Тіл жанашырлары марапатталды

Күзгі егін жинау науқанына кіріскен шаруалармен кездесуде мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру мәселесі айтылды. Бес мыңға жуық халқы бар Шаған ауылында қазақ тіліне деген құрмет ерекше. Мәселен, «Шаған-Жер» ЖШС жанынан құрылған «Қазақ тілі қоғамы» бастауыш ұйымының жұмысы жанданып келеді. Іс-қағаздар құжаттарын ана тілімізде жазу, тағылымға толы іс-шаралар өткізуге көңіл бөлу керектігі басты назарға алынған.
Өз кезегінде меймандар халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы президентінің «Құрмет грамотасын» «Шаған-Жер» ЖШС-нің төрағасы Жеңісбек Сыздықов пен шаруашылықтағы «Қазақ тілі қоғамының» бастауыш ұйымының төрағасы Әлібек Жансейітовке тапсырды. Ұжым алдында мерейін өсірген сала басшыларына шаруашылық төрағасы өз алғысын жеткізді. Сонымен бірге қазақ тілінің қолдану аясын кеңейтуге, барлық жобаны жүзеге асыруға қолдау көрсететіндігін жеткізді.
– Қай кезде де ұлттың басты құндылығы ана тіліміздің тұғырын биік ету үшін барымызды саламыз. Биыл 150 жылдық мерейтойы кеңінен тойланып жатқан ағартушы Ахмет Байтұрсынұлы «Тілі жоғалған ұлттың, өзі де жоғалады» деген болатын. Қамбасы астыққа толы іргелі ұжымның егінді шашпай-төкпей жинап алуына тілекшіміз. Сіздердей қолдаушылардың арқасында зор табысқа жете бермекпіз. Жоғарғы марапат алған басшылық құрамды шын жүректен құттықтаймын, – деді аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Жеңісбек Төрәлиев.
Балтабай Аябекұлы