Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Көше болып Наурыз мерекесін тойлады

Көше болып Наурыз мерекесін тойлады

Ұлыстың ұлы күні Наурыз мерекесінің халық тұрмысында маңызы зор. Күн мен түн теңеліп, жаңа күннің бастауы болған мейрамның бір күн ғана емес, ай бойы тойлануы да бекер емес.

Көршімен сыйластық – елдің сыйластығы, көршімен татулық – қоғамның татулығы. «Көрші ақысы – Тәңір ақысы» деген және бар. Пойыз жолдың арғы бетінен орын тепкен Бауыржан Момышұлы атындағы көше тұрғындары татулық пен ынтымақтың жарқын үлгісін көрсетіп, ұлыстың ұлы күнін атап өтті.

Думанды тойға күні бұрын дайындалған көше тұрғындары арнайы бильборд іліп, ауланы да безендіріпті. Бірлігі жарасып, ынтымағы артқан көршілер наурыз мерекесін бірге тойлауды дәстүр еткен.

– Наурыз мерекесі 1988 жылдан бастап қайта тойлана бастады. Сол алғашқы жылдардан Наурыз тойын бір үйдің баласындай болып атап өту біздің көшемізде дәстүрге айналды. Жастар барлығын ұйымдастырып, келіндер қызмет қылады. Бұл да болса ұлттық құндылығымызды, рухани байлығымызды кейінгіге үлгі, мұра етудің бір көрінісі, – деді ауылдың ақылшы анасы Дидар Абдраева.

Қым-қуыт тіршіліктен бір сәт уақыт тауып, керемет іс-шараға атсалысқан көше тұрғындары қазақы дәстүрді жаңғыртты. Мерекеде тұрғындар бір-бірімен төс қағыстырып, жаңа күннің берекелі болуын тілесті. Ұлттық тағамдар дастарханның сәнін келтіріп, салт-дәстүрлерімізге де ден қойылды. Бесікке салу, тұсау кесу сынды жоралғылар жасалып, балалар арасында қазақша күрес, арқан тартыс сияқты ұлттық ойындар ойнатылды. Думанды тойға «Amanat» партиясының Сырдария аудандық филалының консультанты Берік Ахметов пен жергілікті БАҚ қызметкерлері арнайы шақыртылды. Көңілді кештің құрметті қонағы болған айтыскер ақын Мұхаммеджан Мансұров халыққа арнауын арнаса, Бауыржан Үсенов домбырамен ән айтып, тыңдарманның құлақ құрышын қандырды.

«Қош келдің, Әз-Наурыз» мерекелік жиынында көше тұрғындарына кент әкімінің арнайы номинациялары табысталып, жас отбасылар ынталандырылды. «Ардақты ата», «Аяулы әже», «Үлгілі отбасы», «Өнерлі отбасы» деген «Алғыс хатпен» марапатталған жандардың қуанышында шек болмады.

Мерекелік жиын соңында арнайылап Құран оқылып, ауыл ақсақалы Әбілқасым Қауысов бата берді. «Ел іргесі бүтін, жастарымыз аман болсын» деген қария жылдың құтты, берекелі болуын тіледі.
Айта кетейік, даңқты батыр аты бұл көшеге кент әкімінің 1996 жылғы 2 ақпандағы №7 бұйрығымен берілген. Бұрын «Калинин» деп аталған көшенің батыр Бауыржан Момышұлы атын иеленгеніне биыл 26 жыл, батыр тұлғаның туғанына 112 жыл толып отыр.

Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ

29 наурыз 2022 ж. 583 0