Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Мемлекеттік тілдің мәртебесі биік

Мемлекеттік тілдің мәртебесі биік

Аудандық орталық кітапханада «Бастауыш ұйымдардың жұмысын нығайту» тақырыбында халықаралық «Қазақ тілі қоғамы» ҚБ облыстық филиалының семинары өткізілді. Облыстық семинарға аудан әкімінің орынбасары Димаш Байдушев, халықаралық «Қазақ тілі қоғамы» ҚБ облыстық филиалының төрағасы Садуақас Аңсат, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Хайролла Әбенұлы, аудандық «Тіршілік тынысы» газетінің бас редакторы, аудандық мәслихат депутаты Ақтөре Ибрагимұлы, аудандық орталық кітапхана директоры Гүлстан Нұржакиева, бастауыш ұйым төрағалары мен мүшелері, семинар қонақтары мен ардагерлер қатысты.


Семинарды ашқан халықаралық «Қазақ тілі қоғамы» ҚБ облыстық филиалының төрағасы Садуақас Аңсат Тәуелсіздік жылдары ана тілдің мазмұнын кеңейтіп, мерейін асқақтату мақсатында тың жобалардың жүзеге асырылғанын тілге тиек етті. «Тілі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады» деп ұлт көсемі Ахмет Байтұрсынұлы айтқандай, ана тілдің мәртебесін көтеру жолында ілкімді істерге иек артылмақ. Тіл байлығы мен сөйлеу мәдениетінің негізін қалыптастырып, ел азаматтары арасында кеңінен насихаттау маңызды. Халықаралық «Қазақ тілі қоғамы» ҚБ облыстық филиалының бас­ты мақсаты – ана тіліне деген құрметті арттырып, бас­ты байлығымызды сарқылтып алмау екені мәлім.


Аудан әкімінің орынбасары Димаш Байдушев аудан әкімдігі тарапынан тіл төңірегінде атқа­ры­латын жобаларға, ауқымды жұмыстарға қолдау көр­сетілетіндігін жеткізді.


– «Тілі мәңгі жасаған халық өзі де өлмейді» деп жазушы Шыңғыс Айтматов айтқан болатын. Өздеріңізге белгілі қай заманда шешендік өнермен тіл байлығы қатар өмір сүріп келеді. Мемлекеттік деңгейде тіл мәртебесін көтеруге әрбір ұлттың әрбір перзенті күш салуы керек. Сонда ғана ана тіліміз өз құндылығын жоймайды. Жыл басынан бері халықаралық «Қазақ тілі қо­ғамы» ҚБ аудандық филиа­лы­ның жұмысына жан бітіп, мемлекеттік тілдің тұғыры биік болуы үшін жағдай жасалуда. Қордаланған мәселелер ше­шімін тауып келеді. Бірегей жобалардың арқасында тілдің дамуына зор мүмкіндік туады. Олардың ішінде, бастауыш ұйымдардың қызметі орасан. Әрқашан Тәуелсіздік жылнамасында тұғырлы тіліміздің өркендеуіне жол ашуымыз керек, – деді аудан әкімінің орынбасары.

Семинар барысында халықаралық «Қазақ тілі қоғамы» ҚБ аудандық филиалының төрағасы Шаһарбек Нұрсейітов соңғы 5 айда атқарылған жұмыстарды саралап, алдағы міндеттерге тоқталды.


– Бүгінгі семинар кеңесте өзекті мәселелер қаралып отыр. 5 айдан астам уақыттан бері жұмыста бастауыш ұйымдарға арқа сүйегенде ғана әрбір істің алға басатынына көз жеткіздік. Біздің аудандық фил­иал «Достық» үйінде орналасқан. Матариалдық базамыз кеңейіп, қазіргі уақытта жағдайымыз жақсара түсті. Бастауыш ұйымдардың жұмысы білім, медицина, жергілікті мекемелер, ірі серіктестікте жандана түсті. Мәселен, «Шаған-Жер» ЖШС, «Қы­зылдихан» ШҚ, «Құндызды жер» ЖШС тарапынан мемлекеттік тілге жанашырлық көрсетіліп келеді. Аудан әкімдігі мен аудандық мәслихат ана тіліміздің түйткілді мәселелерін шешуде қолдау танытып отырады.


«Тіл болашағы – балабақшадан» дейтін болсақ, биыл аудан бойынша 18 балабақшадан бастауыш ұйым құрылды. Мемлекеттік тілге деген құрметі ерекше ұжымның бірі – Сырдария орман шаруашылығы мемлекеттік мекемесі екенін айта кеткен жөн, – деді Шаһарбек Балтабайұлы.


Келелі басқосуда аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Хайролла Әбенұлы, халықаралық «Қазақ тілі қоғамы» ҚБ Шиелі аудандық филиалының төрағасы Сағындық Сұлтан, Жалағаш аудандық филиалының төрайымы Дина Мейірман ана тілі­міз жайында біршама мәселе көтеріп, өзіндік тәжі­рибесімен бөлісті. Сонымен бірге қазіргі сөйлеу тілінің әдеби нормасына сай ана тіліміздің көсегесін көгертуге шақырды. Мемлекеттік тілді дұрыс қол­данбаған кәсіпкерлік нысандары мен мекемелерге үнемі түсіндірме жұмыстары жүргізілу керектігі бас­ты назарға алынды.


Семинарға жиналғандар бос ұраншылдыққа салынбай, тіл жанашыры екенін іспен дәлелдеу керектігін жеткізді. Балабақшадағы бастауыш ұйым­ның жұмысы туралы №2 «Балдәурен» бала­бақ­шасының әдіскері Аружан Ыбайділдаева айтып берді. Осыған дейін ана тілімізге жанашырлық танытып келе жатқан бірқатар сала мамандары арнайы «Алғыс хатқа» ие болды. Оның ішінде «Шаған-Жер» ЖШС-нің төрағасы Жеңісбек Сыздықов, бастауыш ұйым төрағасы Әлібек Жансейітов, аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы Ердәулет Өтебаев, пошта байланыс торабының жетекші маманы Айдана Төрехенова, аудандық білім бөлімі басшының маманы Жанат Орынбаева, №2 «Балдәурен» балабақшасының бастауыш әдіскері Аружан Ыбайділдаева бар. Семинар жұмысына қатысушыларға аудандық кітапхана ұжымының ұйымдастырған «Қазақ тілі – Тәуелсіздік тірегі» атты кітап көрмесі таныстырылды.


Облыстық семинар аясында Сырдария агро-техникалық колледжде танымдық іс-шара ұйымдас­тырылды. Колледж ұстаздарымен кездесуде ха­лық­аралық «Қазақ тілі қоғамы» ҚБ облыстық филиалының төрағасы Садуақас Аңсат атқарылып жатқан жұмыстарға оң бағасын берді. Ал колледж директоры Дархан Қожахметов мемлекеттік тілге жасалып жатқан қамқорлық пен игілікті істерге тоқталды.

Балтабай ОРДАБЕКОВ
17 шілде 2021 ж. 776 0