Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Бірлігі жарасып, ынтымағы артқан

Бірлігі жарасып, ынтымағы артқан

Наурыз мерекесін көше болып тойлау дәстүрі аудан көлемінде жыл өткен сайын қарқын алып, игі бастаманы қостаушылар қатары артып келеді. Ұлттық дәстүрімізді ұлықтап, жыл бас­тауын көппен бірге атап өтудің маңызы мен тәрбиелік мәні зор.

Биыл игі бастаманы Ғани Мұратбаев көшесінің тұрғындары да қолға алды. Көше тұрғындары бас қосып, ұйымдасып, Наурыз мерекесін атап өтті. 15 шақты шаңырақ қатысқан отырыстың шырайын ақ жаулықты аналар, ақ сақалды аталар, ұлттық киімнің сұлулығын паш еткен көше тұрығындары кіргізді. Жиналған қауымның ішінде көпті көрген, дуалы ауыз ардақты ана Бибімәрия Мұхамедәлиева ақ батасын берсе, Сәкен Сейфуллин ауылдық мешітінің имамы Нұрлан Қошқарбаев арнайы Құран бағыштады.

Жиынды көше тұрғыны Мақсұт Қаратаев жүргізіп, отырыстың қызықты әрі мәнді өтуін қамтамасыз етсе, көше тұрғындарының басын қосып, ұйымдастыру жұмыстарының басы-қасында Құрманбай Күзембаев жүрді. Ән айтылып, би биленіп, ұлттық ойындар на­сихатталған көше тойында тұрғындардың көңілі кө­теріңкі болды.

Үлкендер жағы тілек тілеп, бір-біріне ақжарма пейілін арнаса, балаларға арнап ұлттық ойындардан сайыс ұйымдастырылды. Асық, қол күрес, ләңгі ойындарын Сәбит Үсенов ұтымды ұйымдастырса, Мақсұт ағай Атымтай Жомарттық танытып, оза шап­қандарға ақшалай ұтыс сыйлады.

– Наурыз мерекесі – халқымыздың жыл бастауы деп санайтын мерекесі. Самарқанның көк тасы жібіп, аққа ауыз тигенде жұртшылық қыстан қысылмай шыққандарына шүкіршілік етіп, қыстан қалған етті салып, қазан көтеретін болған. Міне, осындай ұлттық дәстүрді жаңғырту мақсатында біз де көше болып Наурыз тойын тойлауды қолға алдық. Көршілердің татулығы мен таныстығын арттырып, ауызбіршілікке бастайтын жақсы бастама болды. «Алыстағы аға­йыннан жақындағы көршің артық», «Көрші ақысы – Тәңір ақысы» дейтін дана халқымыз көршімен та­тулықтың қоғам татулығының бастауы екенін меңзеген. Биылдан бастап қайта қолға алынған игі бастамамызды жаңғыртып, жыл сайын кең көлемде наурыз мерекесін атап өтуді дәстүрге айналдырамыз, – дейді көше тұрғыны Гүлназ Күзембаева.

А.МҰХАНБЕТҚАЛИ
25 наурыз 2023 ж. 285 0