Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » » ОБЛЫСТЫҚ ЖАС АҚЫНДАР МҮШӘЙРАСЫ ӨТТІ

ОБЛЫСТЫҚ ЖАС АҚЫНДАР МҮШӘЙРАСЫ ӨТТІ


Ә.Тәжібаев атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасында Қызылорда облыстық ішкі саясат басқармасы және «Медиа-Пресс» қоғамдық қоры Тәуелсіздік мерекесіне орай «Мақтанышым, айбарым, желбіре, көк байрағым!» атты облыстық жас ақындар мүшәйрасын өткізді.
Байқаудың мақсаты - жастардың шығармашылығын арттыру, дарынды жастарға қолдау көрсету және өлең құдіреті арқылы мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру.
Мүшәйраға Қызылорда қаласы мен барлық аудандардан, жоғары және арнаулы орта оқу орындарынан 16-22 жас аралығындағы 23 талапкер қатысты.
Байқау 2 кезеңнен тұрады:
 - бірінші кезең: қазақтың белгілі ақындарының көркемдігі жоғары өлеңдерінен жатқа үзінді оқу;
- екінші кезең: Тәуелсіздікке арнап шығарған өзінің  өлеңін жатқа оқу.
Талапкерлердің өнерін  Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің доценті, филология ғылымдарының кандидаты Шанжархан Бекмағамбетов басқарған қазылар алқасы бағалады.
Байқаудың сарапшылары үміткерлердің өнерін бағалау кезінде талапкерлердің өлеңді таңдау талғамына, өлең-жырларындағы сөз қолданысына, ұйқасына, ой тереңдігіне, көркемдік ерекшелігіне, дауыс мәнеріне және тіл тазалығына, жатқа оқу шеберлігіне, сондай-ақ, сахналық киім мәдениетіне баса назар аударды.
Байқау қорытындысы бойынша Қазалы ауданындағы №98 орта мектептің 10-сынып оқушысы Бекзат Әбдіхан І орынды жеңіп алса, Қорқыт Ата атындағы ҚМУ-дың 3-курс студенті Сұлтанбейбарыс Бақытбек пен «Болашақ» университетінің 4-курс студенті Бекжан Ержігіт ІІ орынды, Арал ауданындағы №60 орта мектептің 11-сынып оқушысы Сәния Жақыпова мен «Қазанғап» атындағы Қызылорда музыкалық колледжінің 4-курс студенті Еркебұлан Қайран ІІІ орынды иеленді.
Ынталандыру сыйлығына Қорқыт Ата атындағы ҚМУ-дың 1-курс студенті Шернияз Жалғасбекұлы, И.Әбдікәрімов атындағы аграрлық-техникалық жоғары колледжінің 2-курс студенті Назгүл Садықова және «Болашақ» колледжінің студенті Данияр Кеңесов ие болды.
Байқау жеңімпаздары басқарманың бағалы сыйлықтарымен, арнайы дипломдар және алғысхаттармен марапатталды.
08 желтоқсан 2017 ж. 1 765 0