Театр – өмір айнасы
Театр – тәрбие бесігі. Көрнекті жазушы Ғабит Мүсіреповтің «Театр – хас сұлудың көз жасындай мөлдір өнер» деп баға беруі де тегін болмаса керек. Мәдениет пен руханият әлемін театрсыз елестету әсте мүмкін емес.
Мәдениет пен өнердің, рухани мұраның ордасына айналған Сыр өңіріндегі театр тақырыбын қозғағанда аса бір мақтанышпен айта кететін жайт бар. Қазақтың тұңғыш кәсіби театрының шымылдығы 1926 жылы Қызылорда қаласында түрілген. Онда К.Кемеңгерұлының «Алтын сақинасы» мен М.Әуезовтің «Еңлік-Кебек» пьесасы көрерменге жол тартып, өнерсүйер қауымды көзайым еткен.
Мәдениет және өнер қызметкерлері күні қарсаңында аудандық мәдениет үйі жанынан құрылған халық театры туралы мақала жазуды жөн санадық. Әр қойылымның сахнаға сәтті шығып, халықтан лайықты бағасын алуында ұжым бірлесе жұмыс атқарады. Театрда көрерменге көрінетін тек әртістер болғанымен, сахнаның сыртында қанша адамның еңбегі жатқаны анық. Режиссер, суретшілер, жарық, дыбыс беруші мамандардың жұмысы маңызды рөл атқарады. Аудандық мәдениет үйі жанынан 1985 жылы драма үйірмесі негізінде құрылған театр үнемі ізденіс үстінде болып, шеберліктерін жетілдіріп келеді. Үлкен еңбектің нәтижесінде театр Д.Исабековтің «Әпке» спектаклін Асыл Жамансариевтің режиссерлігімен 1988 жылы қойып, «халықтық» атағын алған.
Осы аралықта өнерпаздар Ш.Құсайыновтың «Есірткен ерке» үш актілі драмасын, Ә.Әбішевтің «Мәди» қойылымын, Қ.Мұхамеджановтың «Өзіме де сол керек», А.Ақпанбетовтың «Түнгі көбелектер» трагикомедиясын, Қ.Мұхамеджановтың «Қуырдақ дайын», «Құдағи келіпті», О.Бодықовтың «Қарақұм трагедиясы», Т.Ахтановтың «Күшік күйеу», Ғ.Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш – Баян сұлу», С.Балғабаевтың «Біз де ғашық болғанбыз» драмаларын сахналап, қалың көрерменге ұсынған болатын. Аудандық мәдениет үйі сахнасында қойылған қойылымдарды талай тамашалап та жүрміз. Олжа Жайлин, Гаухар Сәрсенбаева, Мінаш Ысқақ, Нұрқан Көшербаев сияқты өнерпаз аға-апаларымыздың талантына аудан жұртшылығы тәнті. Кейінгі кезеңде театр әртістерінің қатары көбейіп, жас өнерпаздармен толығып келеді. Бір қызығы, режиссер кейіпкердің мінезін аша алатын, түр-келбеті сәйкес келетін әртісті жан-жақтан іздейді екен.
– «Әдебиет пен өнер ұлы болмаған жерде ұлт та ұлы болмайды» дейді Ғабит Мүсірепов. Сан түрлі өнердің ішінде театр өнері, театр мәдениетінің орны бір төбе. Театр – қиын сала. Олай дейтін себебіміз, әртіс сахнада, көрерменнің көз алдында ойнауы тиіс. Көрерменге түрлі эмоцияны тікелей сезіндіре алуы керек. Сахнада өмір көріністерін драмалық әрекеттер арқылы көз алдыңа келтіретін театр өнері – қоғамдық ой-сананың шарықтау шегі мен адами дүниетанымның жемісі, – дейді аудандық мәдениет үйінің бастығы Н.Көшербаев.
Құрылғалы бері күн, түн демей еңбек етіп, биік белестерді бағындырып жүрген ұжымның жетістіктері де жетерлік. Тек қана аудан, аймақ көлемінде емес, республикалық деңгейдегі байқауларда топ жарып жүрген театр ұжымының бірлігі бекем, тірлігі көркем.
