Аудан әйелдерінің төрайымы құрмет төрінде
"Сырдария ауданының Құрметті азаматы", "Сырдария ауданының әйелдері" қоғамдық бірлестігінің төрайымы, білім саласының ардагері Жаналиева Ұлмекен Шанайқызы 73 жасқа толды. Осыған орай, аудан әкімі мерейтой иесін қабылдап, ілтипат білдірді.
Арнайы қабылдауда аудан басшысы туған күн иесінің өмір жолына тоқталып өтті.
Ұлмекен Шанайқызының ауданның білім саласының дамуына қосқан үлесі зор. Ауданның экономикалық дамуында да өзіндік қолтаңбасы бар. Бүгінде сол ұзақ жылғы адал, қажырлы еңбегінің жемісін көріп, ардақты ардагер ретінде құрметке бөленуде. Мерейлі ана ретінде де ұрпақтарының қызығын көруде. Ардақты жанды мерейтойымен құттықтап, зор денсаулық тілеймін, – деген аудан әкімі мерекелік «Құттықтау» табыс етіп, сый-құрмет көрсетті.
Қабылдауға қатысқан аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Келдібаев Мұса Алпысбайұлы қызмет жасаған жылдардағы сала ардагерінің еңбекқорлығын, ұқыптылығын, тазалығын тілге тиек етіп мерейтой иесіне ыстық лебіздерін білдіріп, ардагерлер ұйымы атынан құттықтаухат табыс етті.
Өз кезегінде мерейтой иесі арнайы құрмет білдірген жандарға шынайы ризашылығын білдірді. Ауданның бүгінгі жетістіктерімен үнемі хабардар екенін айтып, алдағы уақытта да өркендей беруіне тілектес екенін жеткізді.
Ұлмекен Шанайқызы 1950 жылы 18 қаңтарда Қызылорда облысы, Тереңөзек ауданында туған.
1957 – 1967 ж. №35 И.Тоқтыбаев атындағы мектебінде білім алды.
1970 ж. Қызылорда қаласындағы Н.В.Гоголь атындағы Қызылорда педагогика институтының қазақ тілі және қазақ әдебиеті мұғалімі мамандығы бойынша білім алған.
Еңбек жолын 1967 ж. өзі бітірген мектепте аға пионер вожатыйы болып бастады. 1970-1974 ж. Қызылорда қаласында студент болып, 1974 ж. қайтадан өз мектебіне келіп ұстаздық қызметін жалғастырды, 1976 ж. С.Сейфуллин ауылындағы №137 орта мектебінде бастауыш пәнінің мұғалімі, 1979 ж. Тереңөзек кентіндегі №88 кәсіптік техникалық училищесінде қазақ әдебиеті пәнінің мұғалімі, 1987 ж. №35 И.Тоқтыбаев атындағы мектебінің директоры, 1989-2008 ж. Халық депутаттары поселкелік Советі атқару комитеті председателі, Тереңөзек поселкесінің әкімі, Сырдария аудандық білім бөлімінің бастығы, Сырдария аудандық мұрағаттың директорлығы қызметтерін атқарып, зейнеткерлікке шықты. Поселкелік, аудандық кеңестің депутаты болды.