Сырдариялық мәдениет майталманы – 70 жаста
Шырынхан Садықов – 46 жыл мәдениет саласында қызмет атқарған, бүгінде бейнетінің зейнетін көріп отырған сала ардагері. Ардагер ауданда Семей полигоны зардаптарын жоюға қатысқан ардагерлер ұйымына жетекшілік етеді. Мәдениет майталманы жақында мерейлі 70 жасқа толды.
Осы орайда, аудан әкімі Берік Сәрменбаев мерейтой иесін қабылдап, ардагерге игі дәстүрмен иығына шапан жауып, құрмет көрсетті.
Кездесуде аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұса Келдібаев мерейтой иесін құттықтап, ізгі тілегін жеткізді.
– Ауданның мәдениет саласында өзіндік орны бар Шырынхан Садықұлы саналы ғұмырын саланың дамуына, орнықты орын алуына атсалысты. Еңбек жолын мамандық алғаннан кейін бастап, көптеген ауылдағы клубқа басшылық жасады. Қай жердің жұмысы ақсап жатса, сонда жіберілді. Өзінің жұмысына деген адалдығымен, еңбексүйгіштігімен, мықты ұйымдастырушылық қабілетімен елді мекендердегі мәдениет ордасын өрге сүйреді. Әсіресе, ауданда алғашқылардың бірі болып, "Оңаша" әзіл сықақ отауы құрылғанда белді мүшесі ретінде көптеген рөлдерді сомдады. Өзі басшылық жасаған ауылдарда осындай әзіл сықақ отауларының ашылуына атсалысты. Мәдениет майталманы өнер иесі ретінде түрлі аспаптарда ойнайды. Отбасының алтын қазығы ретінде ұрпақтары да әке жолын таңдап, бүгінде ауданның мәдениет саласында жемісті еңбек етіп келеді. Ардагерлікке абыроймен жеткен Шырынхан Садықұлы қоғамдық негізде ауданда Семей полигоны зардаптарын жоюға қатысқан ардагерлердің ұйымына жетекшілік етеді. Қай кезде де жұмысында белсенді, ұйымның жұмысын алға сүйреп жүрген азамат. Бүгінде мерейтой иесіне мықты денсаулық, қажымас қайрат, ұзақ өмір тілеймін, – деді аудандық арадгерлер кеңесінің төрағасы Мұса Келдібаев.
Шырынхан Садықұлы – еңбек жолын 1974 жылы аудандық мәдениет үйінің автоклуб меңгерушісі болып бастаған. 1986-2016 жылдары Шаған, Қалжан ахун және А.Тоқмағамбетов ауылдық мәдениет мекемелерінде клуб меңгерушісі, Тереңөзек кенті мәдениет үйінің әдіскері қызметтерін абыроймен атқарды.
Еңбек жолында бірнеше мәрте халықаралық және республикалық байқаулардың лауреаты, «Үздік мәдениет қызметкері» және «Мәдениет майталманы» төсбелгілерімен, Семей полигоны зардаптарын жоюға қатысқан ардагер ретінде медальдармен марапатталды.
Қабылдауда мерейтой иесі Шырынхан Садықұлы аудан әкіміне алғысын білдіріп, бұл көрсетілген құрмет бүкіл ауданның мәдениет саласына көрсетілген құрмет деп қабылдайтынын жеткізді.