ҰЛЫС КҮНГІ ҰЛЫ ТОЙ
Жылдағы үрдіске сәйкес Тереңөзек кентіндегі Б.Момышұлы көшесі тұрғындары Ұлыстың ұлы күнін ұлықтап, Наурыз мейрамын атап өтті. Темір жолдың арғы бетінде тұратын тереңөзектіктер айтулы мерекеде бір-бірімен төс қағыстырып, мерекемен құттықтады. Өткен жылға өкпе жоқ екенін айтып, Жаңа жылдың құт-береке әкелуін, ақтың мол болуын тіледі. Айтулы шараға «Нұр Отан» партиясы аудандық филиал төрағасының бірінші орынбасары Е.Жақып, Тереңөзек кентінің әкімі Н.Бисембаев қатысып, көше тұрғындарына мерекелік лебізін жеткізді. Жыл сайын Ұлыс күнін ерекше атап өтетініне тоқталып, тұрғындардың ынтымағы үлгі екенін атап айтты.
«Қош келдің, Әз-Наурыз» мерекелік шарасында өнерлі жастар әннен шашу шашып, көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Үлкендерге құрмет көрсетіліп, жастар мереке көркін қыздырды. «Ардақты ата», «Аяулы әже», «Үлгілі отбасы», «Өнерлі отбасы» секілді номинациялар бойынша көше тұрғындарына кент әкімінің «Алғыс хаты» табыс етілді. Одан кейін қазақы салт-дәстүр дәріптеліп, жас бүлдіршіннің тұсауы кесілді. Артынша, жасөспірімдер қазақша күресіп, көше тұрғындары арқан тартты. Осылайша, Б.Момышұлы көшесінің тұрғындары Наурыз мерекесін ерекше атап өтті.
Е.БЕРКІНБАЕВ