Ана тілі тұғырында тұрады
Сырдария ауданында ана тілінің мәртебесін көтеру мақсатында маңызы зор іс-шаралар жалғасын табуда. Бұл ретте, Халықаралық «Қазақ тілі қоғамы» қоғамдық бірлестігінің аудандық филиалы, аудандық мәдениет және спорт бөлімі және Тереңөзек кенті мәдениет үйінің бірлесіп ұйымдастыруымен «Тіл – елдігімнің тірегі» тақырыбында танымдық кеш өткізілді.
Тағылымы мол іс-шарада Халықаралық «Қазақ тілі қоғамы» қоғамдық бірлестігінің аудандық филиалының төрағасы Шаһарбек Нұрсейітов 2023 жылдың 5 айында атқарылған жұмыстарға тоқталды.
– Халықаралық «Қазақ тілі қоғамы» қоғамдық бірлестігінің аудандық филиалының жұмысы күннен-күнге жанданып, ана тілінің қолдану аясын кеңейтуге бірнеше жоба жүзеге асырылуда. Қашанда қазақ тілінің мәртебесін биіктету үшін танымы бөлек, тағылымы орасан іс-шаралар өткізуді қолға алудамыз. Бізді әрқашан білім, денсаулық сақтау, аудан әкімдігі, дербес бөлімдер мамандары қолдап отырады. Сонымен бірге «Шаған Жер» ЖШС-нің төрағасы Жеңісбек Сыздықовтың орасан зор демеуін сезініп келеміз. Баспасөзге жазылу науқанында аталған сала өкілдері белсенділік танытады. Мектеп қабырғасынан жастардың ана тілімізді жетік меңгеруіне білікті ұстаздар барын салуда. 2023 жылдың 5 айында қазақ тілінің мемлекеттік мекеме мен кәсіпкерлік нысандарында дұрыс жазылуына қатысты бірқатар рейд өткізілді. Заң аясында жеке кәсіпкерлерге түсіндірме жұмысы жүргізілді. Ерекше айта кетейік, «Зерде» дәріханасы дәрі тұратын сөрелерді қазақ тіліндегі атаулармен жазып қойған. Біз бизнес иесінің тілге деген жанашырлығын анық байқадық, – деді Шаһарбек Нұрсейітов.
«Тілде тұтас ұрпақтың ғасырлық еңбегі бар» дегендей, ғасырлар бойы рухани құндылықтың діңгегі саналатын тіл ешқашан тұғырынан таймауы тиіс. Аталған кеште ән айтылып, би биленді. Сонымен бірге тіл жанашырлары марапатталды.
Б.ОРДАБЕКОВ