Жылдағы дәстүр жалғасын тапты
Темір жолдың арғы бетіне қоныстанып, Бауыржан Момышұлы атын иеленген көше тұрғындары жылдағы дәстүрді жүйелі жалғап, көше болып Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесін тойлады. Жүзден аса адам қатысқан Наурыз мерекесі дүбірлі тойға ұласып, төс қағысып, құшақ түйістірген көршілер арқа-жарқа болысты.
Б.Момышұлы көшесі тұрғындарының ауызбіршілігі жарасып, бірлігі тасыған. Көршілер бір-бірінің қуаныш-тойына ортақтасып, ұдайы байланыстарын үзген емес. Қу тіршіліктің қамы деп көрші көршіні танымайтын жағдай да кездесетін бүгінгі заманда аталған көше тұрғындарының бірлігі көпке үлгі болып келеді.
Биылғы әз Наурызды қарсы алып, ұлттық құндылықты келешек ұрпақ бойына дарытуды әрі көршілер татулығын нығайтуды мақсат еткен думанға 40 шақты үй атсалысқан. Үлкендер жағы ақ бата мен ақыл-кеңесін аямаса, орта буын мен жастар жағы тойдың думанды өтуіне бір үйдің баласындай атсалысып, ұйымдастыру жағын қолға алған. Жасы да, кәрісі де үйлесім мен жарастық тауып, көктем мерекесі қызыққа ұласты.
Әдеттегідей жеті дәмнен тұратын наурыз көже дайындалып, қазан көтерілді. Ас әзірленіп, ақ дастархан кеңінен жайылып, тоқшылық мерекесі тойланды. Одан кейін келген қонақтар ақжарма тілектерін арнап, қатар құрдастар қағытпа қалжыңмен әзілі жарасып жатты. Ас ішіліп болған соң, ауыл ақсақалдары мен қариялары наурыз батасын беріп, көктің молаюын, ақтың көп болуын, елдің амандығы мен ағайынның тыныштығын тіледі.
Думанның екінші бөлімі ұлттық салт-дәстүрлер мен ұлттық ойындарға арналды. Ашық аулада гір көтеру, арқан тарту, күрес сияқты спорттық ойындар ойналды. Бір жағынан ұлттық дәстүр ұлықталып, күнделікті тұрмыстан жырақ қалып бара жатқан ойындар жас ұрпақ санасына бекітілсе, екінші жағынан саламатты өмір салты насихатталды. Көшенің кішкентай тұрғындары өнер сайысында да бақ сынап, ән мен биден сынға түсті. Оза шауып, қатарластарынан алға шыққандар арнайы сыйлықтармен марапатталды. Сондай-ақ көше тұрғындары жылдағы дәстүрге сай ұйымдастырушылардың арнайы «Алғыс хаты» мен номинацияларына ие болып, көңілді тарқасты.
Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