Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Рейд жүргізілді

Рейд жүргізілді

Кеше Халықаралық «Қазақ тілі қоға­мы» ҚБ Сырдария аудан­дық филиалы мен аудандық мәде­ниет және спорт бөлімінің ұйым­дастыруымен мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту мақсатында Тереңөзек кентінде арнайы рейд өткізілді.

Рейдке Халықаралық «Қазақ тілі қоғамы» ҚБ Сырдария аудандық филиалының төрағасы Шаһарбек Нұрсейітов, аудандық мәдениет және спорт бөлімінің әдіскері Әсел Қошпанова, аудандық кәсіпкерлік, өнер­кәсіп және туризм бөлімінің маманы Бекболат Қапанов, аудандық полиция бөлімінің ЖПҚБ-ның учас­келік полиция инспекторы, полиция-капитаны Қуандық Ережепбаев қатысты.

Рейд барысында жеке кәсіпкерлік нысандары мен мекемелердің атауларын мемлекеттік тілде жазылу талабын сақтау бойынша көпшілікке түсіндірме жұмысы жүргізілді. Мәселен, Тереңөзек кентіндегі сауда орындары, массаж орталығы, асхана желісі, дәріхана, сұлулық салоны секілді кәсіпкерлік ныса­нының жарнамасын қазақ тілінде жазылу қағида­сы­ның негізгі ережесі көрсетілді. Негізінен, Қазақстан Республикасындағы тіл туралы заңының №21 бабы «Деректемелер мен көрнекі ақпарат тілі» бойынша кә­сіпкерлерге біршама ескерту жасалды.

Өз кезегінде рейдтік шолу кезінде жарнамалардың жазылу нормасы көптеген нысанда заңға сәйкес еместігі анықталды. Мерзімді уақыт шеңберінде жарнама мәтіні нормаға сай жазылмаған жағдайда заңды тұлғаға айыппұл салынатындығы қатаң ескертілді.

– Қазақтың көрнекті жазушысы Ғабит Мүсірепов «Ана тілін ұмытқан адам өз халқының өткенінен де, болашағынан да қол үзеді» деген болатын. Біз жыл көлемінде қазақ тілінің мәртебесін көтеру мақ­сатында жүйелі жұмыс жасап келеміз. Күнделікті өмірде қазақ тілінде сөйлейтін аудан халқы көзге түрпідей көрінетін жарнаманың сауатты жазылуын әрбір кәсіпкерден талап етуі тиіс. Әрине, біз рейд жүргізу арқылы бірнеше заң бұзушылықты анықтап, кәсіп иелеріне ескерту жасадық. Тіл тазалығының ұрпақ тәрбиесіндегі алатын орны ерекше. Бола­шағымыздың жақсы болуына өзіндік үлесімізді қосуы­мыз керек. Қазіргі уақытта немқұрайлылық танытуға болмайды. Бұл ретте, арнайы билборд және жарнама тақтайшасын шығаратын жеке кәсіпкермен тілдесіп, бірлесіп жұмыс жасауға шақырдық. Анығын айтқанда, әрбір кәсіпкердің өз бизнесін жүргізуін ерекше қолдаймыз. Тек жарнама орналастырғанда қазақ тілінің ережесін мұқият сақтаса деген тілек бар, – деді Халықаралық «Қазақ тілі қоғамы» ҚБ Сырдария аудандық филиалының төрағасы Шаһарбек Нұрсейітов.

Енді осындай рейд жұмыстары ай сайын жүргізі­летін болады.

Балтабай ОРДАБЕКОВ
28 наурыз 2023 ж. 457 0