Қазақтың даналығы қартында
Ел қадірін білген халқымыз ел ішінен шыққан тума дарын шешендерді, ақылгөй қарияларды дәріптеген. Олардан жас ұрпақ өнеге алған. Бабалар сөзі – кешегі өткен қариялардан, ғұлама ойшылдар мен би-шешендерден, ақын-жыраулардан қалған ұлы тәрбие құралы. Ата-бабаларымыздың үні, даналық болжамы, ғибрат сөздері мен пайымдаулары бүгінде халықпен қауышты.
Жастарға ұлттық тәрбие беру мақсатында өткен аптада аудандық мәдениет үйінде облыстық білім басқармасы мен облыстық білім саласы ардагерлері кеңесінің ұйымдастыруымен «Қазақтың даналық, ғибратты сөздері» атты ардагер-ұстаздар арасында облыстық байқау өтті.
Байқау басталмас бұрын орталық алаңда қазақтың салт-дәстүрін, ұлттық құндылықтарды насихаттау мақсатында №35 Иса Тоқтыбаев атындағы мектеп-лицейінің «Әжелер» мектебінің ұйымдастыруымен «Бесікке салу» рәсімі көрсетілді.
Қазақтың ақшаңқан киіз үйінде, ұлттық нақыштармен жабдықталған, көл-көсір дастарханы жайылған жерде, баланы бесікке салу рәсімі жасалды. Бұл дәстүр жастарға өнеге етілді. Осынау рәсімді жасау ауданның Құрметті азаматы, «Ыбырай Алтынсарин» медалінің иегері Анар Ізбасароваға табысталды. Ақ дастархан басында ұлттық киім киген әжелер халық әндерін орындап, шашу шашып, тойдың сәнін келтірді.
Сондай-ақ Тереңөзек кенті клубының қызметкерлері мен ардагер-ұстаз Алтын Нұртаева бастаған ардақты аналар балаға есім қою салтын көпшілікке көрініс ретінде көрсетті.
Аудандық мәдениет үйіндегі байқауды облыстық білім саласы ардагерлер кеңесінің төрағасы Ғалым Бекенов, аудан әкімінің орынбасары Димаш Байдушев ашып, аға буын өкілдеріне сәттілік тіледі.
– Қазақ тарихында сөздің орны ерекше. Бітпес даудың, бәтуасыз шудың кесімі де, шешімі де сөз болған. «Сөзден өткен күш, сөзден өткен құдірет жоқ» дегендей, сөз дәстүрі ғасырлар бойы үзілмеген. Адамзат тарихында түрлі кезеңдерде әр өлке, әр елде өмір сүрген атақты білімпаз, ақылгөй даналар, ғұламалар айтып, жазып қалдырған уақыт елегінен өтіп, ұрпақтар зердесіне ұялаған ұлағатты нақылдар жеткілікті. Бүгінгі облыстық байқауға қатысқалы тұрған ардагер-ұстаздар жастарға ұлттық тәрбие беру мақсатында ғибратты сөздер айтып, даналықтың үлгісін көрсетеді. Сондықтан барлық қатысушыға сәттілік тілеймін, – деді аудан әкімінің орынбасары Д.Байдушев.
Рухани құндылықтарды дәріптеуге арналған байқауға Қызылорда қаласы және 6 ауданнан ардагер-ұстаздар қатысып, өзара бақ сынасты. Байқау шартына сәйкес ел аузындағы тәлім-тәрбиесі мол әңгімелер, даналық сөздер, би-батырлардың, ғұлама ойшылдар мен би-шешендердің, ақын-жыраулардың, сал-серілердің өсиет сөздерін, жыр-термелерін айтып, көрермендердің көңілінен шыға білді.
Байқауға педагогика ғылымдарының кандидаты, қазылар алқасының төрайымы Әлима Әбдіқалықова, білім беру ісінің үздігі, ардагер-ұстаз Камила Әлиакбарова, ҚР Журналистер одағының мүшесі Кенжалы Ерімбетов, ардагер-ұстаз, ақын, сазгер Ділдахан Торғаева, ҚР білім беру ісінің үздігі, ҚР Мәдениет саласының үздігі, «Құрақтың Досжаны» атындағы халықтық ұлт-аспаптар оркестрінің көркемдік жетекшісі Сансызбай Сәдуақасұлы, алқа хатшысы Мадина Әліпбаева қазылық етті.
«Ауылыңда қартың болса, жазылып қойған хатпен тең» демекші, ардагер-ұстаздар бар өнерлерін ортаға салып, халқымыздың ізгі дәстүрін насихаттады. Нәтижесінде, жүлделі бірінші орынды Сырдария ауданының намысын қорғаған ардагер-ұстаз Патыма Құсаинова жеңіп алды. Екінші орынмен Қызылорда қаласынан келген Құрманкүл Сүлейменова, үшінші орынды жалағаштық Байділдә Сәрсенов пен аралдық Жұмагүл Бисенбаева өзара бөлісті. Сондай-ақ Қармақшы ауданының қатысушысы Зарипа Тасымова, Шиелі ауданынан Разия Ысқақова облыстық ардагерлер кеңесінің алғыс хатымен марапатталды.
Қызылордалық Оразбай Қосанов «Үздік бата беру», қазалылық Нәбира Момбек «Үздік ғибратты сөздер», жаңақорғандық Жұмағали Ібішев «Үздік жыр-терме» номинациясымен марапатталды. Барлық жүлдегерге диплом және естелік сыйлық табысталды.
Осылайша, парасат биігінен көрінген ардагер-ұстаздар қазақ халқынан шыққан әділ де шешен ата-бабаларымыздың асыл сөздерін, ізгі қасиетін ардақтап, өнеге тұтып, ана тілді құрметтеп, насихаттады.
«ТТ» ақпарат