды дәстүрлі рәсімдер көрсетілді.

Ұлттық рух пен дәстүр сабақтастығын айшықтаған алтыбақан аясында театрландырылған қойылым қойылып, қыз бен жігіт айтысы, қазақ биі, дәстүрлі ән мен жыр шашу ұйымдастырылды.

Мәдени-танымдық шара барысында қонақтар ауылдың ұлттық болмысымен танысып, аудан көлемінде мәдени мұраны сақтау, насихаттау және келер ұрпаққа жеткізу бағытында жүзеге асырылып жатқан жұмыстарға куә болды.

Бұл басқосу – өңірлер арасындағы мәдени байланысты нығайтып, ұлттық мұрамызды ұлықтауға, салт-дәстүрімізді жаңғыртуға және рухани құндылықтарымызды кеңінен насихаттауға бағытталған маңызды шара.

Ұлттық мұра – ұлттың рухани өзегі, ұрпаққа қалдырар асыл қазынамыз!
15 қараша 2026 ж. 36 0