Талдау қорытындысының нәтижесі қандай?
Аудан әкімі Р.Рүстемовтің төрағалығымен бейнеконференциялық жиналыс өтіп, ауылдық округ әкімдері скайп желісі арқылы байланысқа қосылды. Жиналыста аудан әкімі аппараты мен аудандық экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімі 2019 жылдың 10 айына жүргізген талдау қорытындысымен 23 индикатор бойынша кент және ауылдық округ әкімдерінің қаншалықты адымдары алымды, қадамдары қарымды екені талқыланды.
Ең алдымен аудан басшысы Р.Рүстемов талдау қорытындысына сәйкес 23 индикатордың 10-ы орындалғанын, қалған 13-і орындалмай тұрғанын айтты. Атап айтқанда, бірыңғай жиынтық төлем көрсеткіші бойынша ең төменгі көрсеткішті Ақжарма (25%), Бесарық (31,2%), Қалжан ахун (55,5%), Қоғалыкөл (55,5%), Тереңөзек кенті (70,1%) және Шіркейлі (74%) ауылдық округі көрсетіп тұр. Бұл бойынша кент және ауыл әкімдеріне сұрақ қойылып, нақты тапсырма берілді.
Бейресми жұмыспен қамтылғандарды заңдастыру жұмыстарын Қалжан ахун (66,8%), Шаған (79,2%), Бесарық (80%) ауылдық округтері дұрыс жүргізбеген. Ал 1-6 жас аралығындағы балалардың мектепке дейінгі білім беру ұйымдарымен қамту Жетікөл (65,2%), А.Тоқмағамбетов (64,4%), Іңкәрдария (65,4%) ауылында көңіл көншітпейді. Аталған ауылдардың көрсеткіші облыстық көрсеткіштен де төмен. Айдарлы (12,4%), Бесарық (16,8%), Жетікөл (16,8%), Шаған (19,02%), А.Тоқмағамбетов (20,1%), Ақжарма (20,1%), Қоғалыкөл (23,9%), Іңкәрдария (27,5%), Аманкелді (27,5%) ауылында халықтың спортпен шұғылдануында ілгерілеу жоқ. Бұл тұрғындарды бұқаралық спортқа тарту бағытында ауыл әкімдері қарқынды жұмыс жасау керек дегенді білдіреді. Бюджет қаражатының уақытылы және сапалы игерілуі бойынша Бесарық және Шіркейлі ауылында мәселе бар. Бірақ ауыл әкімдері аталған мәселе жыл аяғына дейін толық шешілетінін айтты.
Талдау қорытындысымен салықтық есептілік нысанын тапсырған салық төлеушілер ішіндегі 0-дік көрсеткішпен тапсырғандар үлесі аудан бойынша 17,8 процентті құрап отыр. Ал облыстық көрсеткіш 31,9 процент. Яғни облысты артқа тартып, жұмыстарды дұрыс үйлестірмеген ауылдар бар. Атап айтқанда, Тереңөзек кентінің 30,7%, Қалжан ахун және Бесарық ауылдарының 20,0% кәсіпкері есептілікті 0-дік көрсеткішпен тапсырған. Ауданда табысы 2,0 млн теңгеден асатын салық төлеушілердің үлесі небәрі 9,8 процентті құрайды. Бұл индикатор бойынша ең жоғарғы үлес Тереңөзек кентіне, ең төменгі көрсеткіш Жетікөл елді мекеніне тиесілі. Жолаушылар тасымалдау қызметімен айналысатын дара кәсіпкерлердің санын көбейту бойынша да Жетікөл елді мекенінде мүлдем жұмыс жүргізілмеген. Бұл жұмыс Айдарлы және Шіркейлі ауылында да төмен деңгейде. Аудан ауылдарындағы тіркелген салық төлеушілердің ішінде бақылау касса машинасын қолданбайтындар да бар. Ең төменгі көрсеткіш Іңкәрдария ауылында болса, Ақжарма, Бесарық, А.Тоқмағамбетов, Аманкелді, Қоғалыкөл, Шіркейлі, Шаған, Жетікөл елді мекенінің де кемшін тұстары бар. Алкогольді ішімдік өнімін сақтау және сату айналымы бойынша лицензия алған тұлғалардың үлесі – аудан бойынша 2,1 процент. Осы ретте Қоғалыкөл ауылында бұл лицензияны алған бірде-бір кәсіпкер жоқ екенін айта кету керек. Әрине, бұл ауылда ішімдік мүлде сатылмайды деген сөз емес. Сондықтан бақылау жұмыстары жүргізіліп, лицензиясыз алкогольді ішімдік өнімін сақтау және сату жұмыстарын жүргізіп жатқан кәсіпкерлер болса, анықтау тапсырылды. Жұмыс жасап тұрған кәсіпкерлік субъектілерінің саны Тереңөзек, Шаған, Шіркейлі ауылдық округтерінде аз. Талдау нәтижесі бойынша кент, ауыл тұрғындарының ішіндегі кәсіпкерлердің үлесі ең аз ауыл Н.Ілиясов ауылы болып табылады. Шаған, Шіркейлі, Қалжан ахун, С.Сейфуллин, Аманкелді, Ақжарма ауылдарында да кәсіпкерлердің үлесі жоғары емес.
Осы және басқа да маңызды мәліметтер айтылып, талдау қорытындысы жария етілген жиналыс барысында аудан әкімі Р.Рүстемов аудан әкімі аппараты мен аудандық экономика және бюджеттік жоспарлау бөліміне талдау жұмыстарын жетілдіруді және тоқсан сайын жүргізіп отыруды тапсырды. Сонымен қатар кент және ауыл әкімдеріне белгіленген функционалдық міндеттеріне сәйкес берілген тапсырмалар тұрақты бақылауда болатынын жеткізді.
А.СЕЙІЛОВ