Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » » Тіл жанашырлары марапатталды

Тіл жанашырлары марапатталды

Тіл – халық қазынасы, ұлттың жаны. Сондықтан тілдің мә­селесі – ұлттың мәселесі. Мерейін асыратын да, құтын қа­шыратын да өзіміз. Бұл ретте, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы «Өз тілімен сөйлескен, өз тілімен жазған жұрттың ұлттығы еш уақытта адамы құрымай жоғалмайды. Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы – тілі. Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады» деген. Сондықтан ел­діктің тұғыры тілімізде екені айқын.

Мемлекеттік тіл мәртебесін көтеру тұрғы­сында атқарылып жатқан жұмыстар аз емес. Бұған халықаралық «Қазақ тілі қоғамы» қо­ғамдық бірлестігінің қосып жүрген үлесі зор. Қоғамдық ұйым еліміздегі тіл саясатының дұрыс жүзеге асуына айрықша ықпал етуде десек артық айтқандық емес. Осы бірлес­тіктің аудандық филиалы да өлкедегі тіл қолданысының дұрыс болуына жұмыс істеуде.

Жыл қорытындысында халықаралық «Қа­зақ тілі қоғамы» қоғамдық бірлестігінің ау­дандық филиал төрағасы Шаһарбек Нұр­сейітов жиын өткізіп, тіл жанашырларын ма­рапаттады. Жиынға еңбек ардагерлері, кәсіпкерлер мен жастар қатысты.

Алғысөзде аудандық филиал төрағасы ау­данда қоғамдық бірлестікке 3500-ге жуық сырдариялық мүше екенін атады. Жыл бо­йына мемлекеттік тіл мәртебесін көтеру үшін түрлі бағыттағы іс-шаралар ұйымдастырылып, оның барысында ана тілді құрметтеу наси­хат­талғанын айтты. Осы бағыттағы жұмыстар толастамайтынын жеткізіп, тіл тұғырын биік­тетіп жүрген бірқатар сырдариялықты халық­аралық «Қазақ тілі қоғамы» ҚБ-нің облыстық филиал төрағасы Сәдуақас Аңсаттың «Ал­ғы­сымен» марапаттады. Алғысқа ие болған тіл жанашырларының қатарында аудан­дық білім қызметкерлері кәсіподағы коми­тетінің төрағасы А.Есназар, №36 Ә.Тәжі­баев атындағы мектеп-лицей директоры Ү.Жұмабаева, аудандық мал дәрігерлік бе­кеті бастауыш ұйымының төрайымы Ә.Жа­рыл­қасынова мен жергілікті БАҚ өкілі Е.Бер­кінбаев бар.

Жиын барысында аудандық тарихи-өл­кетану музейінің директоры М.Омаров, еңбек ардагерлері М.Елеусінов, Ә.Масилова, кәсіпкер Н.Керейтбаева елдің болашағы жар­қын болуы үшін қазақ тілінің мәртебесі әрқашан тұғырлы болуын айтты. Тілге деген құрмет – халыққа деген құрмет екенін жеткізіп, осы бағыттағы жұмыстарды үйле­стіріп жүрген аудандық филиал төра­ғасына өздерінің алғыстарын жеткізді.

Е.ЖАППАРБЕК
05 қаңтар 2023 ж. 408 0