АҚЫН РУХАНИ ЖАҢҒЫРУҒА ҮНДЕЙДІ
Облыстық ішкі саясат басқармасы мен «Руханиятты қолдау» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен «Туған жерге тағзым» әлеуметтік жобасы аясында «Тұлғатану» тақырыбында Қорқыт ата атындағы ҚМУ-дың бірінші оқу ғимаратында ақын, журналист Толқын Қабылшамен кездесу өтті.
Жиынға облыстық ішкі саясат басқармасының бөлім басшысы Ернұр Бихожаев пен университет оқытушысы Шанжархан Бекмағанбетов және студент жастар қатысты. Кездесудің басты мақсаты – «Рухани жаңғырудың» негізінде жүзеге асырылып жатқан айрықша маңызды жобаларды насихаттау. Туған жерге іңкәрлік туған елге сүйіспеншілікпен ұласады. Туған жерге қамқорлық туған елге жанашырлықпен астасады. Жалпыұлттық патриотизмнің жарқын үлгісі «Туған жер» бағдарламасы осындай ізгі ниеттер мен шараларды жүйелеп, ортақ игілікке айналдыруды көздейді.
Осы жоба аясында Сыр елі перзенттерінің бірі, облыстық «Qyzylorda» телеарнасының журналист-тележургізушісі, «Шабыт» халықаралық шығармашылық фестивалінің жүлдегері, Халықаралық Жазушылар Одағының мүшесі Толқын Қабылшамен өлеңге, поэзияға, әдебиетке бейімі бар жастардың кездесуінде ұлттық құндылық, туған жерге деген сүйіспеншілікті қалыптастыру, елге, туған жерге қызмет ету, өз елінің мерейін үстем ету мәселелері сөз болды. Сонымен қатар сөзөнерінің аса қастерлі саласы, ақын бойындағы шығармашылық қуат пен шынайы таланттың биік өлшемі, ұлттық әдебиеттегі сезім мен сырға толы поэзия, өлең құдіретінің жарқырап көрінер әсемдік әлемі, қазақ өлеңінің құдыреті, облыстық телеарнадағы «Маржан сөз», «Тіл таным», «Өмір-өлең», тікелей эфирден берілетін «Өмірдің өзі» хабарлары туралы пікір алмасу болды.
Ерасыл ШӘРІБЕК