2019 жылы халық театрының жанына жастар театры құрылып, бүгінде өз көрермендерін қалыптастырып үлгергенін де айта кеткеніміз жөн. Ең алғаш шымылдығы С.Раевтың «О, қыздар» драмасымен түрілген жастар театрының режиссері Әділ Ерғалиевпен әңгіме-дүкен құрып, тақырыпты тарқаттық.
– Мәдениет үйінің жанынан құрылған халықтық театрда өнердегі аға-апаларымызбен бірге түрлі рөлдерді ойнау бақыты бізге де бұйырды. Ұзақ жылдық тәжірибелі мамандардан көп нәрсе үйрендік. Кейін осы халықтық театр жанынан жастар театры құрылды. Басшылықтың ұсынуымен құрылған жастар театрының жеке отау тіккеніне үш жыл уақыт болып қалыпты, – дейді жастар театрының режиссері.
Аз уақыт ішінде жастар театры үздік жетістіктерге де жетіп үлгерді. Аудан, облыс көлеміндегі марапаттармен қоса, Батыс Қазақстан облысында өткен аймақтық театрлар арасында өткен байқауда «Ең үздік актерлік ансамбль» номинациясымен марапатталуы жас өнерпаздарға үлкен қанат бітірген.
Бүгінде жастар театрының репертуарында «О, қыздардан» бөлек кинофильм бағытындағы Т.Ахтановтың «Күшік күйеу» комедиясы сахналанған. Қойылым мен фильмді ұштастырып, екі бөлімнен тұратын кинофильмді түсіруге карантин уақыты себеп болған. Халықты жинауға рұқсат болмаған соң, театр ұжымы көрерменді осылай қуантуды жөн санаған. Халықтық театр жанынан құрылған жастар театры «Балалар жылына» орай дәстүр мен жаңашылдықты сабақтастыра отырып, ерекше форматтағы қойылым ұсынуды жоспарлауда. Одан бөлек Ә.Таразидің «Жақсы кісі», Ш.Айтматовтың «Ақ кемесі» негізінде дайындалған қойылым көрерменге жол тартатын болады.
– Театрда ойнау – ұжыммен бір толқында болу. Түрлі рөлдерді сомдауға тура келеді. Әр түрлі образға еніп, өзіңді ғана емес, басқа адамдардың өмірін іштей сезінгендей күй кешесің. Сахнадағы кейіпкерлеріңнің бірінен жеріп, бірінен үлгі аласың. Ең қызығы, осы сезімдерді өзің ғана бастан кешіп қоймай, көрерменге тұшындыра сездіре алуың керек. Рөлге кіру, кейіпкеріңді дәл бере алу оңай шаруа емес. Үлкен дайындықты, маңдай тер мен уақытты талап етеді, – дейді халық театрының беделді әртісі Г.Сәрсенбаева.
Театр – өнерпаздарды бір шаңырақ астына біріктіріп, бір отбасындай жақындастыратын шаңырақ. Қазіргі таңда театр ұжымы мәдениет пен әдебиеттің дамуына өзіндік үлес қосып келеді. Өнерпаздар заман талабына сай, жаңа үлгідегі қойылымдарды сахналауда. Жуырда ғана Қырғыз елінің белгілі жазушысы Сұлтан Раевтың «О, қыздар» драмасы жастар театрының әртістерімен сахналанған болатын. Күнделікті күйбең тіршіліктен бір сәт бой жазып, рухани байлыққа кенелген тұрғындар қойылымдардың тұрақты түрде өтуін тілек еткен еді. Ұзақ жылдан бері көрермен көзайымына айналған халықтық театрдың, енді ғана етек жиып, бой түзеп келе жатқан жастар театрының бағындырар белесі биіктен екеніне күмән жоқ. Болашаққа жоспары мен мақсаттары да айқын. Ендеше мәдениет пен өнерді, әдебиет пен руханиятты ұштастырып жүрген театр ұжымына сәттілік серік болғай деп тілек білдіреміз.
Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ
Пікір 1