Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Самарқанның көк тасы жібіген күн

Самарқанның көк тасы жібіген күн

Шуақты көктем мен жаңару мерекесінде ұлт болып ұйысудың жарқын үлгісі қалып­тасқан. Ұлыстың ұлы күнінде Айдарлы ауы­лындағы Мұраб Нұртаза баба көшесінің тұр­­ғындары жаңару мен жаңғыру мерекесін атап өтті. Береке мен бірлігі жарасқан көше тұр­ғындары мейрамда наурыз көжеден дәм татып, қазақы ғұрыппен тойлады.

Негізінен аядай ғана ауылда 1700-ден аса тұрғын тұрады. 305 үй түтін түтетіп отырған елді мекенде әрбір көшенің тұрғындары бір-бірін қонаққа шақырады. Үлкеннің ақ батасымен ашылған думанды той салт-дәстүр мен ұлттық ойындарды ұлықтауға ұласады. Бұрыннан қорасы іргелес, төрт түлігі өрісте қатар жайылған ауыл халқы ескі реніштерін кешіріп, бір-біріне ырыс-береке тілейді. Ұл­ты­мыз­­­дың дархан, кеңпейілді екенін таныт­қан ауыл жұртшылығы ауызбіршіліктің берік болуына үн қосты. Адалдық пен дос­тықты ту еткен жастар үлкенге зор ілти­пат көрсетті. Жаңа түскен жас келіндер қазыналы қарт­тарға сәлем салып, ақ батасын алды.

– «Көктем туа Наурыз келер, күн мен түн теңелер» деген мәтел бар. Ұрпақтан-ұр­пақ­қа жалғасып келе жатқан Наурыз мере­кесін көше тұрғындары ерекше көңіл-күйде қарсы алды. Біздің көше егіз­­­дер көшесі саналады. Құрсағы алтын келіндеріміз осыған дейін 8 егізді дүние­ге әкелген болатын. Өткені мен бүгінді сабақтастырып келе жатқан төл мерекемізде ел-жұрт болып бере­ке­лі дастархан басында бас қостық. Расында, қазіргі бейбіт күнімізге шүкіршілік ете­міз. Біздің кезімізде ұлттық мерекемізді тойлау кенжелеп қалған еді. Кейіннен қайта жаңғырды. Қиындық пен тауқымет­тің артында бір жақ­сылық болары хақ. Ең алдымен саналы ұрпақ тәрбиелеп, ұлттық құн­дылықтармызды дә­ріп­теуді ұғынды­руы­мыз керек. Келер күн­нен тек жақсылық күтіп, әрбір отбасында шаттық пен бақыт орнасын. Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын, – дейді еңбек және тыл ардагері Бегалы Ақжігітов.

Айта кетейік, ынтымағы жарасқан ауыл­дағы егіздер үлкен азамат болып өсіп келеді. Ұлық мерекеде ақ жаулықты аналарымыз қыз-келіншектерге наурыз көженің дайындалуын жан-жақты үйретті. Ұмыт бола бастаған ұлттық тағамдар жасалды. Сонымен бірге ауыл балалары асық ойнап, ләңгі тебуден жарысты. Алыстағы ағайындар туған-туыс­пен қауышты.

***
Әз-Наурыз мерекесін Тереңөзек кентін­дегі Аманкелді Иманов көшесінің тұрғын­дары да тойлаған болатын. Дастархан басына жи­ыл­ған көршілер қауымы тыл ардагері Рахым­жан қажы Бәйменовтің ақ батасын ал­ды.
Жыл бойы қым-қуыт тіршілікке ден қойған жұртшылық қазақы дәстүрді жаңғыртты. Қыз-келіншектер ұлттық тағамдар әзірлеп, көршілерге наурыз көже ұсынды. Дәстүр сабақтастығын жаңғырып ер азаматтар төс қағыстырды. Сонымен бірге қол күре­с ұйым­дастырылып, ұлттық ойындар ұлықталды. Берекелі шаңы­рақта кішкентай сәбидің тұса­уы кесілді.

– Жылдан жылға аман-есен жеткен дүйім жұртты Наурыз мерекесімен құттықтаймын. Жаңа жыл берекелі болсын, әрбір шаңырақ қуанышқа кенеле берсін. Шаруалар жұмысы жемісті, егін бітік шықсын. Қайда барсаңдар да жол болсын. Еліміз тоқ болып, мереке жақсылығымен келсін, – деді  Рахымжан қа­жы Бәйменов.
 Балтабай ОРДАБЕКОВ
22 наурыз 2022 ж. 555 0